Ақылды патша мен қайсар қойшы
Ешкі жүні бөртеде Ақтаңатты хан болған. “Ханда қырық кісінің ақылы болады” дегендей, Ақтаң хан үнемі ізденімпаздық танытып, әртүрлі тың дүниелерге қызығушылық танытып жүреді екен.
Бір күні хан уәзірлерін шақырып, оларға “Әлемдегі ең ащы өсімдік қандай?“ деген сауал қояды.
Хан айтқан соң, уәзірлерде жан бар ма?! Барлық уәзірлер әлемнің түкпіріне ат шаптырып, ең ащы, ең пайдасыз шөпті іздеуге аттанды.
Бірі тауға, бірі Бетпақдалаға, бірі шөлейт жерлерге дейін ел кезіп, шөптің жаманын табамын деп табандарын тоздырады. Жантақ, қарақоға, шеңгел, алабота сияқты өсімдіктерді әкеліп, хан алдына тастайды. Десе де ханның көңілі толмай, бәрін де кері қайтарады.
-Темір етік теңгедей, темір найза тебендей болғанша ел аралап әкелген шөптерің ең жаман шөп емес. Біреуі адамға ем, бірі малға ем өсімдіктер. Менің іздегенім адам ол шөпті көргенде жиренетін, оны қолданған адам өмір бойы өкінетіндей шөптің жаманы керек, - дейді Ақтаң хан.
Сол заманда жапан далада Қойлыбай атты қойшы жігіт өмір сүретін. Ол бір күні қойшы малдарын жайып жүргенде түрі мен түсі ерекше шөпті байқайды. Қойлыбай қойшы қызығушылық танытып, дәмін де татып көреді. Сол кезде басы мең-зең болып, өзін жайсыз сезіне бастайды. Осындай күймен бірнеше күн жүріп, бұл сыйқырдың не екенін білмекке хан сарайына аттанады.
Қойлыбай қойшы табаны тозып, тау асып, хан сарайына да бір күндері жетеді. Сарайға кірсе жұрт әуре-сарсаңға түсіп жатыр. Оның себебі - хан жарлығы екен. Хан “Шөп жаманын тапқан адамға ат басындай алтын беремін. Егер мені алдағысы келген адамның басын аламын” деп жарлық етіпті.
Алыс жолдан келген Қойлыбай қойшы тәуекел етіп ханға барып жолығуды жөн санайды.
- Хан Ием, Менің ныспым - Қойлыбай, жетім баламын. Күн көру үшін байлардың малын бағамын. Жуырда мен мынадай таң тамаша жайтқа душар болдым. Далада қой бағып жүріп, дәмі бөлек, түсі де өзгеше бір шөпке көзім түсті. Дәмін де таттым. Басым мең-зең болып, бірнеше күн өз-өзіме келе алмай жүрдім. Өлім мен өмірдің арасында жүргендей сезіндім. Бұл не жұмбақ болды деп жауабын білуге асықтым. Жауабын бір білсе хан білер деп сізге келдім, - дейді қойшы жігіт.
- Шөп жаманын іздеп, шарқ ұрғаныма біраз болып еді. Іздегенім алдымнан табылды-ау деймін. Дәмін татсаң у, заһар ішкендей болатын дүниедегі жалғыз шөп- көкнәр. Сенің түйсігіңнің сезімталдығына риза болдым. Саған сол себепті ат басындай алтын, бүкіл өміріңе жететін байлық берейін, - дейді хан.
- Патшам, сенің сарайыңа емін-еркін кіріп, халқымыз татулықта өмір сүруі мен үшін үлкен байлық. Атаған алтыныңды жоқ-жітікке таратып, қайыр етерсіз! Маған алтынның керегі жоқ! Көкейімде үлкен сұрақ бар: Бүл шөпті кейінгі ұрпағымызт анып, жаманнан жиренеме? Әлде дәмін татып, жетегінде кете ме? Мені толғандырған осы ой!
- Иә, балам! Бұл да мені ойландырып отыр. Жетегінде кетсе ұрпағымыз қасіретке ұшырайды. Ана баладан, бала әкеден айырылады. Отбасы ойрандалады, бірлік, береке бұзылады. Кейінгі ұрпақ бұл шөпті” есірткі “ деп атайды. Ғасыр дертіне айналады. Жалғыз емі- салауатты өмір салтын ұстанып, қоғамға, елге пайдалы тұлға болу. Жаман әдеттерден аулақ болу, зиянды әрекеттерге бармай, толық қанды тұлға болып қалыптасу.
Міне, осындай адам ғана бұл дертке шалдықпай, мағыналы ғұмыр кешеді , - дейді хан.
Хан да ,қара да осылайша бір байламға келіп, өскелең ұрпаққа жақсы жол көрсетуді өздеріне өмірлік мұрат-мақсат етеді.
Осы даңғыл жолда хан өзіне Қойлыбай қойшыны серік етіп, бас уәзірі етіп тағайындайды. Ізгілік істе жұмыла еңбек етіп, барша мақсаттарына жетіпті.
Көркем ИБАЙДУЛЛА
Қ.Нұрмаханов атындағы №95 орта мектептің оқушысы