Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » 2025 жыл: Жұмысшы мамандар мәртебесі арта ма?

2025 жыл: Жұмысшы мамандар мәртебесі арта ма?

Фото: Нұрболат Нұржаубай
«Біз жұмысшы мамандықтарын дәріптеу арқылы қоғамда еңбекқор және нағыз маман болу идеясын насихаттаймыз», бұл – мемлекет басшысының өткен жылы ел тұрғындарына арналған Жолдауында сөйлеген сүбелі сөзі еді. Яғни, биылғы жыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, «Жұмысшы мамандықтары жылы» болмақ. Өйткені жұмысшы мамандықтарының бағалануы – бұл ең алдымен елдің экономикалық, әлеуметтік және мәдени дамуына әсер ететін маңызды аспект болары анық. Ендеше «жұмысшы мамандық» деп отырғанымыз қай сала мамандары? Осы және өзге де көкейді қозғаған сауалдарға жауап іздеп, өркендеп, өсіп, аяқ алысы қарқынды келе жатқан өзге де мемлекеттерде мұндай мамандар қаншалықты бағаланатындығын зерттеп көрелік!
Алдымен жұмысшы мамандықтарға қандай салалар жатады, осыны анықтайық. Жалпы елімізде жұмысшы санатына әртүрлі мамандықтар кіреді. Ең алдымен олардың қатарына – механиктер, яғни автокөліктер мен машиналарды жөндейтін мамандар кіреді. Мұнан соң электр жүйелері мен құрылғыларын орнату және жөндеу, слесарлар – металл конструкцияларын өңдеу, жөндеу саласы, дәнекерлеуші жатады. Бұдан бөлек, столярлар – ағаштан бұйымдар жасау, кондитерлер мен медициналық көмек көрсету, тігіншілер және тағы басқа мамандықтар кіреді.
Бұл мамандықтар өндіріс, құрылыс, қызмет көрсету және ауыл шаруашылығы сияқты түрлі салаларда маңызды рөл атқарады. Бұған ешкімнің шүбәсі де, таласы да жоғы хақ. Десек те, медицина саласын айтпағанда елімізде жоғарыда аталған мамандықтардың көбісінің қадірі жоқ, аса бағаланбайды шын. Әрине бұған ең алдымен ақ адал еңбегінің ақысын «жерге ұратын» біз бен сіздің кінәліміз. Осының салдарынан нағыз мамандар шетел асып, сондағы мемлекетке қызмет етіп, оның өсуіне үлесін қосуда. Шынын айту керек, бұл ел үшін өзінің білінер-білінбес кері әсерін тигізеді. Әйтпесе, сол қазақтың қара домалақтары Қазақстанды қызмет қылса даму даңғылындағы жас мемлекетімізге теңіз тамшысындай болса да пайдасы тиер еді.
Осылай өзге елде қызмет істеп, нәпақасын айырып жүрген жандардың бірі – қазалылық Нұртас Бақтияр. Ол бүгінде Германия еліндегі алып кемелер жасайтын орында электрик маманы болып жұмыс жасауда. Нұртастың айтуынша, оның елде еленбеген еңбегін неміс ағайындар жоғары бағалапты.
– Өткен жылдан бері Германияда электрик маманы болып қызмет жасап келемін. Шынын айту қажет, мұндағы жалақым елдегіден төрт-бес есе көп. Еуропада қызмет етудің тағы бір маңызды тұсы мұнда құқық баршамен бірдей, жұмыс барысындағы қауіпсіздік жағдайы да жоғары. Бірақ қанша жерден алты қап алтын тапсам да, туған жердей болмайды, сағынасың, жабығасың. Иә, биыл елімізде «Жұмысшы мамандықтар жылы» деп жарияланыпты. Қазақстандай жас мемлекетіміз үшін бұл оң қадам. Себебі елдің дамуына қай тұсынан болмасын үлес қосып жатқан әрбір сала маңызды. Бұйырса, елімізде осынау жыл аясында мамандар еңбегі еселеніп, еленеді деп үміттенемін. Сонымен қатар бұл мамандықтар қай уақытта да құрметке бөленсе екен деймін, – деді ол.
