Қызылорда облысында биыл 34 мыңнан астам адам ЖРВИ-мен ауырды
Қызылорда облысында биыл эпидемиологиялық маусымда жіті респираторлы вирусты инфекция 34138 адамнан анықталды.
Фото: Мухтор Холдорбеков/Kazinform
Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда аурушаңдық көрсеткішінің 5%-ға төмендегенін көрсетеді. Науқастарға зертханалық талдаулар жүргізу барысында 84 тұмау емес вирустар анықталды. Олардың басым көпшілігін РС вирусы (47 дерек) құраса, қалғаны аденовирус, парагрипп, риновирус, боковирус құрайды.
- Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы халықты тұмаудан қорғаудың жалғыз және тиімді әдісі ретінде тұмауға қарсы вакцинациялауды ұсынады. Биыл тұмауға қарсы вакцинациялау 15 қыркүйектен басталды. Бұл мақсатта облыстық бюджеттен 85 004 доза вакцина сатып алынды. Ресей елінде өндірілген «Гриппол плюс» вакцинасы тұмаудың штамдарына қарсы тиімді қорғаныс қалыптастырады. Вакцинациялау облыс емханаларында жалғасуда. Тиісті талаптарға сәйкес жыл сайын тұмауға қарсы вакцинациялау тиісті контингенттерге тұрғылықты мекен-жайы бойынша емханаларда тегін жүргізіледі. Олардың қатарында медицина қызметкерлері, медициналық ұйымда диспансерлік есепте тұрған жеткіншектер, сәбилер үйлерінің балалары, қарттар үйінің контингенті бар. Сондай-ақ еңбек ұжымдары өз қызметкерлерін тұмауға қарсы ақылы түрде егуге мүмкіндіктер қарастырылған, - деді Қызылорда облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің бөлім басшысы Әлия Ыдырысова.
Еске салсақ, 9 ай ішінде Қазақстанда 76 мыңнан астам пневмонияға шалдыққан жағдай тіркелген.