Мемлекеттік кірістер департаменті 656 мыңнан аса мемлекеттік қызмет көрсетті
Мемлекеттік кірістер органдарының негізгі міндеттері - Бюджеттің кіріс бөлігін және мемлекеттің экономикалық қауіпсіздігін қамтамасыз ету. Осы аталған міндеттердің аясында қарбалас тіршілік, жүйелі жұмыстар жүруде. Атап айтар болсақ 2024 жылы бекітілген мемлекеттік бюджет жоспары 102%-ға орындалып, қажетті қаржы артығымен өндірілсе, түсімнің өсу қарқыны артты.
Салықтық түсімдер бойынша республика көлемінде облыстар арасында Қызылорда республикалық жоспардың орындалуынан 6 орында, түсім қарқынынан 3 орынға жайғасқан. Бұл туралы Мемлекеттік кірістер комитетінің Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің басшысының міндетін атқарушы Әділбек Бекішев мәлімдеді.
- Біздің басты құндылығымыз салық төлеушілер, ал мақсатымыз салық төлеушілерге барынша қолайлы жағдай жасау арқылы сапалы қызмет көрсету. Өңіріміздің мемлекеттік кірістер органдарымен 2024 жылы барлығы 656 836 мемлекеттік қызмет көрсетілсе, оның электронды түрде 99,8% құраса, қағаз түрінде 1 231 немесе 0,2% құрап отыр. Ал, Салық төлеушілердің санына келетін болсақ:
Облыс бойынша 2025 жылдың 1 қаңтарына 12 774 заңды тұлға, 58 855 дара кәсіпкер тіркелген.
Оның ішінде шағын және орта бизнес өкілдерін алатын болсақ, 2025 жылдың 1 қаңтарына өңірімізде 68 257 шағын және орта бизнес өкілдері тіркелген. Ал, жеке тұлғалардың салықтарына келетін болсақ, 2024 жылдың салығын қоса есептей отырып, 2025 жылдың 1 қаңтарына берешегі бар салық төлеушілердің саны 21,9%-ға азайса, салық сомасы 6 141,6 мың. тенгеге немесе 2,2%-ға азайып отыр,- деді Әділбек Ерғалиұлы.
@Қызылорда облысының Өңірлік коммуникациялар қызметі