Қазақстандағы жаңа кассациялық соттар
Фото: Н.Нұрболат
2025 жылдың шілдесінен бастап үш кассациялық соттар елордада жұмыс жасайтын болады. Төменгі инстанциялардағы соттардың шешімдеріне келтірілген шағымдарды қарау үшін жаңа инстанциялар – дербес кассациялық соттар пайда болады. Олар – Қылмыстық, Азаматтық және Әкімшілік істер жөніндегі кассациялық соттар. Аттары айтып тұрғандай, әрқайсысы өз саласындағы істер бойынша шағымдарды қарайды.

Қазіргі тәжірибеден тағы айырмашылығы, жоғарыға, кассацияға бағытталған істер алдын ала қараусыз, тікелей алқа-коллегияға түсетін болады. Алқа 3 соттан құралады. Кассациялық соттың істі қарауының мерзімі 6 айдан аспауға тиіс.
Касациялық сот – құқық қорғау жүйесінің негізгі элементі, азаматтардың құқықтарын қорғау мен заңдылықты қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады.
Заңда азаматтық және қылмыстық істерді кассациялық сатыда алдын ала қарауды алып тастау ұсынылған. Енді азаматтар сот актілерін қайта қарау туралы арыз емес, кассациялық шағым түсіретін болады. Сот ісін жүргізудің барлық түріне кассациялық қадағалаудың бірыңғай ережелері енгізіледі. Енді әкімшілік істер бойынша сот актілері апелляциялық шағым жасалғаннан кейін заңды күшіне енеді.
Сот процесі жазбаша хат алмасу түрінде емес, дәстүрлі түрде, ауызша, тараптарды шақыру арқылы жүргізіледі.
Егерде жергілікті соттарда да, кассациялық соттарда да сот тәжірибесіне қайшы келетін шешім қабылдаса, отандық құқықты дамыту мақсатында шығарылған актіні қайта қарау талап етілсе ғана сот актілері ерекше жағдайда Жоғарғы соттың қарауына шығарылады. Сонымен қатар, Бас прокурордың орынбасарларына, Бас әскери прокурорға және Көлік прокурорына кассациялық инстанцияға наразылық енгізу құзыры берілді. Кассациялық соттар 2025 жылғы 1 шілдеден бастап құрылады. Алайда заң бойынша олар мұндай істерді тек 2027 жылдың 1 шілдесінен бастап қана қарай алады.
Д.Н.Абдыкалыков,
Қазалы аудандық сотының төрағасы