Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Құдайдың берген мінезін, құлыптап ұстап ішіне

Құдайдың берген мінезін, құлыптап ұстап ішіне

Бүгінде ол өнерді өзінен, өмірінен бөліп қарамайды. Екеуі бірге астасып, нәзік иіріммен қатар үндестікте бір-біріне ілесіп келеді. Саф дүниенің тілмен айтып жеткісіз тазалығы мен алысқа шомдырар тереңдігі де осы шығар.
Ізденіс, талпыс, табандылық. Осы үш ұғым кейіпкеріміздің өмір сүру кредосы болып өрбіген. Бүгінгі мақала талай бейнені көрерменімен табыстырған артист, Қазалының перзенті, қазақ өнерінің өрістеуіне өзіндік үлесін қосып жүрген жан Шынар Қуатбаева туралы.

«Мен әңгімеге жоқпын. Одан ән айтқан оңай» болды алғашқы сөзі. Екеумізге ортақ тақырыптар қозғалып, біраздан соң сырлы сұхбаттың тиегі ағытылды. Қазақтың «бетегеден биік, жусаннан аласа» дейтін теңеуі бар емес пе, дәл сондай, кеуде соқпайтын, қарапайым қалпынан таймаған ұстанымды анық аңғардық. Әйтпесе, әр рөлі бір мақалаға арқау болатынын өзі де білмейді емес.
Арудың өмірлік таңдауға бетбұрысы да қызық болыпты. Аядай ауылда өскен арманшыл қыз алғашында мектепте математика пәні мұғалімі болуды қалапты. Ол дүниеге келген Қожабақы елді мекені жұртышылық Аранды қыр атайтын биік қырдың етегін жағалай қонған құтты қоныс. Құтты деуіміздің өз себебі бар. Ғалым, ақын-жазушы, композитор, суретші, мүсінші дейсіз бе, таланттарға ешқашан кенде келмеген топырақ. Алайда Шынарға дейін де, кейін де актерлік жолды таңдағандар болмапты. Сондықтан өзі ешқашан көрмеген театр тарланы болуға ұмтылыстың бала кезде болмауы түсінікті жағдай еді. Дегенмен өзі кездейсоқтыққа баламайды.
«Есімде қалғаны, биші Шара Жиенқұлова, әнші Роза Бағланова апамыздың суретін үшбұрыштап қиып, тұмар қылып, мойныма тағып жүретінмін. Шамасы, ұқсауға тырыссам керек. Өнерге деген махаббатым сол кезден бастау алыпты. Біздің жерде ән айтатындар көп. Мен де оны жастайымнан серік еттім. Қоңыр домбырамды қолға алып, әуелеткенімде, әкемнің кеудесін мақтаныш кернейтін. Қазір ойлап отырсам, менің жолым сол әкемнің арманымен астасса керек», – деді қысқа.

