Теміржолшы – мамандықтың төресі

Қоғамдағы күйбең тірліктегі шаруа қасынан табылатын да осы жұмысшы мамандықтары екені даусыз. Солардың қатарындағы теміржолшылардың қосар үлесі тіптен зор.
Қазалы ауданында шойын жолдың бойында бар күш-жігерін жұмсай, тер төгетіндер қатары баршылық. Соның бірі – Гүлнар Кәдірқызы. Ол жұмыспен қатар, отбасының жайлылығын да күйттеп жүрген көпбалалы ана. Гүлнәр Сисенова мектептен соң Ақтөбедегі АТЖТ-ға түскен. Араға уақыт салып, Алматыдағы КАЗАТК-ны тәмамдап шыққан. Ол бір жерде аттай 37 жыл тапжылмай, адал қызмет етті. Көпбалалы ана бізбен әңгімесінде өткен уақытты ерекше ықыласпен еске алды.
– Қазалыға жұмысқа орналасарда станция бастығы Ұлықпан Алхабековтің орысша қойған сұрақтарына нақты дұрыс жауап бергеніме комиссия мүшелері қанағаттанып, риза болды. Сол кездегі бастығым бірден «Кезекші жанындағы оператор боласың» деп қуантып қойды.
Содан бері қырық жылға жуық бір жерден басқа жаққа ауыспадым. Өз мамандығымды, жұмысымды жан-тәніммен жақсы көрдім. Әр тапсырманы жүрегіммен және бар сүйіспеншілігіммен атқарып келемін. Шүкір, қазір жаман емеспін. Әріптестерім ұйымшыл. Бір-бірімізге қолдау көрсетіп, әрдайым қажет уақытта көмек қолын созып тұрамыз.
Жалпы мамандықты таңдау – ол өміріңіздің бір кірпішін дұрыс қалаумен тең. Мамандық таңдау дегеніміз – өзің айналасқың келетін ортаны да реттеу. Сондықтан жаныма жақын теміржол саласын қаладым. Теміржолшы болу болаттай мықты болуды талап етеді, – дейді Гүлнар Сисенова.
Тоғыз жолдың торабында әскери тәртіп қалыптасқан. Осындай темірдей тәртіптің нәтижесінде Құдай қосқан қосағы Жұбатқанмен бірге гүлдей жайнаған Зинат, Зарина, Жәнел есімді қыздары мен Арыстан, Асылан және Нұрсұлтан атты алтын асықтай ұлдарды тәрбиелеп өсірді. Қыздың алды құтты қияларына қонып, жиендерді сүйіп отыр.
Жұбайы Жұбатқан электр станциясында кезекші болып зейнетке шыққан.
Тұңғышы Зинаты анасының жолын жалғап, теміржол саласын меңгерді. Осы күні Астанада Қазақстан темір жолы ұлттық компаниясында инженерлік лауазымын атқаруда. Зарина да теміржол саласын жанына жақын етіп қалаған. Ол да инженер қызметінде. Үлкен ұлы – Арыстан жедел жәрдемде аға фельдшер қызметінде. Халыққа қалтқысыз күн-түн зайыбы – Мәншүк екеуі қызмет көрсетеді. Балтыры сыздап, басы ауырғандарға ем-дом жасап, науқастардың алғаусыз алғысын алып жүрген ақхалатты абзал жандар. Жәнел де ағасы мен жеңгесінен үлгі алып, медицина саласын таңдады.
Ал Асылан бұл күні ІІ-курс студенті. Ақтөбеде теміржол саласындағы автоматика жүйесін меңгеруде.
Қазір Гүлнар Сисенова немерелерін бағып отырған бақытты әже.
– Бүгінде «Күміс алқа» иесімін. Қызметтегі еткен еңбегім еленіп, талай мәрте Алғыс хат пен Құрмет грамоталарымен марапатталдым. Осы уақытқа дейін білгенімді ізімізді жалғаған буынға жастарға теміржол саласындағы жұмыс тәсілін үйретуден жалыққан емеспін. Ел игілігі үшін өз қалауымыздағы мамандықты таңдаудан жаңылмау қажет, – деген кеңесімен бөлісті Г.Сисенова.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА