Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Мопед мінген осы деп...

Мопед мінген осы деп...

Көктем келіп, жер аяғы кеңігелі көлік қозғалысына қатысты түрлі жан түршігерлік жағдаяттарға куә болып жүрміз. Әсіресе мопед мініп, оқыс оқиғаға тап болыпты дегенді жиі еститін болдық.
Шыны керек, кент көшелерінде де осы қос дөңгелектіні тізгіндегендер қатары көбейген сайын көпшіліктің үрейі үдеп барады. Өйткені желдей жүйткіген жүргізушілер қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтамайды.
Жуырда ғана өзім де осындай жағдайдың тап ортасынан табылдым. Кент орталығының көшелерінің бірінде таксимен келе жатқанмын. Алдымыздан 14-15 шамасындағы мопед мінген бала атып шықты. Құдай оңдағанда таксиді тізгініндегі ағай тежегішті басып үлгерді. «Әкең» деп қысқа ғана қайырып, әлгі баланы жібере салды. Жүргізуішінің сабырлылығы қайран қалдырды. Орнында егер мен болсам, білген боқтық сөзіммен біраз сыбап алар едім дедім ішімнен.
«Өзі де аңдамай қалды-ау» деді жүргізуші бізді жұбатқандай. Абырой болғанда аманбыз. Аяқ-асты, абайсызда болған жағдай болған соң, ол балаға да жаным ашып кетті. Бірақ ашуымды да баса алмай келемін. «Ата-анасы неге осылай жүгенсіз жібереді екен? Сол жерде мопедтің кесірінен майып болсақ қайтер едік» деп мазасыз күй кештім. Терезеге көз тастап, ары қарай өз ойыммен алысып кеттім.
«Әлгінде ана баланың да өмірі көз алдында көлбеңдеген болар. Кейде тым асығыс айтамыз. Оның көшеде осылай көрінгенге соқтығып жүруіне бәлкім біз кінәліміз. Біз дегенде – ата-ана. Егер соны үйдегілер алып бермесе, бір бәледен алыс болар еді ғой дейсің. Бірақ қайсыбір ата-ана бала көңілін қиып еді. Бірақ сол баланың айтқанын барлығын алып беріп, дегенінің бәріне демеу болу кейде орынсыз дерсіз».
Бірін-айтып, біріне кетпейін. Тақырып төңірегіндегі жаңалықтарда жарияланған ресми мәліметтерге бас бұра кетсем.
Былтыр Мәжіліс «Жол жүрісі туралы» заңға және Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске жекелеген көлік түрлерінің жүруін ұйымдастыру және жол қауіпсіздігін цифрландыру мәселелері бойынша заңнамалық түзетулерді бірінші оқылымда мақұлдады. Негізгі заң жобасында шағын электрлі көліктер мен көліктердің жекелеген түрлерінің қозғалысын бақылау ұсынылды. Бұл мопедтерді пайдалануға және қозғалыс ережелерін реттеуге мүмкіндік береді.
Мопед жүргізушілері Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексте көзделген баптарға сәйкес толық жауапқа тартылады. Бұл норма мас күйде мопед қолданған жүргізушілер санын, мопедтердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғалары мен жарақат алуды азайтуға бағытталған.
Сондай-ақ Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекске енгізілген өзгерістер мопед жүргізушілерін толық жол қозғалысына қатысушыларға теңестіруді ұсынылған-ды.
Мопедтерді жүргізу үшін азаматтар уәкілетті органда міндетті тіркеуден өту керектігі айтылған. «А1» санатындағы жүргізуші куәлігін алып қоймай, жыл сайынғы техникалық байқаудан өтуге міндеттелген. Сондай-ақ көлік жүргізушілеріне азаматтық-құқықтық жауапкершілігін міндетті сақтандыруды рәсімдеу жүктелді.
Биылғы жылдың 5 сәуірінен бастап, мопедті тіркеусіз және жүргізуші куәлігінсіз басқаруға тыйым салынды. 16 жастан бастап, А, А-1 санатты, 18 жастан В категориялы жүргізуші құжаты болуы шарт. Бұл өзгерістер ата-аналардың балаларына алаңдаушылығын бәсеңдетеді деп қуанғанымыз рас. Дегенмен қауіпсіздік сақтамай, қатер туғызып жатқандар әлі де азаяр емес.
– Шыны керек, мопед десе мазам қашады. Балам қатарынан қалмасын деп алып бергенмін. Ол мопедін мінді дегенше алаң-елең күйде боламын. Өйткені «мопед мініп мерт болыпты, темір тұлпарға соқтығысыпты, оқыс оқиға орын алыпты» дегенді жиі естимін. Балама: «жай жүргіз, көлік алдынан кесе көлденең өтпе, асықпа, абайла» деп күнде айтып отырамын. Бірақ балалығы басым, кейде айтқаныма құлақ аспай көзімше желмен жарысып жүйіткиді. Ондайда жаным көзіме көрінеді. Кейде көлікті басқаруға уақытша тыйым саламын, – дейді Жанзира есімді ата-ана.
Ресми дерекке сенсек, енді ереже бұзғаны үшін мопед жүргізушлеріне басқа көлік жүргізушілерімен бірдей айыппұл салынады. Айтар болсақ, нөмір алмаған мопед жүргізушілер айыппұл арқалайды. Егер мопед тіркеуде жоқ болып, жүргізілер болса, онда оған 10 АЕК көлемінде, яғни 39 320 теңге айыппұл қарастырылған. Құжат рәсімделгенше, мопед айыппұл тұрағына қойылады. Ал жалған немесе жасанды нөмір орнату – 15 АЕК (58 980 теңге). Көлік жүргізу құқығынан айырылған жүргізушіге мопед басқарғаны үшін 50 АЕК (196 600 теңге) айыппұл салынады немесе 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынады. Көлік жүргізу құқығынан айырылған немесе куәлігі жоқ адамға мопедті басқаруға бергені үшін айыппұл – 50 АЕК. Техбайқаудан өтпей мопед жүргізгені үшін 5 АЕК (19 660 теңге) айыппұл салынады.
Жоғарыда айтылған қарапайым жолда жүру ережелері түйсінген адамға түсінікті. Алайда Әйтеке би кенті көшелерінде құжынаған көліктермен жағаласа жүйіткитін жастардың асығыс әрекеті трагедия туғызып отырғанын жасыра алмаймыз. Өкініштісі, қазіргі таңда жолдағы жағымсыз жайттардың басым бөлігі де осы мопед мінгендерге тиесілі. Құзырлы мекемелер де жол қауіпсіздігін реттеп, сақтық шараларын жүргізіп, көлік тізгіндегендерге түсіндірме жұмыстарын толассыз жүргізуде.
Мопед мінген осы екен деп, ескертулерді елемей, міз қақпай жүргендерге сақтанған адам ғана сан соқпайтынын айтқымыз келеді. Өйткені төтеннен келер апаттың алдын алу – әркімнің өз қолында. Сондықтан жол ережелерін ескеріп жүрген абзал.

Арайлым ЖҮСІПОВА

27 мамыр 2025 ж. 423 0

Мопед мінген осы деп...

27 мамыр 2025 ж. 424

Жаңашылдыққа бетбұрыс

27 мамыр 2025 ж. 112

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Мамыр 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1234
567891011
12131415161718
19202122232425
262728293031