Қырғызстанда жасырын босануға рұқсат берілмекші
Ел парламентінде жасырын босануды заңдастыратын заңнамаға түзетулер енгізілді, деп хабарлайды Kazinform.

Тиісті заң жобасы қоғамдық талқылауға шығарылды.
Қолданыстағы заңнаманың тетіктері қиын өмірлік жағдайға тап болған, бала тәрбиелегісі келмейтін немесе тәрбиелей алмайтын жүкті әйелдер үшін тиімді емес екені атап өтілді.
– Қырғыз Республикасының заңнамасы жүкті әйелдер перзентханаға босануға барғанда жеке басының деректерін көрсетуді талап етеді. Аты-жөнін жасырғысы келетін кейбір әйелдер денсаулық сақтау ұйымдарынан тыс жерде босанып, өз денсаулығы мен баланың өміріне айтарлықтай қауіп төндіреді, – деп түсіндіреді бастамашы.
Заң жобасына «жасырын босану» атты жаңа термин енгізілді. Болашақта жүкті әйелдер мемлекеттік медициналық ұйымдардарға барып, құжат көрсетпей-ақ көмекке жүгіне алады. Ана мен баланың денсаулығына қауіп төнбеуі үшін, бала қауіпсіз ортада дүниеге келуі үшін медициналық орталық анонимдік және құпиялылық шарттарда бүркеншік ат пен кодтық сөзді бере отырып, дербес деректерді сәйкестендіретін болады.
Статистикалық мәліметтерге сәйкес, 2020 жыл мен 2025 жылдың ақпан айы аралығында жаңа туған нәрестені тастап кету бойынша ақпараттық журналға 101 қылмыс тіркелген.
Оның ішінде:
ананың баладан бас тартуы немесе босанғаннан кейін перзентханадан қашып кету жағдайы – 6;
тастанды бала – 76;
өлі күйінде табылған сәбилердің мүрдесі (саябаққа қалдыру, қоқысқа тастау, қоқыс жәшігіне салып кету) – 19.
Жасырын босануға рұқсат беретін институт құру арқылы бала мен ана өмірін, денсаулығын сақтау көзделеді. Сәбидің қауіпсіз ортада дүниеге келуіне жағдай жасалмақ. Аты-жөнін жария қылғысы келмейтін ана үшін дербес дерегін жасыра отырып, қажетті медициналық көмек алуына мүмкіндік беру қарастырылған.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қырғызстан мемлекеттік тіркеусіз діни некеге тыйым салмақшы екенін жазған болатынбыз.