Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Жеті шелпек мәдени мұраға ене ме?

Жеті шелпек мәдени мұраға ене ме?

Қаладағы студенттік шақ. Түсіме атам кіріп, анама хабарласқаным сол еді, «бүгін жұма, қамыр ашытып көршілерге жеті шелпек таратып жібер» деді. Содан ауылда қалыптасқан үрдіспен жеті шелпек таратуға бекіндім. Көпқабатты пәтердегі көршілердің есігін қағып ем, көбі ашпады. Үміт үзбей есіктерді қаға бердім. Жасы орта, киімі, пошымы өзгешелеу келіншек есігін ашты. Шелпегімнің бірін ұсынып едім, көзі бақырайып «мен қайыршы емеспін» деп орысшалап айқайға басты. Көңіл түсті. Сонда бұл дәстүріміз де ұмытылып бара жатқаныма деген ойға қалдым.

Қош. Жеті шелпек – қазақ халқының дәстүрлі тағамдарының бірі. Әсілінде бұл тағам ата-бабаларымыздың аруақтарын еске алу, қайырымдылық жасау мақсатында пісіріледі.
Кейінгі кезде бұл үрдіс дінге жат деген пікірлер де айтылып жүр. Бір қызығы жеті шелпек пісіруді мәдени мұралар тізіміне енгізу үшін министрге сұрау салынды.
Жеті шелпек – қазақ халқының сан ғасырлық тарихы бар дәстүрлі тағамы. Бұл тағамның шығу тарихы тереңде жатыр. Қазақтар үшін «жеті» саны ерекше маңызға ие. Қарым-қатынаста, салт-дәстүрде және діни рәсімдерде жеті саны киелі саналады. Мәселен, көрісу күні, бата беру, құда түсу секілді дәстүрлерде жеті санының мәні өте зор. Осы себепті, жеті шелпек пісіру де өзіне тән ритуалды сипатқа ие.
Шелпектердің санының жеті болуымен, олар қазақ халқында ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан дәстүрдің, ата-баба рухының тіршілігі мен олардың ұрпақтарына деген тілектері мен батасы ретінде қабылданады. Әр шелпек бір тілек немесе бір ізгі ойды білдіреді. Жақында «ДЕМОС» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Тұрарбек Құсайынов және бір топ қоғам белсенділері ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұралар тізіміне «Жеті шелпек пісіру дәстүрін» енгізу туралы ұсыныс жасады.
«Еліміздің Мәдениет және ақпарат министріне бағытталған ұсынысты назарларыңызға қаз-қалпында ұсынып отырмыз. Қазақстанның мәдени мұрасын сақтау және оны халықаралық деңгейде насихаттау мақсатында, біз, бір топ қоғам белсенділері, «Жеті шелпек пісіру және тарату дәстүрін» ЮНЕСКО-ның материалдық емес мәдени мұралар тізіміне енгізуді ұсынамыз. Бурабайда өтетін 4-ші Ұлттық құрылтайда осы өзекті мәселені көтеруіңізді сұраймыз. Құрылтай мүшелерінің қолдауымен бұл бастама мемлекет деңгейінде мойындалып, Қазақстан тарапынан ЮНЕСКО-ға ресми ұсыныс жасалады деп сенеміз» делінген ұсыныста.
Иә, жеті шелпек – қазақ халқында ежелден қалыптасқан рухани, ұлттық және мәдени дәстүр. Қазақтар бұл дәстүрді ислам діні келмей тұрып-ақ көне түркі дәуірінен бері атқарған. Ежелгі түркілер нанды ата-баба рухына бағыштау үшін нанды қасиетті санаған.
Қазіргі таңда бұл дәстүр дұға оқу мен қайырымдылық жасаудың маңызды бір бөлшегіне айналды. Қазақтың нанға деген ерекше құрметі шелпек тек тағам емес, ата-баба рухына деген құрмет пен алғыстың белгісі ретінде қарастырылады. Қайырымдылық пен рухани сабақтастық та осында жатыр.
Бұл тағам тек жанұяда ғана емес, көршілерге, жетім-жесірлерге, мұқтаж жандарға таратылып, қоғамдық байланысты нығайтады. Жеті санының символикасы:
Түркі халықтарында жеті саны қасиетті саналып, өмірдің негізгі циклдерін білдіреді.
Жеті шелпек осы идеямен тығыз байланысты.
Бұл дәстүр Қазақстанда ғана емес, Орта Азияның басқа халықтарында да (қырғыз, өзбек, татар, башқұрт) сақталған. Бірақ қазақ халқында оның ерекше қалыптасқан рәсімі мен символикалық мағынасы бар. Жасыратыны жоқ, қазіргі урбанизация дәуірінде көптеген ұлттық дәстүрлер ұмытылып барады. «Жеті шелпек» сияқты ұлттық мәдени салт-дәстүріміз бен мұраларды халықаралық деңгейде мойындау оның сақталып-зерттелуіне және келесі ұрпаққа мұра боп қалуына зор ықпал етеді.
Ал сіз Құда түсу кезінде жастардың ата-аналары мен туыстары бір-біріне жеті шелпек таратып, сол арқылы жақындық пен ынтымақ, қуаныш тілейтінін естіп па едіңіз? Бұл сонымен қатар екі отбасының жақын араласуына, бір-бірін сыйлап, құрметтеуге деген дайындықтың белгісі екен.
Қазақ халқында жеті шелпектің пісірілуі мен таратылуының маңызды салттары бар. Мысалы, жаңа туған балаға, ұзатылып жатқан қызға, жас келінге немесе қуанышқа толы басқа да рәсімдерге байланысты жеті шелпек пісіріліп, ең жақын туыс­тар мен қауымға ұсынылады. Бұл тағамның көбі халықтық дәстүрде бата беру, амандық тілесумен тығыз байланысты. Жеті шелпек пісіру мәдени мұраға енгенін ұсынып жатыр. Ал сіз қалай ойлайсыз, көзі қарақты оқырман?

Айнұр ӘЛИ
23 наурыз 2025 ж. 202 0