Алаяқтықтан қорғанудың амалы

Былтыр қыста азаматтарды алаяқтық схемалардан қорғау мақсатында елімізде банктер мен микроқаржы ұйымдарынан жаңа несие алудан өз еркімен бас тартуға мүмкіндік беретін «Стоп кредит» мемлекеттік қызметі енгізілді. еGov.kz порталындағы және еGov mobile қосымшасындағы тегін қызметтің көмегімен әрбір қарыз алушы мұндай шектеуді өзі белгілейді. Сондай-ақ пайдаланушы кез келген уақытта несиелер мен қарыздарды алуға белгіленген шектеулерді алып тастай алады. Маңыздысы, егер азамат несие алудан ерікті түрде бас тартуды орнатса, бірақ осы кезеңде оған заңсыз кредит ресімделген болса, онда банк немесе МҚҰ қарыз жөніндегі берешекті есептен шығаруға міндетті. Қазірде 2 млн азамат осы мүмкіндікті пайдаланып, несиелер мен шағын қарыздарды ресімдеуге ерікті тыйым салуды белгілеуге өтінім берген.
Кредит алудан ерікті түрде бас тарту жеке бас деректері алаяқтардың қолына түскен күнде де үлкен қаржылық проблемалардан сақтай алады. Мәселен, азамат жеке куәлігін жоғалтса немесе оның деректері ұрланса, қылмыскер онлайн-өтінімді пайдаланып банкте немесе МҚҰ-да несие ресімдеуі мүмкін. «Стоп кредит» орнатылған болса, жүйе операцияның жолын кесіп, ұйым автоматты түрде кредит ресімдеуден бас тартады. Сол секілді қарызды рұқсатсыз кірген онлайн-банкинг арқылы ресімдейтін фактілер кездеседі. Айталық, алаяқтар фишингтік сайттар немесе ұрланған мәліметтер базасы арқылы сіздің онлайн-банкингіңізге рұқсатсыз кірді делік. Әдетте олар сіздің атыңызға бірнеше рет басу арқылы кредит ресімдей алады. Егер «Стоп кредит» іске қосылып тұрса, рұқсатсыз ашылған аккаунтқа қарамастан қарыз мақұлданбайды.
Бүгінде «жалған банкирлердің» қатысуымен болатын алаяқтық әрекеттен әркім-ақ хабардар. Әдетте олар «банктен» қоңырау шалып тұрғанын, атыңызға әлдекім кредит алуға оқталғанын хабарлап, одан соң ақшаңызды «қауіпсіз шотқа аудару қажеттігіне» иландырмақ болады. Егер «Стоп кредит» қызметі алдын ала қосылған болса, қылмыскер дерегіңізді алғанның өзінде қарыз ресімдей алмайды. Сол сияқты қарыздан ерікті түрде бас тарту «қаржы кеңесшісі» немесе «тиімді бизнес» деген сылтаумен кредит алуға көндіретін досыңызға немесе танысыңызға да сабақ болмақ. Сервис онлайн-кредиттерді беруді автоматты түрде бұғаттайды.
Алайда айла-шарғының небір түрін меңгерген әккі ұрылар бұл жаңашылдықты да өз пайдасына шешуге көшкен. Кезекті рет әзірленген алаяқтық схемасы бойынша банк қызметкерінің атын жамылған адам ықтимал жәбірленушіге қоңырау шалып, қазіргі уақытта оның атына несие алуға өтініш берілгенін ескертеді. Сөйтіп, одан несие ресімдеуге әрекет еткенін растайтынын не растамайтынын сұрайды. Күтпеген сауалдан тосылған азамат әдетте ешқандай өтініш бермегенін айтып, ақталады. Мұндай жауапты алдын ала болжаған айлакер кредит алуға өтінімнің күшін жойғанын хабарлайды. Артынша мұндай жағдайды болдырмау үшін «Стоп кредит» сервисін пайдалануды ұсынады. Ол үшін азаматқа кредиттен ерікті түрде бас тартатын пішінді толтыру қажеттігін айтып, банктің ресми сайтына сілтеме жібереді. Шын мәнінде бұл сілтеме жеке және қаржылық ақпаратты жинау мақсатында құрылған фишингтік сайтқа апарады. Осы сайттағы үлгіні толтыра отырып, тұтынушы алаяқтарға өздерінің дербес деректерін жария етеді.
Сондықтан қаржы мамандары несие беруге өз бетінше тыйым салуды банктердің сайттарында емес, электрондық үкімет порталындағы жеке кабинетте немесе eGov мобильді қосымшасында ғана дербес қоюға болатынын, бейтаныс адамдар нұсқау беріп SMS немесе мессенджерлер арқылы түсініксіз сілтемелерге өтуді ұсынған кезде аса мұқият, сақ болу қажеттігін еске салады.