ҚЫЗЫЛОРДАДА ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ТЕАТРЛАР ФЕСТИВАЛІНІҢ АШЫЛУЫ ӨТТІ

Салтанатты рәсімде аймақ басшысы Нұрлыбек Нәлібаев құттықтау сөз сөйлеп, мәдениет және руханият саласында атқарылған жұмыстарға тоқталып өтті.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы «Еліміздің рухани дамуы ұлттық рухқа тікелей байланысты. Сол себепті азаматтарымыздың рухы әрқашан биік болуы үшін мәдениетімізге, руханиятымызға баса мән беруіміз қажет», – деген болатын.
Өткен жылы өңірімізде жарияланған «Руханият жылы» аясында барлық 7 ауданда құны 11 млрд. 500 млн. теңге болатын, ішінде неке қию залы, кітапхана, музей, архив, жастар сарайы, ардагерлер мен аналар үйі бар «Руханият орталықтары» салынып, ел игілігіне қызмет етуде. «Анаға тағзым», «Отбасы орталығы», көпфункционалды 1000 орындық «Өнер орталығы» салынып, пайдалануға берілді.
Облыс орталығында «Шығармашылық академиясы», «Саутс Ойл» компаниясының демеушілігімен музыкалық колледждің жаңа ғимараты, тарихи-өлкетану музейі салынуда. Аталған нысандар жақын күндері іске қосылмақ.
Тарихтан белгілі, 1925 жылы Қызылорда қаласында тұңғыш кәсіби ұлт театры ұйымдастырылды. 1926 жылы 13 қаңтарда Мұхтар Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы тұңғыш рет сахналанып, халық өнерпаздарының концертімен театр шымылдығы ашылды.
Сырбойылықтар ұлт театрының іргетасы Қызылордада қаланғанын әрдайым мақтан етеді. Сыр өнерінің қарашаңырағы – Нартай Бекежанов атындағы облыстық қазақ драма театры 1955 жылы Талдықорған қаласында құрылып, 1960 жылы Қызылорда қаласына көшірілді. Театрға 1997 жылы музыкалық, 2019 жылы академиялық мәртебе берілді. Бүгінгі 70 жылдық мереке мен өнер тойы құтты болсын! Егемен еліміздің еңсесі биік, тұғыры нық болғай!» – деді Нұрлыбек Машбекұлы.
Іс-шарада аймақтың мәдениет саласына елеулі үлес қосқан сала мамандары марапатталды. Асанәлі Әшімов жылы лебізін білдіріп, Тұңғышбай Жаманқұлов Қазақстан театр қайраткерлері одағының «Дара» медалін табыстады.
Рәсімде фестиваль қонағы Сәбира Майқанованың кызы Гүлдәр Әбділқызына құрмет көрсетілді.
Сондай-ақ, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, “Құрмет” орденінің иегері,Қызылорда қаласының құрметті азаматы Бақытбек Алпысбаевқа “Парасат” ордені табысталды
Фестиваль 25–30 сәуір аралығында өтеді. Шараға Грузия, Румыния, Қырғызстан мемлекеттерінен келген театр ұжымдарымен қатар, Жезқазған, Семей, Ақтөбе, Атырау, Талдықорған, Қостанай және Алматы облыстарының театрлары қатысады.
Бағдарламада Островский, Шекспир, Маркес, Айтматов сынды әлем және түркі әдебиетінің классиктерінің туындылары, сондай-ақ қазіргі қазақ драматургиясының үздік шығармалары көрерменге ұсынылады. Театрсүйер қауым драма, трагедия, комедия, перформанс және эксперименталды қойылымдарды тамашалай алады.
Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі