ірі нысандар біздің белтемірмен биіктеуде
Қуатты бұйымдар туралы әңгіме айтылғанда, қымбатқа түсетін «Кісідегінің кілті аспанда» деген түсініктен қазақстандықтар арылып келеді. Оған себеп те жоқ емес. Өзгенікін өзектен тептіріп, өзіміз тұрмақ, сырт мемлекеттерді сапасымен сүйсіндіретін өнеркәсіп өрістеп келеді. Өнімдерін аудан, аймақ қана емес, еліміздің өзге өңірі, ірі компаниялар тұтынатын «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы «Қазақстанда жасалған» заттаңбасының талапқа сай, таңдаулы тауарлар шығаратын табысты орын болуымен белгілі.
Кешесі көшті, бүгіні өрісті
Қызылорда индустриялық-инновациялық дамуда ілгерілік бар. Индустрияландыру картасына енгізіліп, жаңа жұмыс орындарын қалыптастыруда көздеген жаңа жобалардан бөлек, тұрақты жұмысымен кәсіпкерлік көкжиегін кеңейтуде өз саласында маманданған төл тауар өндірісінің көлемі артып келеді. Осы санаттағы «LCI-MK» ЖШС Қазалы филиалы жергілікті өнімдерін алыс-жақын шетелдерден келетін осындай бұйымдармен салыстырудың өзі қажетсіз.
Біз сөз етіп отырған зауыт негізі қалыптасқан өндіріс орынының бірі.
Өткен ғасырдың 1982 жылы құрылысы қаланған мекеме 1984 жылы пайдалануға берілген. Алғаш Қандыағаш темір-бетон бұйымдарын шығару зауытының аудандағы цех бөлімшесі ретінде жұмысын бастайды. 1986 жылы Қазалы темір-бетон бұйымдары мен конструкцияларын шығару зауыты атауына ие болады. Сол кезде орталық Қазалыға көшіріледі.
Ел Тәуелсіздік алған тұстағы қиындық бұл мекемені де айналып өтпейді. Тапсырыс азайып, жұмысшылар мен жұмыс орнын сақтап қалу қиындығы туғанда, ұжым мүшелері тығырықтан шығар жол тауып, жұмыстарының жолға түсуіне жұмылады. Сан өзгерісті өткізген кәсіпорын сол уақыттарда Түркістан теміржолы, біраз уақыттан кейін «Қазақстан Темір Жолы» РМК құрамындағы «Желдорстрой» құрамында болады. 2002 жылы «ЗЖБК №2», 2005 жылы «МО-1» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі болса, 2013 жылдан бастап «LCI-MK» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің Қазалы филиалы болып жаңа құрылымда жұмыс істеп келеді.
Бүгінде жұмыс ырғағы тұрақты арнаға түскен. Үй, көпір құрылысына қажетті барлық бетон өнімдері даярланатындар жұмыстарына жыл он екі ай тапсырыс берушілер табылады.
Жаңғырту мен қайта құрылымдаудан өткен зауыт заманауи құрал-жабдықтар орнату нәтижесінде жаңа технологиямен жұмыс жасай бастаған.
Сапасы әлемдік нарықтағы бәсекелестікке төтеп беруге қауқарлы.
Аудандағы маңызды насандар «100 мектеп, 100 аурухананың» бой көтеруіне зауыттықтар сүбелі үлес қосқан. Құрылысқа қажетті өнімдерді мердігерлер дәл осы орыннан алған. Ол өз кезегінде нысанның сапалы болуымен бірге, өз уақытында аяқталуына айтарлықтай септескен.
Еуропа мен Азияны жалғайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» Халықаралық дәлізі құрылысы жүргенде де жол құрылысына қажетті темір-бетон бұйымдар біз айтқан мекемеде дайындалған. Сондай-ақ «Сексеуіл – Жезқазған», «Шалқар – Бейнеу» теміржол құрылысы салынғанда да қазалылық өнім өндірушілердің ісі үдеден табылған.
Кәсіпорыннан шыққан «ВТК-33У» маркалы аралық құрылыс арқалығын Орал, Жезқазған, басқа да қалалардағы көпір құрылысына жөндеуге де пайдаланған.
Бұл серіктестік істерінің санаулысы ғана.
2021 жылдан бастап көлемі 18, 21, 24 метрлік автомобиль көпір құрылысына қажетті ВТК-33У маркалық аралық құрылыс арқалықтары құю технкасын меңгерген мамандар жаңа бұйымдарымен елдің инфрақұрылым игілігін көруіне көмектесуде. Бұдан бөлек цехтарда әзірленетін қада мен құбырлар, жоғары кернеулі желіге лайықталған ВЛ10кВ діңгектері, сондай-ақ баспана құрылысына қажетті заттарды заманауи технологиямен өндіруге қауқарлы қуатты орын.
Жыл санап қосымша техникалар мен қондырғылар алынып, жұмысшылардың біліктілігін жетілдіруді жолға қойылған. Бағытты бастама жұмыс көлемін арттырудың негізгі тетігі саналатынын білдік.
Соңғы жылдары қаражат көзі қаралып, қосымша құрылыстар салынған.
