Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Нұршашты көктем жыл басы

Нұршашты көктем жыл басы

Дәл осындай тақырыппен №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасында «Ақбота» және «Ақерке» ересек топтарының қатысуымен Ұлыстың ұлы күні тойланды. Балабақша тәрбиешілері Арайлым Бауыржан мен Гүлдана Оразымбетова және Әйгерім Наетованың мерекелік басқосуды ұйымдастырудағы мақсаты – балаларға Наурыз мейрамының мәні мен маңызын түсіндіріп, ұлттық дәстүрлер мен әдет-ғұрыптарды насихаттау. Тәрбиелік мәні зор шара арқылы жас өскіндерді ұжымшылдық пен сыйластыққа тәрбиелеуді көздеді.

Арнайы кеш барысында қазақтың ұлттық киімдерін киген балақайлар көздері қуанышқа толы қалыппен ұлттық нақышта безендірілген зал ортасына айнала орналасты. Қақ төрдегі киелі сахнада түрлі-түсті бояумен әрленген киіз үйдің макеті мағыналы шараның көркін қыздырды.
Салтанатты жиында жүздері бал-бұл жанған бөбектер бағдарлама ретімен табиғаттың жаңаруы, тіршіліктің жандануы, халықтың ырыс-құтқа кенелу кезеңін бейнелейтін «Наурыз көктем» әнін хормен нақышына келтіре шырқады.
Қызықты шара барысында ұйымдастырушылар сәбилерге күн мен түннің теңелуі, табиғаттың жандануы, ауылшаруашылық және бау-бақша жұмыстарының басталуы ұлттық мерекемен тұспа тұс келетіндігін жеткізді.
Ересек топ тәрбиеленушілерін құттықтаған №21 «Алпамыс» бөбекжай-балабақшасының меңгерушісі Жанат Көланова: «Наурыз» сөзі «Жаңа күн» дегенді білдіреді және көктемнің басында тойланады. Бұл мереке күнтізбесі бойынша Жаңа жылдың басталуын білдіреді. «Ескі жыл есірке, жаңа жыл жарылқа» дегендей, барлығыңа бақытты балалық шақ тілеймін. Білікті де, білгір ел азаматы болыңдар» деген ақжарма лебізін білдірді.
Көңілді басқосу кезінде балалар мың бұрала би билеп, әннен шашу шашты. Сонымен бірге ұлттық ойын арқан тартыста кішкентайлар өзара күш сынас­ты.
Шара соңында №21 «Алпамыс» бөбекжай-бала­бақшасының әдіскері Найла Садуақасова жиыл­ғандарға ақ батасын беріп, бүлдіршіндерге алғаусыз алғысын жеткізді.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
23 наурыз 2025 ж. 220 0