Форум: Прогресс һәм жастар
«Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты, қырандай күшті қанатты, мен жастарға сенемін!» дейді Мағжан. Үлкендер қашанда жастардан үлкен үміт күткен. Күтеді. Оларға сенім артып, болашақтың тұтқасын да солардың қолына ұстатты. Сенім артты. Оған селкеу түспесіне біз де сенеміз. Жанып тұрған, тасқындап тұрған, жасындай жарқылдап жүрген жастар арамызда жетерлік.
Мемлекеттің тұрақты дамуының негізі – бәсекеге қабілетті жастар. Ал бұл жас қазақстандықтардың білім мен білік сапасына, олардың ұмтылысы мен ынтасына байланысты. Сол үшін мемлекеттік саясаттың негізгі бағытының бірі – жастар секторы. Бүгінде жастардың басын біріктіріп, талай тың идеяның, жарқын жобалардың жүзеге асуына қызмет етіп жатқан Жастар ресурстық орталығы бар. Жақында мұнда жыл сайын дәстүрлі түрде өтетін аудан жастарының форумы өтті. Жастар форумына арнайы барған аудан әкімі аппаратының басшысы Ринад Тілеп ең әуелі фойедегі көрмеге куә болды. Ерекше талантты жастар өздерінің туындыларын қонақтардың назарына ұсынды.
Форумда алғы сөз алған аудан әкімі аппаратының басшысы аудандағы жастар саясатын жүзеге асыру аясында атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта да аудан жастарына деген әрдайым қолдау көрсетіле беретінін жеткізді.
– Бүгінгі күнге дейін ауданда ерікті жастардың қатысуымен 300-ден аса іс-шаралар өткізіліп, оған 8000 мыңнан астам жастар қатыстырылды. Соның ішінде жыл сайын дәстүрге айналған «Жаңа дәуір – Жаңа Қазақстан» тақырыбындағы жастар фестивалі мен «Жастар керуенін» айтсақ болады. Ауылдың талантты жастарымен тілдесіп, барлық қырларынан көрінуге мүмкіндік сыйлайтын жоба талай жастың мәселесінің шешілуіне де ықпал жасады. Міне, аудандағы осындай ілкімді істердің басы-қасында жүрген жастардың біз үшін орны бөлек, – деді Ринад Ибайдуллаұлы.
Форумда жастар көкейінде жүрген сұрақтарын қойды. Оған тиісінше жауабын алып, ой-пікірлерін ортаға салды. Мұнан соң жылдың үздіктерін марапаттау шарасы өтті. Кеште «Креативті колледж» номинациясы бойынша Қазалы аграрлық-техникалық колледжі, «Ұйымшыл колледж» номинациясы бойынша Қазалы-көлік техникалық жоғары колледжі, «Белсенді колледж» номинациясымен Қазалы гуманитарлық техникалық колледжі марапат төрінен көрінді. Сондай-ақ өз саласында аянбай еңбек етіп жүрген әр саланың үздіктері «Үздік жас –2024» номинациясын иеленді. Ол қатарда спортшы, әнші, дәрігер, әскери қызметші,ерікті жас,блогер, жас мемлекеттік қызметкер мен ерекше жандар бар.
Жастар білікті, білімді болғанда ғана Қазақ елі ғасырлар белесінен сүрінбей өтетіні хақ. Иә, «Жасыңды көрсет, болашағыңды бағамдайын» деген сөз бар ежелден жеткен. Бізге дейін айтылған тәмсілдің астарына үңілсек, бүгінгі жас қандай болса, ел ертеңі де сондай болмақ. Жастар – жалындайды. Жастар – жан-жаққа құлаш сермеп, жаңа бағыт іздейді. Жастар – өзгереді, түрленеді. Себебі, жастар прогресс. Ал прогресс еш уақытта кейінге шегінбейді. Жаңадан тың дүние тауып, басқа қадамдар жасайды. Өйткені «жас» сөзінің төркіні «жаңа» дегенмен астасып жатыр. Қош. Аудан жастарының әлеуеті, қарымы һәм қабілеті қоғамға қозғаушы күш болып қала бермек.
Айнұр ӘЛИ