ҚОЙ ЖҮНІ ДЕ КӘДЕГЕ ЖАРАЙДЫ

Өсімдіктер үшін қажетті барлық қоректік зат қой жүнінде кездеседі екен. Сонымен бірге ол қазбалы отыннан алынған тыңайтқыштарды сәтті алмастыра алады. Осы тақырыпты тереңінен зерттеп жүрген жас Ақарыс Қалымбет қой жүнін пайдаланып, тәжірибе ретінде картоп егіп көрген.
Ақарыс Қазалы қаласындағы Қалжан Нұрмаханов атындағы №95 мектептің түлегі. Қазір Әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің 1 курс студенті. Ғылыми тарих мамандығында оқиды.
– Тыңайтқыш негізі жетекшімнің идеясынан басталған. Интернетте толған тыңайтқыштар туралы зерттей отырып жетекшім қой жүнінен тыңайтқыш жасауды тапқан болатын. Сосын біз неге далада құр қоқыс болып жатқан жүндерді кәдеге асырмасқа деп ойладық. Осылай жобамыз ойлап табылған болатын. Тыңайтқыш еш химиялық қоспасыз табиғи тыңайтқыш. Бұл тыңайтқыш басқа тыңайтқыштарға қарағанда өсімдіктерді тез өсіреді. Оның ішінде өсімдікке керек барлық дәрумендер бар. Бұл тыңайтқышқа арнап біз құрылғыны да қолдан жасағанбыз. Неге құрылғыны жасадық? Себебі жүнді тасуға ыңғайлы болу үшін біз түйіршік түрінде тасымалдауды ұйғардық. Бұл жоспарды тек үй көлемінде ғана жүзеге асырдық. Жуылмаған қой жүнінің құрамында он екі пайызға дейін азот, сонымен қатар салыстырмалы түрде көп мөлшерде калий, күкірт, магний және аздап фосфор болады. Жалпылама айтқанда өсімдіктер үшін маңызды барлық қоректік зат бар.Алдағы уақытта осы жобаны қолға алғым келеді, – дейді ол.
Тірі қойдың терісі ланолин затына байланысты майлы және су өткізбейді. Алайда жердегі жүн – жақсы су қоймасы. Су сіңемін дегенше біраз уақыт кетеді. Себебі топырақ ағзалары алдымен ланолинді тазартуы керек, бұл тыңайтқыштың әсерін ұзақ мерзімге арттырады.
– Зерттеу жұмысы барысында қой жүнін органикалық тыңайтқыштар үшін шикізат ретінде сәтті қолданудағы зерттеулерге ізденіс, талдау жұмысы жасалды. Осылайша, қой жүні қазбалы отыннан алынған тыңайтқыштарды сәтті алмастыра алады. Сондай-ақ қой жүні бағаларының төмендеуін ескере отырып, фермерлер үшін өткізу нарықтарын ашуға мүмкіндік береді. Зерттеу жұмысының тәжірибесін үй жанындағы бақшалық жерге картоп өніміне қой жүнін органикалық тыңайтқыштар ретінде қолдана отырып жасадық. Қосымша гүлге де тәжірибе жасалды. Тәжірибеде оң нәтижеге қол жеткіздік. Қой жүнін органикалық тыңайтқыштарды түйіршік түрінде жасау үшін құрылғы құрастырылды. Құрылғы малға азық дайындайтын құрылғының құрылысына ұқсастырылып жасалынды. Қой жүнінен түйіршіктер түрінде тыңайтқыштарды пайдалану, тасымалдау жеңіл әрі тиімді, – дейді жетекшісі, география пәнінің мұғалімі Назира Сәдуақас.
Істің жүйесін тауып, жүнді пайдаға асыруға бекінген жастың тыңайтқыш жасаудағы тың бастамасы асыраушы саланың асығын алшысынан түсіруге сеп болары сөзсіз. Қой тұқымын мыңғыртып өсіріп, жүнінен ауыл шаруашылығына қажет тыңайтқыш жасап, тоқыма мата өндірісін жолға қоюға, сол арқылы мол табыс табуға қажетті мүмкіндіктің бәрі бар. Алайда ақсап қалған осы саланы көтеруге қаржы қарастырылып, жеткілікті көңіл бөлінсе, тоқырап қалған саланы дамытуға да мүмкіндік ашылар еді.
Айнұр ӘЛИ