Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Тосын сұрақ басыңды сотқа сүйрейді

Тосын сұрақ басыңды сотқа сүйрейді

Фото: ашық дереккөзден
Жақын құрбым Гүлжанат жақындарымен жиналуды ұнатпайды. Өйткені олармен жиыла қалса, туыстары "қашан тұрмысқа шығасың" деп тергейді. Мұндай сұрақтардан мезі болған ол қазір оқшауланып өмір сүруге көшкен. Олай етпейін десе, "қашан, қашан?" деген сұрақтар оны тығырыққа әбден тіреген.
Иә, қоғамда менің құрбым секілді қысымға ұшырап жатқан қыздар қаншама?! Шынымен де мұндай жағдайға күніне бірнеше қыз бетпе-бет келеді. Бірі күліп сұрақтан жалтарса, ендігілері бұл сауалға жауап таппай, іштей тұншығып, ашудан булығады. Қыздардың ішкі күйін түсініп жатқан ешкім жоқ. Көбіне жақын жандарымыз бұрыс сұрақ қойдым деп ойламайды. Керісінше, бұнысын жанашырлыққа балайды. Ал шын мәнінде бұл нағыз – буллинг. Қала берді – қылмыс. ендігі біреуге "тұрмысқа қашан шығасың, қашан үйленесің?" деу қашаннан қылмысқа айналды дерсіз. Бірақ біздің қоғам мұндай қысымға жол бермеуді жөн көрмепті. Жуырда осы маңызды мәселе тіпті мінберде талқыға түсті. Сенатта ұсынылған заң жобасы аясында енді біреудің шекарасына өтіп, шектен тыс тосын сұрақтармен тығырыққа тірейтін болсаңыз, сотталуыңыз мүмкін. Тіпті тұрмысқа шығуға мәжбүрлегендер енді ауыр жаза арқалайды, яғни оларды 7 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген. Аталған заң жобасы жыл аяғына дейін қабылданады деп күтілуде.
Тақырып төңірегінде ой өрбітпес бұрын, "бұл заң не үшін керек? деген сауал аясында әлеужеліде сауалнама жүргізген болатынбыз. Желі қолданушыларының заң жобасы жайындағы пікірлері түрліше көрініс тапты. Бірі – мұндай заң бізге ауадай керек, ешкімнің біреудің шекарасына өтіп, жеке өміріне қатысты сұрақтар қоюына құқығы жоқ десе, енді бірі – мұндай қисынсыз заңдар бойдақтар санының күрт өсуіне, демографияның төмендеуіне әсерін тигізеді дейді. Ал енді бірі – керісінше мұндай заң бізге мүлдем керек емес дегенді алға тартады.
Айназ есімді 33 жастағы ару "тұрмысқа қашан шығасың? деген сұрақтан мезі болғанын айтады. Ол мұны жеке кеңістігіңе өту, мәдениетке сай сұрақ емес деп кейіді.
– Қазір қайда бармайын, маған қойылатын бірінші сұрақ осы. Әй, жүре бересің бе? Жасың болса, пәленбайға келді, енді кеш қаласың ғой" деген мазмұндағы сұрақтар мазамды қашыратыны рас. Әбден жауыр болған сұрақ. Былай қарасаң, тұрмысқа шыға салу қазір-ақ. Жігіт те жоқ емес. Бірақ оған моральдық тұрғыда дайын болып келуі керек деп ойлаймын. Сондықтан әр қыз өзі қаламайынша, оны тұрмысқа шығуға мәжбүрлеу орынсыз деп есептеймін. "Қашан" деп сұрақтармен қитықтату – әбестік, – дейді Айназ.
"Маған да бұл тақырып таңсық емес" дейді Әлібек Нұргелді есімді кент тұрғыны. 32 жастағы азамат "Қашан үйленесің" деген сұрақты жақындарынан күнде еститінін айтады.
– Шыны керек, жігіттік жасқа жеткеннен-ақ үйдегілер "келін қашан әкелесің" деп бастады. Басында мән бермейтінмін. Қазір күніге бірнеше рет осыны еститін болдым. Үлкендердің миссиясы – балаларын үйлендіріп, аяқтандыруға асығу екенін түсінсем де, біздің пікірімізбен санаспайтындары көңілге кірбің ұялатады. Кейде ашынып сала бересің. Үйдегілердің айтқанын жанашырлыққа балағанымен, кей алыс жамағайынның тосыннан тап беретіні ұнамайды. Мәжілісте қаралған заң жобасы кей ағайынның аузына қақпақ болатындай. Кейде осындай да заң керек. Ешкім сенің кеңістігіңе қол созбас үшін, шекараңнан өтпес үшін, – деп түйіндеді ойын Әлібек.
Жалпы, кімнен болсын "Қашан тұрмысқа шығасың, неге жігітің жоқ" деп сұраудың өзі ыңғайсыз. Әркімнің өз шекарасы, өз әлемі болады. Ол мәреден асып, оның себебі мен салдарын сұрап, тергеуге алу, екі сағат мораль оқу ол адамға да ұнай қоймайды.
"Аңдамай сөйлеген ауырмай өледі" дейді дана қазақ. Абайсызда айтылған сөзіңіз үшін айып арқалағыңыз келмесе, жақыныңыздың жанын жаралап, "қашан" деген сауалдармен қажытпаңыз. Әйтпесе, зардабы ауыр болуы мүмкін. Сондықтан сұрақ қоярда оны сүзгіден өткізіп, әр сөзімізге сақтықпен қарауды үйренейік, ағайын!

Арайлым ЖҮСІПОВА
03 маусым 2025 ж. 153 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Маусым 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30