Еліміздің пошта қызметінде өзгерістер болады
Бүгін Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Пошта туралы» Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Заңы екінші оқылымда талқыланып, қабылданды.
Фото: Kazpost
Бұл құжат Мәжілісі депутаттарының бастамасымен әзірленді.
- Пошта операторларының қызметі ел үшін үлкен стратегиялық маңызы бар. Сондықтан, бүгінгі таңда пошта саласы трансформациядан өтіп жатыр. Алайда қазіргі кезде қағаз хаттарды, мерзімді басылымдарды жеткізу қызметтері азайып келеді. Осы жағдайда пошта байланысының логистикалық инфрақұрылымын жоғалтпау және дамудың оңтайлы жолдарын табу маңызды. Заңда аясында жеткізу тәртібі өзгереді. Цифрлық технологиялардың арқасында тиісті пин-код немесе куар-код болған кезде үшінші тұлғалардың поштаны қабылдап алу мүмкіндігін береді. Сонымен қатар, бұл тауарды маркетплейстерден пошта бөлімшесіне және үйге жеткізуді жеңілдетеді, - деді депутат Екатерина Смышляева.
Құжатта сәлемдемелерді қабылдау үшін поштаматтарды орналастыру және пайдалану тәртібі ескерілген. Мұнымен қоса, талап етілмеген корреспонденцияны сақтау мерзімі қысқарады.
- Пошта инфрақұрылымын сақтау бойынша нормалар қабылданды. Пошта филиалдары жабылатын болса, оператор бұл туралы жергілікті атқарушы органдарға жабылғанға дейін 3 ай бұрын хабарлауға тиіс. Бұл ретте әкімдік пошта бөлімшелерін сақтау жөнінде шаралар қабылдай алады. Ұлттық пошта операторы дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдарды жеткізумен және сақтаумен айналыса алады. Болашақта бұл дәрі-дәрмектерді ең шалғай ауылдарға жеткізуді қамтамасыз етеді. Заң «әлеуметтік әмиянға» құқықтық мәртебе береді. Бұл - мемлекеттік қолдау шараларын көрсетудің жаңа цифрлық тәсілі. Осы орайда сыбайлас жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді, қолдау шараларын азаматтар үшін қолжетімді етеді. Бұдан басқа, ақпаратты қорғау, президенттік байланысты қамтамасыз ету бойынша қосымша іс-шаралар көзделген, - деді депутат.
Сондай-ақ бірқатар нормалар пошта байланысы нарығын дамытуға және осы саладағы реттеушінің өкілеттіктерін нақтылауға бағытталған.
Еске салсақ, «Қазпошта» АҚ басқарма төрағасы Әсел Жанасова пошта қызметі арқылы дәрі-дәрмек жеткізу тәртібіне қатысты түсінік берді.