Бір жылда қазақстандық сегіз банктің кірісі төмендеген

Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі 2025 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша банктер статистикасын жариялады. Статистикаға сүйенсек, сектордың бір жылдағы жалпы пайдасы 16,6%-ға өсіп, 664 млрд теңге болған. Алайда 21 банктің ішінде сегіз банктің көрсеткіші төмендеген. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Екінші деңгейлі банктер арасында ондыққа кірген үш банктің көрсеткіші былтырға қарағанда төмендеген. Атап айтақ, Jusan Bank өткен жылға қарағанда 5,3 млрд теңгеге аз табыс тапқан, былтырғы табысы 44,6 млрд теңге болса, биыл 39,3 млрд теңге болған. Активтері бойынша жетінші орында тұрған Еуразиялық банктің де табысы төмендеген. Банк былтыр 37,8 млрд теңге пайда көрсе, биылғы көрсеткіші – 16,7 млрд теңге (былтырға қарағанда 21,1 млрд теңгеге аз). Одан кейінгі орында Freedom Bank тұр. Банктің биылғы табысы былтырға қарағанда 19,3 млрд теңгеге азайған.
Өткен жылмен салыстырғанда табысы азайған басқа да банктер: Ситибанк Казахстан (табысы 26 млрд теңгеден 20,4 млрд теңгеге азайған), Altyn Bank (11,6 млрд теңгеден 9,8 млрд теңгеге төмендеген), Шинхан Банк Казахстан (7,7 млрд теңгеден 7,3 млрд теңгеге азайған), Нұрбанк (2,7 млрд теңгеден 1,3 млрд теңгеге дейін төмендеген) және Қазақстан-Зираат халықаралық банкі (табысы 3,8 млрд теңгеден 3,7 млрд теңгеге дейін азайған).
Таза табысы артқан банктер:
Bereke Bank – 13,2 млрд теңге, 29 есе;
"Заман-Банк" ислам банкі – 4,2 млрд теңге, 10,4 есе;
БЦК – 78,5 млрд теңге, 1,9 есе;
"ADCB" ислам банкі – 1,1 млрд теңге, 1,7 есе;
Halyk Bank – 247,1 млрд теңге, 1,5 есе;
ForteBank – 42,3 млрд теңге, 1,4 есе;
Bank RBK – 17,6 млрд теңге, 1,4 есе;
Home Сredit Bank – 9,5 млрд теңге, 1,4 есе;
"ВТБ банкі" – 12,7 млрд теңге, 1,4 есе;
Отбасы банк – 36,5 млрд теңге, 1,2 есе;
"Қазақстандағы Қытай Банкі" ЕБ АҚ – 6,4 млрд теңге, 1,2 есе;
Алматы қаласындағы Қытайдың сауда-өнеркәсіп банкі – 5,5 млрд теңге, 1,2 есе;
Kaspi Bank – 128,3 млрд теңге, 1,1 есе.