Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Әр ісі үлгі көп жасқа

Әр ісі үлгі көп жасқа

Мемлекеттің өркендеуі үшін білім мен ғылымның орны бөлек екені дәлел қажет етпейтіні бұрыннан белгілі. Қызылорда облысы – ежелден ауылшаруашылық өңірі болып қалыптасқан аймақ. Өңірдің басты байлығы кешегіге дейін күріш болып келгені тағы рас. Өткен ғасырдың екінші жартысының орта кезінде облыс басшылары тағы бір көрегенді іс-қимыл жасады. Соның арқасында 1976 жылы Қызылордада Жамбыл гидромелиорация-құрылыс институтының филиалы ұйымдастырылды. Бұл, біріншіден, Сыр бойында тікелей жоғары білімді инженерлер дайындауға жол ашты. Екіншіден, келешекте осы аймақтың дамуына өзінің мол септігі мен пайдасын тигізетін жоғары білікті мамандар мен ғалымдар ортасының қалыптасуына жағдай жасады.
Сол жаңадан ашылған шағын ғана оқу орны аз уақыттың ішінде жақсы дамыды. Алдымен, ол өсе келе Ы.Жақаев атындағы Қызылорда агроөнеркәсіп өндірісі инженерлері институты болып өрбіді. Соңынан Қызылорда политехникалық институты атауын алды. Мұның бәрі небәрі 15-16 жыл ішінде болып жатты. Осы жерде өңір білімі мен ғылымының дамуына зор үлес қосқан ірі азамат, мықты маман, зерделі ғалым Уәлихан Бишімбаевтың жасаған еңбегі ерекше. Ел үлкен үміт артып отырған ұжымды алға апару үшін бірінші кезекте өз ісіне берілген білікті мамандар қажет екенін сол басшы бірден түсінді. Сөйтіп, жаңадан ашылған жаңа оқу орнына жас, талапты, талантты азаматтар үйіріле бастады. Солардың алдыңғы лебімен мұнда Меңдіғарада келіпті. Келісімен болашақтағы үлкен оқу орнының іргетасын қаласуға мол еңбек сіңіріпті, аянбай жұмыс істепті, маңдай терін төгіпті. Жастарды – оның ішінде оқытушылары да, студенттері де бар, белсенді оқумен, оқытуға шақырыпты. Осыны орындауға Меңдіғараны иығына арқалаған оның мығым да, салмақты да, құнарлы білімі итермеліпті.
Меңдіғара кешкі орта мектепті аяқтап, Алматыдағы ҚазМУ-ге және оның әйгілі механика-математика факультетіне оқуға түседі. Міне осында үлкен сыр жатыр. Өйткеніауылдан шыққан қазақтың қара баласы облыс орталықтарындағы орта мектеп түлектері түгіл, Алматының мектебін тауысқан жастар армандайтын республиканың бетке ұстар жоғары оқу орнына оқуға түсті емеспе. Мәселе Меңдіғараның білімге деген жоғары ұмтылысында болуы керек. Ол бітірген кешкі мектеп, шамалауымызша, соншалықты терең білім бермеуі де мүмкін ғой. Есесіне менің құрдасым сол кезеңде өзіне арнайы мақсат қоя білген. Ол алдағы қойған мақсатына жету үшін, өз білімін барынша жоғары көтеру жолында барлық күш-жігерін салып, межеге жете білді. Әріптестерінің айтуынша, Меңдіғара өте зерек және терең білімді жан болған. Бұл, әрине, туа бітті таланттың белгісі ғой.
Меңдіғара сабырлы, мінезді жігіт болатын. Ол қабылдаған шешімін көп өзгерте бермейтін, тіпті өзгертпейтін еді. Осының түбірі оның сол алғашқы шешімді қабылдау алдында көп толғанып, ойлануында жатқан болуы керек.
Меңдіғара біздің оқу орнында қиындығы мол, күрделі «Теориялық механика» пәнінен студенттерге дәріс оқыды. Бұл пән болашақ инженер үшін маңызы өте жоғары екені әріден белгілі. Дегенмен, сол кезеңде осы пәннен қазақ тілінде жазылған оқулық жоқтың қасы болатын. Бұл өз кезегінде ауылдан келіп, оқып жатқан қазақ баласы үшін қосымша қиындық туғызатын. Әрдайым жиналыстарда, факультетаралық семинарларда осы көкейкесті мәселені Меңдіғара айтып, көрсетіп, құлақтандырып жүретін. Бүгін ойлап, таразылап қарасақ, бұл оның ел болашағын қамдағанының белгісі екен. Әр азамат күнделікті жұмыс атқарғанда, бүгін мен ел келешегін күйттеп жатырмын деп жар сала бермейді ғой. Меңдіғара да сондай азамат еді. Ол асықпай, саспай, дабыраламай ұжым мен елдің жоғын іздей берді. Меңдіғара көпсөзділіктен, жеңіл сөйлеуден әрқашан өзін аулақ ұстайтын.
