Ардагерлер үйінде партиялық бақылау комиссиясының көшпелі отырысы өтті

Күн тәртібінде «Ардагерлерді ардақтайық» партиялық жобасы аясында ауданда ардагерлерге көрсетіліп жатқан әлеуметтік және медициналық қолдау шаралары туралы қаралды.
Аудан көлемінде қазіргі таңда 9 000-ға жуық ардагер бар болса, олардың 147-сі әлеуметтік-тұрмыстық, медициналық, психологиялық, құқықтық және өзге де көмек түрлерін тұрақты түрде алып келеді. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығы қарсаңында 259 ардагерге бір реттік әлеуметтік көмек тағайындалған. Олардың қатарында майдангер Тілеуберген Тобаберген, тыл еңбеккерлері және басқа да азаматтар бар. Бұл жөнінде аудандық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Совет Бабанаев баяндады.
Ал медициналық қызмет көрсету барысы туралы аудандық көпбейінді орталық аурухананың бас дәрігерінің орынбасары Күншығар Әбілов мәлімдеп, жоспарлы тексерулер мен қажетті медициналық шаралардың жүйелі жүргізіліп жатқанын атап өтті.
Өз кезегінде «AMANAT» партиясы Қызылорда облыстық филиалының төрағасы Алмасбек Есмаханов ардагерлерге деген жанашырлық пен қамқорлық партияның негізгі басым бағыттарының бірі екенін айтты.
– Қай кезеңде болсын ардагерлердің қоғамдағы рөлі ерекше. Олар – ерлік пен батырлықтың жарқын үлгісін көрсеткен, егемендіктің негізін қалаған және өткен мен бүгінді жалғаған буын. Сондықтан ардагерлерге, яғни Сіздерге көрсетілетін мемлекеттік әрі партиялық қолдау жұмыстары жүйелі түрде жалғасатын болады. Ұлы Отан соғысының 80 жылдығымен баршаңызды құттықтаймын. Бірлігіміз бекем, елдігіміз мәңгілік болсын, – деді Алмасбек Әбілқасымұлы.
Мұнан соң филиал төрағасы бірқатар ардагерге құрмет көрсетіп, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мерекесіне орай Алғыс хаттар табыстады.
Қазалы аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Оразғали Бекбанов жиынды қорытындылап, ардагерлерге арналған осындай жүздесулер құрметтің көрінісі екенін атап өтті. «AMANAT» партиясының бастамалары мен қолдауы ардагерлер қауымы үшін үлкен маңызға ие екенін жеткізді.
#AMANAT