Ұзындығы 32 метрлік әрқайсысы 20 тонна көтеретін 2 қазмойын кран мен жаңа 20 текше мертлік компрессор стансаның қосылуы процесті айтарлықтай жеңілдеткен. 2017 жылдан бері бу қазандығы цехы табиғи газды тұытнуды өндіріске қосып, экологиялық таза отын түрін пайдаланып, қиындықты еңсерген.
Жұмыстың жүйелі жүргізілуі ондағы мамандарға тікелей қатысты. Оларды әлеуметтік ынталандыру, жан-жақты жағдайын жасау серіктестіктің басты назарынан түспейтінін түйіндедік.
Қазіргі таңда қазалылық жетпіске жуық адам «LCI-MK» серіктестігінен жұмыс тапқан. Негізгі жұмысшы қызметкерлердің дені тұрақты, бұрыннан осы мекеме негізінде еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі жандар.
Әрбіріне 8 сағаттық жұмыс уақыты бойынша тұрақты жалақы төленеді.
Зауыт бірнеше цехтан тұрады. Әрқайсысы өзінің өндірістік кезеңімен және өнім түрімен айналысады. Замануи мүмкіндіктер өндірістің өркендеуі мен барлық жұмыс барысының қолмен орындалатынын алмастырған.
Бір-біріне бас сұғып, жұмыс уақытын ұзарту деген мұнда жоқ. Тәртіп солай. «Еңбегіне қарай өнбегі» дегенді мұндағылардың әрбірі берік қағидатқа айналдырған.
Жұмысшыларға арнайы өндірістік киім беріледі. Зиянды цехтағыларға сүт және сүт өнімдерін үлестіру ұйымдастырылған. Ата-анасы осы мекемеде қызмет ететін кез-келген 14 жасқа дейінгі балалар жылына бір рет Алматы қаласындағы «Маралсай» демалыс үйіне жолдама ала алады.
Қауіпсіздік талаптары сақталған. Ұдайы қадағаланады.
Энергетик Жанзақ Раев, арматур цехының шебері Сахитжан Әлиасқарұлы, Серік Асанов, бетон құюшы Әділбек Жөлекешев, кран жүргізушілері Ерболат Барлыбаев, Светлана Кереева, компрессор машинисі Аманбай Жұмағамбетов ісімен үлгі болған мақтаулы мамандар.
Бірі электрик Абзал, екіншісі арматур тоқушы Дәмегүл Мадирлар, бу қазандығы машинисі Түгел Асанов пен арматур тоқушы Ақмарал Абдрманова сынды еңбегімен елге сыйлы ерлі-зайыптыларды да жолықтырдық.
Ұрпақтар сабақтастығы үрдісін аталмыш мекемеден де көрдік.
Әкесі Киікбай Өтешевтің жолын қуған қалыптау цехының шебері Бақытбек Өтешев, сала ардагері Қожаберген Салматаевтың ізін жалғап келе жатқан бу қазандығы машинисі Сәбит Салматаев сөзіміздің айғағы.
Бір қызығы, жастардың мамандануына тәлімгерлер тағайындалып, олардың тәжірибелері мен өтілдік шеберліктері ортақ мүддеге ойыстырылады.
Сәбит Өтегенов басқаратын, жыл басынан бері 15000 куб бетон өнідірген Қазалы темірбетон бұйымдарын дайындау зауыты келер жылға мақсатты жоспарымен енбек.
«Бетон мен болат арматураны біртұтас құрылма етіп біріктіріледі. Темірбетонның негізгі артықшылығы – аса берік, тозбайтын, қалаған формада құюға болатындығымен ерекшеленеді.
Құрылыс қашан да жүргізіледі. Ол уақыттың бедері. Қуантатыны, ірі нысандар біздің белтемірмен биіктеуде. Темір-бетон құрылымының беріктігі күшейген. Жыл барысында межелеген темірбетон өнімдерін өндіру үшін үздіксіз жұмыс істеп, жылды жақсы қорытындылағалы отырмыз. Бұл қуаттылықты байқатады», – дейді Жанзақ Раев.
Бұл жерде ішкі нарықты нығайтуға басымдық бар. Бағалары да арзан әрі қолжетімді. Кез келген затты дайындауға кететін шығынды, қажетті шикізаттың сырттан тасымалданатынына қарамай, халық сұранысы мен әлеуметтік жағдай ескерілген.
Екіншіден, өтімді. Сапалы өнімдерді экспортқа ұялмай шығаруға лайық. Сөзімізге ұжымның салааралық, кәсіпкерлік мақсатта өткен бірнеше жарыс-жәрмеңкеде топ жарғаны айғақ. Серіктестік базасында өзге тауар өндірушілерімен тәжірибе алмасу жолға қойылған. Өз кезегінде мұндай жан-жақты іскерлік қарым-қатынас, экономикалық байланыстар екі жақты тиімділігін көрсеткен.
Үшіншіден, санға емес, сапаға аса мән беріледі. Дайын өнім бірнеше рет сынамадан өтеді. Зертханада тексеріледі. Халық игілігіне қызмет ететін кәсіпорыннан мұны анық аңғардық.
Алтын ҚОСБАРМАҚОВА