Ұлы Абай қазақтың өткен-кеткенін таразылап: «Өсек, өтірік, мақтаншақ, еріншек, бекер мал шашпақ – бес дұшпаның, білсеңіз. Талап, еңбек, терең ой, қанағат, рахым, ойлап қой – бес асыл іс көнсеңіз» деп айтса, осыны жас Меңдіғара санасына терең сіңіріп, өмір бойы өзінің басты ұстанымына айналдырған сияқты. Абай айтқан бес асыл мінездер Меңдіғараның бойынан көрініп-ақ тұр. Ол талап, еңбектің және өзіне тән терең ой – талантының арқасында сол кездегі елдің бетке ұстар университетіне оқуға түсіп, студент атанды емеспе. Қателеспесем, ол уақытта елде екі-ақ университет бар еді – біреуі – Меңдіғара білім алған Алматыдағы ҚазМУ, екіншісі –Қарағандыдағы ҚарМУ.
Меңдіғарадан 2-3 жыл кейін осы оқу орнына келген азаматтардың айтуынша, ол өзінен кіші әріптестеріне пайдалы ақыл-кеңес беруден шаршамаған. Осыған Бахытбек Құлтанов пен Әбілда Төрешбаевтың айтқаны дәлел бола алады. Ең бастысы, Меңдіғара өзінен сәл кішілеу әріптестерінен онша, анау айтқан үлкен болмаса да оларға ағалық қамқорлығын, кеңесін молынан көрсете біліпті. Мәселен, ол студент жастарға дәріс беру жолдарын, әдістемесін үйретіп отырған. Оның бір ерекше ескерткені сабақ басталар алдында жастарға бес минөттей тәрбие ұстанымдарын, оның ішінде қазақы өнеге-үрдіс жөнінде айтып отыруды қатты тапсырған екен. Міне, осыдан Меңдіғараның ел болашағына үлкен жанашырлық көрсеткенін байқауға әбден болады. Өйткені қазақи, ұлттық тәлім-тәрбиені мол көрген жас ертең оқу бітіргесін ел жанашырына айналады.
Сонымен бірге әріптестерін сырттай оқитын студенттерге сабақ бергенде олармен ресми қарым-қатынас ұстанымдарынан алшақтап кетпеуді кайта-қайта ескертіп отырған. Сол кезде Меңдіғараның өзі де отызға келмеген. Соған қарамастан ол әріптестеріне күрделі ағалық қамқорлық таныта білген ғой. Бұл, оның адамсүйгіштік, елінің болашағын сол азаматтардың іс-қимылы арқылы болжаған ірілігінің, тектілігінің бір нақты айғағы десек қателеспейтін шығармыз.
Қазақ азаматына риза болып, қолдағанда «Бұл мінезді жігіт» дейді. Бұл жерде оның мінезінің көнтерілігі алға шықса керек. Сол айтқандай Меңдіғара кеңмінезді, нық азамат болатын. Олай дейтініміз, жолдастарымен әріптестерімен қатынастарында әркез байсалдылық, салмақтылық, сабырлылық көрсететін. Ал осы жақсы, оң мінездің шығуы, түбірі қайда жатыр деп сұраса, жауабын оның тектілігімен, терең білімділігімен, биік ойламымен байланыстыруға болады.
Елге тірек болар азаматтар ұстамды мінезімен, жоғары адами қасиеттерімен ерекшеленеді. Ол азамат, әрине, алдымен терең білімді болуы шарт. Сосын ол адамда ел мен қазақ жұртына деген жанашырлық, ел болашағына жоғары болысушылық мінез болуы тиіс. Сонымен қатар ол азаматта жоғары беріктілік, сенімділік қасиеттері көрініп тұруы абзал. Оларға бірбеттілік пен бірсөзділік те жат болған емес. Осы мінездердің барлығы Меңдіғарада болғанын жоғарыда айтқандарымыздан айқын көріп отырғандаймыз.
