Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды
Қазақстанның денсаулық сақтау министрі Алексей Цой маусымдық тұмауға қарсы екпе салдырды, - деп хабарлайды tengrinews.kz тілшісі Денсаулық сақтау министрлігіне сілтеме жасап.
Денсаулық сақтау министрінің айтуынша, биыл халықты вакцинациялау аса қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін. Соған байланысты елде тұмауға қарсы екпе екі апта бұрын басталған."Биыл бірінші болып тұмауға қарсы екпе салдырғандардың бірі - денсаулық сақтау министрі Алексей Цой. Бүгін елімізде республикалық вакцинация науқаны басталды, осы орайда ведомство басшысы Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің "№6 қалалық емханасы" ШЖҚ МКК барып, ресейлік "Гриппол+" вакцинасын салдырды", - делінген хабарламада.
Айта кетейік, 2020 жылы Қазақстанда егу науқаны 15 қыркүйек пен 15 қараша аралығында өтеді."Жылда күз келгенде ЖРВИ мен тұмау өршиді. 2019-2020 жылғы эпидемиологиялық маусымда ЖРВИ ауырған 431 120 адам тіркелді, оның ішінде 2 жарым мыңнан аса науқас зертханада анықталған тұмауға шалдыққан. Оның 284 033-і немесе 61,4 пайызы 14 жасқа толмаған балалар. Биыл халықты вакцинациялау аса қажет, өйткені коронавирус пандемиясы кезінде тұмау да өршуі мүмкін, сол кезде елдегі жағдайды тұрақтандыру қиын болады. Сондықтан бұл жолы елімізде вакцинацияны жылдағыдан екі апта бұрын бастаймыз. Қазақстан қауіпсіз, тиісті зертханалық сынақтардан және бақылаудан өткен, сапалы вакцина сатып алғанын көрсету үшін өзім бірінші болып екпе салдырдым", - деді Цой.
Тұмауға қарсы "Гриппол +" вакцинасы ерекше жоғары иммунитет қалыптастыратыны айтылды.
Вакцина тәуекел тобына кіретін адамдар үшін тегін:
- мектеп жасына толмаған және мектеп жасындағы балалар;
- медицина қызметкерлері;
- жүкті әйелдер (жүктіліктің 2-3 триместрі);
- жабық мекемелердегі адамдар (балалар үйі, мектеп-интернаттар;
- созылмалы ауруы бар ересектер мен балалар;
- 60 жастан асқан қарттар.