Қызылордалықтар соғыс қаһармандарын бір минут үнсіздікпен еске алды
Бүгін Қызылордадағы «Тағзым» алаңында Жеңістің 80 жылдығына арналған салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы облыс әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев аймақ тұрғындарын айрықша мерекемен құттықтады.

— Ұлы Жеңістің 80 жылдығына орай өткен әскери шеруде Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы: «Біз елдік үшін күрескен батыр бабаларды ұлықтаймыз. Отан қорғау жолында опат болған боздақтарға тағзым етеміз» дей келе 500-ге жуық көшеге Қазақстан қаһармандарының есімі берілетінін атап өтті. Осы орайда, ерекше атап өту қажет, оның 146-сы — облыс ардагерлері. Жыл аяғына дейін қаһармандар есімі көшелерге беріледі. Сұрапыл соғыс жеңімпаздарының ерен ерлігін, шексіз батырлығын жадымызда жаңғырту, оларды мәңгі есте сақтау — қасиетті борышымыз, — деді Нұрлыбек Нәлібаев.
Салтанатты шарада сұрапыл соғыс жылдары ерлік көрсеткен қаhармандар құрметіне бір минут үнсіздік жарияланып, ескерткішке гүл шоқтары қойылды.

Рәсімде Парламент Сенатының депутаты Руслан Рүстемұлы құттықтау сөз сөйледі. Қоғам қайраткерлері Нажмадин Түрікпенұлы, Айтбай Көшербайұлы игі тілегін айтып, батасын берді.
Сонымен қатар Жеңісті жақындатуға өлшеусіз үлес қосқан тыл ардагерлері «Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске 80 жыл» мерекелік медалімен марапатталды.

Мерекеге орай облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев Сырдария ауданының Тереңөзек кентінде тұратын Ұлы Отан соғысының ардагері Яхия Тасыровты Жеңістің 80 жылдығымен құттықтап, құрмет көрсетті.