Меңдіғара бірінші сыныпқа 1953 жылдың қыркүйегінде барыпты. Ол 1945 жылдың 22-ші қаңтарында дүние есігін ашқан екен. Олай болса Меңдіғара мектеп табалдырығын 8 жастан 7 ай асқанда аттаған. Сөйтіп ол мектепті үздік бағалармен аяқтаған. Сонда Меңдіғара мектепке неге кеш барды? Әлде біреудің мектеп жасына толуын күттіме екен? Ойымызша, осы мәселе зерттеуге тұрарлық. Меңдіғараның мектепке кеш баруында бір сыр жатқандай. Дегенмен, Меңдіғара мектепті үздік бітіріпті. Ал ол мектепке 7 жасында түсіп кеткенде үздік білім көрсетер ме еді.
Меңдіғараның болашақ Құдай қосар жары Күлзада да 7 жасында сол мектепке 1953 жылы бірге барыпты. Сөйтіп, олар мектепте 8 жыл бір сыныпта білім алыпты. Бұл құбылысты қалай түсінуге болады? Мәселен, Меңдіғара мектеп жасына өзі жеткенімен, көрші әдемі қыздың жетіге келуін күткенбе деп те ойлауға болады ғой. Дегенмен, осының бәрін Ұлы Жаратушы өзі реттеп, жүйелестіріп қойса керек. Қалай дегенменде, осы мектепте бірге оқыған кез өз дегенін соңынан істетті. Кейін Меңдіғара Алматыда оқығанымен, Күлзада Шымкентте жоғары оқу орнын тауысқанымен, бәрібір соңында екеуі бас қосып, отбасын құрды. Құдай қосты деген осы шығар.
Сонау ертедегі 95-ші жылдар шамасы болуы керек. Күн жаз. Уақыт сәске. Автокөлігіммен үйден жұмысыма, 5-ші оқу ғимаратына бет алып барамын. «Болашақ» университетіне жақындап қалғанмын. Жәй келемін. Өйткені алда жаяу жүргіншіге арналған көшенің жолағы бар. Бірлі-жарым болмаса жүргінші аз. Сонда да жолақ алдында тұрмын, тәртіп сақтап. Бір кезде көшенің шетінен жолаққа бір әдемі келіншек кіре түсті. Мен қарап тұрмын. Басқа жұмысым жоқ. Сондықтан да көз саламын. Сөйтсем ол келіншек Күлзада болып шықты. Сол сәтте мен іске көштім. Қолымды рульдің дыбыс шығарғышына бастым. Көшені шулаттым. Сондағы мақсатым – Күлзаданы өзіме қарату. Ол жан-жаққа басын бұрмай, өтіп барады. Дыбыс шығарғышқа тағы да қол салдым. Күлзада естімегендей, алдымнан өтіп кете берді. Сөйтіп, сол күні мен осындай «сәтсіздікке» кезіктім. Менің шақырғаныма, менің дабылыма бір келіншек қарамай-ақ өте шықты. Сол жерде мен қатты толғанып, ойландым. Тіпті арт жағымда бепілдетіп тұрып қалған басқа машиналарға да қарамадым. Тұрған орнымнан қозғалмадым. Жаңағы құбылыстың шешімін іздедім дереу. Шешімін таппай орнымнан қозғалмауға бекіндім. Мейлі, менің соңымнан қаланың бүкіл машиналары неге тұрып қалмайды.
Ақыры сол жұмбақтың шешімін таптым-ау, әйтеуір. Сөйтсем, жаңа менің алдымнан қазақтың өнегелі келіні өтіпті. Бұрын қазақтың келіндері өзге адамның мінген атына, көлігі түгіл, оның бетіне анық қарауға именген.
Міне, сол күні маған Күлзада қазақтың өнеге-үлгісінің шыңын көрсетті. Ал осындай өнегелі келіншектің күйеуі Меңдіғара болмағанда кім болады?! Сосын барып орнымнан қозғалдым. Артымдағы машиналар қатты ризашылықпен ере бастады. Бір күннен кейін әдейі Меңдіғараға іздеп барып жолықтым. Шағындым. Келіншегің маған басын бұрып қарамады дедім. Ол күлдіде қойды. Байқаймын, сырттай білдірмегенмен, ол келіншегіне іштей риза болып тұрғандай сезінді маған.
Меңдіғара мен Күлзада құрған әулеттің қазір Сыр өңірі үшін, осы аймақтың азаматтары үшін орны бөлек, абыройы жоғары. Осы әулетке әрқашан амандық, мол береке, өркенді бақ тілейміз.
Серікбай ҚОШҚАРОВ,
Қорқыт ата атындағы Қызылорда
университетінің профессоры

21 қаңтар 2025 ж. 75 0

Себет доп бәсекесі

21 қаңтар 2025 ж. 55

Ұшпа доптың ұшқырлары

21 қаңтар 2025 ж. 88

Болмыстағы баскетбол

21 қаңтар 2025 ж. 49

EXPORT-тағы бәсіміз қалай?

21 қаңтар 2025 ж. 48

Әр ісі үлгі көп жасқа

21 қаңтар 2025 ж. 76

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031