Иә, расымен Нұртас секілді өз еліңде ұлтан болды ұрандаған жас көп-ақ. Қуанышымызға орай, биыл елімізде осынау мамандар мәртебесі артып, еңбегі еленбек. Ендеше бұл қалай жүзеге асуы мүмкін? Әзірге өзге елдермен салыстыра отырып, болжап көрелік.
Жұмысшылардың жалақысы – мамандықтың бағалануын анықтайтын ең басты көрсеткіштердің бірі. Жоғары жалақы мен бонустар жұмысшы мамандықтарын тартымды етеді. Мәселен, Швеция мен Германияда инженерлер мен техникалық мамандар жақсы жалақы алады, бұл олардың жұмысын жоғары бағалайтынын көрсетеді.
Мұнан кейінгі жұмысшылардың әлеуметтік жеңлдіктер мен құқықтарын қорғау. Бұл да өз кезегінде – маңызды аспект. Дамыған елдерде жұмысшыларға берілетін әлеуметтік жеңілдіктер, яғни демалыс, ауруханаға жату, зейнетақы жүйесі жұмысшы мамандықтарының маңыздылығын арттырады. Мұндай елдерде еңбек шарттары заңмен реттеледі, бұл жұмысшылардың құқықтарын қорғауға мүмкіндік береді.
Бұдан бөлек, мамандықтардың сапасы мен біліктілігі, сондай-ақ олардың қоғамдағы бағалануы білім беру жүйесіне тікелей байланысты. Жоғары сапалы кәсіптік білім беру жұмысшы мамандарды даярлаудың тиімділігін арттырады, бұл өз кезегінде жұмысшы мамандықтарының бағалануына әсер етеді.
Келесі кезекте экономикалық тұрақтылық. Экономикалық жағдайдың тұрақтылығы жұмыс орындарының тұрақтылығына және жұмысшылардың өмір сүру деңгейіне әсер етеді. Мысалы, Жаңа Зеландияда экономиканың тұрақты өсуі мен төмен жұмыссыздық деңгейі жұмысшы мамандықтарының беделін арттырады.
Дүниежүзілік экономикалық форум, ЮНЕСКО және басқа ұйымдар жүргізген зерттеулер мен рейтингтер елдердегі жұмысшы мамандықтарының бағалануын объективті түрде көрсетеді. Мысалы, 2023 жылғы зерттеулерде Скандинавия елдері – Швеция, Дания, Норвегияда жұмысшы мамандықтарын жоғары бағалайтын мемлекеттер ретінде танылды. Көп ұзамай бұл тізімге Қазақстан да енеді деген сенімдеміз.
Қорытындылай келе, еліміз жұмысшы мамандықтарды қолдаудан мүлдем ада деп айтудан аулақпыз. Қазақстанда жұмысшы мамандықтарын қолдау мақсатында өз деңгейінде әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асырылуда. Мұнда жұмысшы мамандықтарын әлеуметтік қорғау жүйесі біртіндеп дамып келеді, бірақ әлі де жетілдіруді қажет ететін аспектілер жоқ емес. Жұмысшылардың жалақысын жақсарту мен құқықтарын қорғау, еңбек шарттарын жақсарту және әлеуметтік қолдауды күшейту тұсы ақсап тұр. Аталмыш жыл аясында осы секілді істерге нүкте қойылып, мамандар мәртебесі артарына сенім мол.

Серік АҚМЫРЗА


11 қаңтар 2025 ж. 31 0

Ауыл кәсібін өрлеткен

11 қаңтар 2025 ж. 40

«Есірткі жайлы ертегі»

10 қаңтар 2025 ж. 90

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қаңтар 2025    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 12345
6789101112
13141516171819
20212223242526
2728293031