ОБЛЫСТА ҚҰРЫЛЫС ҚАРҚЫНЫ ЖОҒАРЫ

Облыс әкімі Нұрлыбек Нәлібаев өңірде соңғы 3 жылда құрылыс жұмыстарының көлемі артқанын атап өтті. Өткен жылдың қорытындысы бойынша өсім 153,8%. Пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі артып, рекордтық деңгейге, 866,8 мың шаршы метрге жетті. 2022-2023 жылдары 4000-ға жуық пәтер пайдалануға берілсе, былтыр 2500-ден астам баспана кілті табысталды.
Сонымен қатар, әлеуметтік осал топтарға тұрғын үй сатып алуда облыс 1948 пәтер көрсеткішімен республикада 2-ші орынға шықты.
Айта кетейік, өңірде құрылыс жұмыстары республикалық орта көрсеткіштен 41 пайызға жоғары. Аймақта жаңа әлеуметтік нысандар бой көтеруде. Өткен жылы 69 жаңа ғимарат салынды, оның 25-і білім, 16-сы денсаулық сақтау, 11-і мәдениет, 17-сі спорт саласына тиесілі.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасымен 21 мектеп салу жоспарланған. Бүгінде 5 білім ордасы пайдалануға берілді, 5 мектеп жаңа оқу жылына дейін табысталады. «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 28 нысан салынды.
Облыстың барлық ауылындағы денсаулық сақтау мекемелеріне 245 жаңа санитарлық көлік алынып, жедел жәрдем мәселесі толық шешілді. Мемлекет басшысының бастамасымен құрылған «Қазақстан халқына» қоры өңірдің денсаулық сақтау саласын дамытуға 4,8 млрд. теңге қаржы бөлді. Оның арқасыда Арал, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласында «Қамқорлық» оңалту орталықтары ашылды.
Мұнан бөлек, 1 млрд. 100 млн. теңгеге скрининг жүргізуге арналған жылжымалы медициналық кешендер алынып, бүгінде ауыл тұрғындарына үздіксіз медициналық қызмет көрсетуде. Жергілікті кәсіпкерлердің демеушілігімен 50 млрд. теңгеге жуық қаржыға облыс орталығы мен аудандарда жаңа ғимараттар, парктер, ойын алаңдары салынып, мемлекет теңгеріміне өтті.
@Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі