Дәрігерлік антына адал ару

Әрбір жан өз ісін ыждахаттылықпен атқарса, адамдардың өмір сүру ұзақтығы артып, талпынысы күшейе түсері анық. Бұл әсіресе халық саулығын жақсартумен айналысатын дәрігерлер үшін үлкен жауапкершілік. Кәсіби мерекелері қарсаңында аудандағы антына адал ақхалатты жайлы қалам тербеуді жөн санадым.
Мен Абай облысындағы Семей полигоны жоғары радиациялық ауданда 20 жылдан астам тұрған тұрғынның бірімін. Жоғары оқу орнын бітіріп, дәм-тұз бұйырып, Сыр еліне келсем де, өзім туып-өскен жердің зардабы бойымнан толық жойыла қойған жоқ. Әрдайым денсаулығыма сақтықпен қарап, уақытында ем-дом шараларын алып тұруыма тура келеді. Осы мақсатта ұзақ жылдан бері тұрғылықты жерге қарасты Жетес би емханасынында дәрігерлік есепте тұрамын. Емдеу орнындағы дәрігеріміз Айнұр Жанқожаева өз ісінің маманы.
Аудан орталығындағы Қ.Сәтбаев атындағы №216 мектепті үздік бітірген ол Ақтөбе қаласындағы Мелекеттік медицина университетіне құжат тапсырады. Аталмыш оқу орнын 2001 жылы бітірген жас еңбек жолын Қазалы ауданы теміржол ауруханасының балалар бөлімінен бастайды. 2005 жылы Жетес би дәрігерлік амбулаториясына аймақ дәрігері болып ауысады. 2008 жылдан бері осы мекеменің күндізгі бөлімінде емдеу дәрігері.
Дәрігер адам ағзасының қалыпты жағдайын сақтап, аурудың алдын алу және емдеуде өз дағдылары, білімі мен тәжірибесін қолданады. Сондай-ақ олардың дәрі мен ем тағайындаудан бөлек өзінің қызметіне жүгініп тұрған әрбір емделушінің ішкі әлеміне үңілу екені маңызды. Әлем ғалымдары да бұл жағдайға бірнеше рет зерттеу жұмыстары арқылы көз жеткізген. Яғни кәсіби шеберліктен бөлек науқаспен қарым-қатынасты дұрыс орнату жұмыстың әлдеқайда нәтижелілігін көрсетеді.
Айнұр Жәдігерқызы әрбір емделушіні жауаптылықпен қабылдап, жағдайларына орай көңіл бөледі. Әрбір науқасымен тұрақты қатынас орнатып, үнемі хабарласып, халін бақылап отырады. Осы қағиданы басты ұстанымына айналдырып үлгергенін байқайсың. Адам өміріне араша болатын мамандықты таңдаған барлық адам шексіз мейірімділік пен үлкен жүрекке ие болу қажеттігін ұғынасың.
Алғысқа бөленген ақжелеңді 2015 жылы «жыл дәрігері» атанған. Бұдан өзге де салалық мақтау-марапаттар жеткілікті.
Нағашысы Қызыл Жаңабаев Қазақстанға белігілі реаниматолог. Қазір Ақтөбе қаласында құрметіне бюст орнатқан.
Отбасында жолдасы Абай Әбдразақов екеуі үш бала тәрбиеуде. Қызы анасының жолын қуған. Сондай-ақ ол Астана қаласында дәрігерлер отбасының түтінін түтетіп отыр.
Шәрбат РАХЫМБЕКОВА,
Медицина саласының ардагері