Әкесі талапкер қызын оқуға алып келгенде, университет маңында жаңадан ашылған өнер факультетіне шығармашылық қабылдау емтиханы жүріп жатқан кез екен. Сол жердегі жігіттердің бірінің домбырасын сұрап алып, әндетіп отырған талдырмаш қыз сынақ қабылдаушылардың бірінің назарына ілінеді. Таза, табиғи, кең тынысты дауысты естіген оқытушы өзін сынап көруге ұсыныс білдіргенде, Шынар қарсылық танытады. Ал әкесі Мұрат: «Менің қызымның даусы, шынымен, керемет! Ән айтқанда алты қырдан асады», – дейді. Педагогикалық факультеттерге емтихан уақыты әлі ұзақтығын, егер түсе алмаса, өзі таңдаған мамандыққа құжат тапсыратынын айтып, әкесі бақ сынап көруге көндіреді. Шынар сыннан мүдірмей өтіп, сол 1997 жылы Түркістан қаласындағы Қ.А.Ясауи атындағы Халықарлық қазақ-түрік университетінің өнер факультетіне оқуға қабылданады.
«Жақсы ұстаз – жарты бақыт» деген сөзді Шынар Мұратқызы естен шығармайды.
Корифей Райымбек Сейтметов бастаған Кәрімбек Сейтметов, Айткүл Сейтметова, талантты композитор Арман Дүйсенов сынды қазақ өнеріне сүбелі үлес қосқан шебер өнер майталмандарына шәкірт болу бақыты бұйырды.
2001 жылы аталған оқу орнын «драма және кино актері» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Қолына диплом алған жас маманның алғашқы еңбек жолы 2002 жылы Түркістан сазды драма театрында басталады. Осы жерде 2007 жылға дейін «вокал әртісі» болып қызмет атқарады. Театр құрамында жүріп, өзінің өнер жолында бірнеше қала, облыс, республика көлемінде өткен байқауларға қатысып, жүлделі орындарға ие болады.
2010 жылдан «Шымкент әзіл сықақ және сатира театрында» актриса қызметін атқарып келеді.
Алғашқы кезде драмалық бағыттағы рольдерді ойнау қиынға соққанын жасырмайды. Әр жанрдың өзіндік талабы бар.
«Тапсырылған рөлді алып шығу – үлкен жауапкершілік. Дебюттік рөлге қалай дайындалғаным әлі есімде. Өмірге жаңадан келгендей күй кештім. Алған білімім, жиған тәжірибемді көрсетуде көп тер төгуіме тура келді», – дейді жанарына күлкі үйіріліп. Әріптестері аз уақытта жігерлігі мен еңбекқорлығының арқасында сатира театрының қыр-сырын меңгеріп, тәжірибе жинақтап, алғашқы рольдерінің өзін өз деңгейінде ойнап шыққанын айтады. Олар балаларға арналған Е.Қалшабековтің «Ормандағы жаңа жыл» ертеңгілігіндегі тауық, Т.Ахтановтың «Күшік күйеу» комедиясындағы Гүлжамалдың образдары еді.
Мұнан кейін Б.Мұқайдың «Сергелдең болған серілер» комедиясындағы Айжан, Қ.Жүнісовтің «Ғашықтар хикаясындағы» Қымбат, М.Әуезовтің «Айман-Шол­панындағы» Айман, С.Алтаевтың «Абайламайсыз ба, Аяз ата!» ертеңгілігінде Мұз ханшайымына жалғасады. Театрдың күретамырына өн беретін драматург шығармасы мен режиссура десек, ең үлкен міндет актерлік құрамға жүктеледі. Шығармалардың әртүрлі атаумен бөлінетіні болмаса, әр содаған кейіпкері Шынардың көкейінде көлкіп тұр. Сомдауы тиіс бейнелер оған жарыққа ұмтыған жанталас, жаратылысытың өзі сияқты көрінеді. Кейіпкерімен бірге қуанып, бірге мұңаяды. Құнды дүние тудыруға деген ұмтылысы қанында тулап, жүрегінде өмір сүріп, әсемдікке әуес әйел әлемімен астасқан ағымға бет алады. Әр жылдары сомдаған Шоқбике, ана, Рушана, Клариче, Багира, Балапан Раева, Жымиған, Елена Зубрицкая, Зура, Елена, Виктория сынды бір-біріне ұқсамайтын, жан-жақтылықты қажет ететін рөлдердің әрбірі – толымды табысы.
Құдайдың берген мінезін,
Құлыптап ұстап ішіне.
Өшіру керек ол өзін,
Өзге адам болу үшін де.
Бірақ та жұрттың көбісі
Қара тер болып жүр босқа,
Бір басқа адам әртісі,
Актер адам бір басқа, – деген Қадыр ақынның өлең жолдары төккен тер, жиған өнегесін көз алдына оралтады.
«Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театры» Түркістан облысында орналасқанымен, елміздің барлық өңірінде, алыс-жақын шет елдерде тұрақты көрермені бар өнер шаңырағы. Белгілі сатирашы, артист Уәлибек Әбдірайым негізін қалаған ұжым Қазақстандағы алғашқы және әзірге жалғыз әзіл сықақ және сатиралық театры.
«Шынар Қуатбаева – актерлікпен бірге қазақтың дәстүрлі, эстрадалық әндерін нақышына келтіріп орындайды. Қала көлемінде өтіп жатқан мерекелік іс-шараларға белсене қатысады. Ұжым мүшелері арасында сыйлы», – дейді театр директоры Бақдәулет Әмірқұлов әріптесі туралы.
Әсерлі әңгіме арасында өнер иесінің «Ән – менің сыңарым» дегені бар. Қоржынында халық әні, халық композиторларының шығармалары, жер­гілікті композиторлардың, авторлық әндер де бар. Әсіресе бабалардан жеткен құнды дүниелердің қаймағын бұзбай, құнарлы етіп орындағанда, екеуі тұтас ұғымға айналып кетеді. Орындаушысын тапқан өнер қырланған гауһартас сынды жарқырай түседі. Келешекте қатарын терме-толғаулармен толықтырсам дейді.
Тақырып қаузалғанда, Дулат Исабековтің «Алтын тордағы тотысы» еріксіз ойға орала береді. «Көк тұман» туғызатын көп күмән отбасында қалай шешімін тапқанын сұрадық.
«Отбасы мен өнерді алып жүру – қиын жол. Қыз балалар үшін ерлікке тән. Өзімді сол жолда жүріп келе жатқан жанның бірімін деп айта аламын. Ондайда жұбайларының қолдауы маңызды. Оңтүстікке келінмін. Жолдасым Дәулетхан Орынбеков те өнер адамы болуы – менің бақытым. Бірге жұмыс істейміз. Бүгінде ол Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрында дыбыс режиссері қызметін атқарады. Аллаға шүкір, бес балаға ата-ана болып отырған жағдаймыз бар», – дейді.
«Жұмбақ шал», «Әншімін деме» фильмі, «Батыр бала», «Бақытты балалық шақ» фильмі, қысқа метражды фильмдері сатиралық пландағы актриса деп емес, жан-жақты қырының ашылуына көмектескен. Бүгінгі кино мен театрдың беталысына сүйсінеді.
Шығармашылық өсу даму, ізденумен өрбиді. Алдағы жосапарларымен бөлісуді жөн санадық.
«Спектакль, жоба, киноларда жұмыс істеп жатырмыз. Сахнада жүргеніме аз уақыт болған жоқ. Сол кезеңде жиған дүниелерімді жұртшылықпен бөлісіп, жеке шығармашылық кеш өткізуді ­жоспарлап отырмын. Оған алғышарт та жасалып қойды. «Ел іші – өнер кеніші» дейді халық. Алла қаласа, өзім түлеген қасиетті Қазалыда, сол жердегі талантты балалармен сахнада бірге өнер көрсетуді мақсат тұтып отырмын. Қалалық жерде өнерлі өрендерге мүмкіндік мол. Ал алыстағы аудан, ауылда таланттар тасада қалып жатады. Жұмыс ауқымын арттырып, сол балалармен бірігіп жобаға, киноға түсу туралы ұсынысым да бар», – дейді ол.

Алтын ҚОСБАРМАҚОВА

08 наурыз 2025 ж. 431 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Сәуір 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123456
78910111213
14151617181920
21222324252627
282930