Нидерландыда коалиция ыдырағаннан кейін кезектен тыс сайлау өтеді
Бұл туралы euronews-ке сілтеме жасап хабарлайды.
Фото: pixabay

Нидерланд премьер-министрі Дик Схофтың кабинеті, Еркіндік партиясының (PVV) жетекшісі Герт Вилдерс миграциялық саясатқа байланысты келіспеушіліктер салдарынан өз министрлерін кері шақыртып алғаннан кейін, тарады.
Үкіметтің тарауы мен премьер-министр Дик Схофтың отставкасынан кейін, 29 қазанда Нидерландта жаңа парламент сайлауы өтетіні жұма күні Ішкі істер министрі Юдит Уйтермарктың мәлімдемесімен расталды.
Кезектен тыс сайлау төрт партиядан құралған коалиция құрылғаннан кейін бір жыл өтпей жатып жарияланды. Коалиция ультраоңшыл Еркіндік партиясының (PVV) көшбасшысы Герт Вилдерстің өз министрлерін үкіметтен шығаруы салдарынан тарады.
Схофтың 11 айлық үкіметі Нидерланд тарихындағы ең қысқа мерзімді үкіметтердің бірі ретінде тіркелді.
Вилдерс коалициядағы серіктестерін миграцияны шектеу жөніндегі ұсыныстарына жауап бермеді деп айыптады.
Өткен аптада ол босқындарға баспана беруден бас тартуды және құрлық шекараларын қорғау үшін армияны пайдалануды қоса қамтитын, миграцияны түбегейлі қысқартуға бағытталған 10 тармақтан тұратын жоспарға қол қоюды талап етті. Ол егер миграциялық саясат қатаңдатылмаса, партиясының үкіметтен шығатынын мәлімдеген болатын.
Кризистік кездесу бірнеше минутқа ғана созылып, Вилдерс өз уәдесін орындады, бұл өзге партия лидерлерінің ашуын тудырды. Олар да миграцияны шектеуді қолдағандарын айтты.
Осы аптада Ұлттық сайлау кеңесі 29 қазанда сайлау өткізуді ұсынды. Сайлауды ертерек өткізу қиынға соғар еді, өйткені парламенттік демалыс 4 шілдеде басталып, 1 қыркүйекке дейін жалғасады, одан кейін бірнеше апталық сайлауалды науқан болады.
Бұл бірнеше аптадан кейін Гаагада өтетін НАТО саммиті кезінде Схоф уақытша үкімет басшысы болып қала беретінін білдіреді.
Сыртқы істер министрі Каспар Вельдкамп үкіметтегі саяси дағдарысқа қарамастан, саммитті өткізуді жоспарлап отырғандарын айтты.
Бұған дейін Нидерландыда үкіметтік коалиция таратылып жатқанын жазғанбыз. Артынша Нидерланд премьер-министрі Дик Схоф отставкаға кететінін жариялады.