Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ұйымшыл ұжымның ұтары көп

Ұйымшыл ұжымның ұтары көп

Аудандағы «Қазалысушар» өндірістік учаскесі тұрғындарды сапалы сумен қамтамасыз етуде үлгілі және үздік мекеменің бірі саналады. Жуырда аталған мекеменің ғимаратына бас сұғып, ұйымшыл ұжымның жұмысымен танысуға жақыннан мүмкіндік алдық.
Бөлімнің бүгінгі тынысына тоқталмас бұрын, тарихына бойласақ. Біз білетін «Қазалы су шаруашылығы» мекемесінің түп тамыры тереңде. Оның негізі 1920 жылы қаланған.

Бастапқы жылдарда егіс алқаптарын сумен қамтамасыз ету мақсатында су жүйелерін салу және канал құрылысының жұмыстарын жүргізу үшін техникалық кадрлардың жоқтығынан көптеген қиыншылық туындаған. Себебі жұмысты жүйелендіретін арнайы білімі бар мамандар болмады. Тарихқа үңілсек, сол кезеңдерде Қазалы аумағына 10 мың гектарға жуық суармалы егіс алқабы болған. Егін және су шаруашылығын өркендету және жүйелі түрде басқару мақсатында 1934 жылдан бастап «Су бөлімі» мекемесі болып құрылды. Сол уақыттан бастап қызмет тиімділігін арттырып, тұтынушыларды сумен сенімді әрі тұрақты қамтамасыз етуге су шаруашылығы саласына сауатты инженерлік-техникалық кадрлармен, жоғары санаттағы мамандармен толықтыруға ден қойылды. Осылайша, 1948 жылдан бастап су шаруашылығы саласына жоғары білімді білікті мамандар келіп, серпінді жұмыстар басталды.
1971 жылы Қазалы су торабы құрылысы аяқталып, пайдалануға берілді. Су торабының негізгі мақсаты жаз айларында су деңгейін көтеріп, егіс алқаптарына және де көлдер мен жайылымдық жерлерге баратын арналарға бұру. Қазалы су торабы құрылысы аяқталысымен Сырдария өзенінің бойына оң жаға және сол жаға қорғаныс бөгеттері салынды. Қазалы ауданы көлемінде 1972 жылдан бос жерлерді инженерлік жүйеге келтіру жұмыстары қолға алынып, барлығы 25000 гектар жер тегістеліп инженерлік жүйеге келтірілді. Сонымен қатар егістік алқаптарынан шығатын қашыртқы суларын тастайтын насос станциялары салынды.
Республикалық деңгейде су шаруа­шылығы саласында құрылымдық өзгеріс­тер болуына байланысты мекеме атауы 2011 жылдың 19 шілдесінде «Қазсушар» РМК Қызылорда филиалының «Қазалы­су­шар» өндірістік учаскесі болып қайта құрылды.
Кез келген саланың дамуы – ұйымшыл ұжым жұмысының жемісі екені даусыз. Бүгінде «Қазалысушар» өндірістік учаскесінде 72 адам қызмет етеді. Мекемеде су пайдалану және құрылыс-жөндеу сынды екі бөлімде жұмыс жүргізілуде. Әр бөлімде тиісті мамандар қызмет атқарады. Сонымен бірге оң жаға және сол жаға бөлімшелері бар. Бұл бөлімшелер де жетекші мамандар, инженер-гидротехниктер, инженер гидрометрлері және су реттеушілер қызмет етеді. Олар вегетациялық мерзімде су пайдаланушылардың қажетті суларын реттеп, уақытылы жеткізіп берумен айналысады. Қазіргі таңда «Қазалысушар» өндірістік учаскесінің басшысы қызметін Нұрлан Ерғалиұлы Абилдаев атқарып келеді.
Бөлімнің бүгінгісіне қанық болған біз мекеме қызметкерлеріне жүктелген жауапкершіліктің көп екендігін аңғардық.
– Мекеменің негізгі міндетіне Қазақ­стан Республикасы заңдарына сәйкес суды пайдалану және реттеу негізінде бірыңғай ғылыми-техникалық, инвестициялық саясат жүргізу, су шаруашылығын өркендету, су жеткізіп беру қызметіне ақы алу және оны дамытудың эконо­микалық шараларын қарастыру, суды пайдаланудың қала, аудан, ауыл халықтарына, ауылшаруашылық тауарларын өндірушілерге және басқа да су пайдаланушыларға суды бекітілген жоспар бойынша уақытылы және кедергісіз жеткізу кіреді. Иә, осыншама орасан ауқымда әрекет ету үлкен жауапкершілік жүгін арқалауды жүктейді. Әйтсе де мекеме қызметкерлері жұмыстарына жүйелі қарап, үйлесімді тірлік танытуды мызғымас міндеті санайды, – дейді Нұрлан Ерғалиұлы.
«Қазалысушар» өндірістік учаске­сінің теңгерімінде 2 магистралды канал жалпы ұзындығы 83,67 шақырым, 5 шаруашылықаралық канал жалпы ұзындығы 120,70 шақырым, ұзындығы 100,48 шақырым қашыртқы (коллектор) жүйесі және жалпы ұзындығы 140,161 шақырым болатын оң жаға, сол жаға қорғаныс бөгеттері бар.
– Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары Сырдария өзенінде су тапшылығы орын алып, шаруалар тарапында қиын­дылықтар орын алуда. Себебі өзеннің жоғарғы ағысында орналасқан ел – Қырғызстан қыс мезгілінде электр энергиясын көп пайдаланғандықтан, оны өндіру үшін Тоқтоғұл су қоймасындағы су қорын ашуға мәжбүр болса, қыс бойы аққан судың орнын толтыру үшін жаздың күндері Сырдария өзенінің төменгі ағыс елдеріне су жіберуді азайтты. Сонымен қатар өзбек ағайындармен де келіссөз жүргізетін тиісті министрлік болмағандықтан су бөлісу мәселесі оң шешімін таппай келді.
2023 жылдың қыркүйек айында Қазақстан Республикасы Су ресурс­тары және ирригация министрлігі құрылды. Нәтижесінде Сырдария өзені­нің жоғарғы ағысында орналасқан мемлекеттермен келіссөздер жүргізудің арқасында 2024 жылдың вегетациялық мерзімінде егістікті сумен қамтамасыз етуде аса күрделі қиындықтар болған жоқ. Арал теңізіне де жаз айларында секундына 70-80 текше метрге дейін су жібруге мүмкіндік болды. Алдағы уақытта да жаңадан құрылған министрлік нәтижелі жұмысын жалғастырады деп сенеміз, – дейді «Қазалысушар» өндірістік учаске басшысы.
«Қазсушар» өндірістік учаске басшысымен әңгіме барысында атқарылып жатқан жұмыстар жайын баяндауды сұрауды ұмытпадық. Оның айтуынша, 2021-2022 жылдары сол жаға магистралды каналы бойындағы су шаруашылығы нысандарына инвестициялық жоба бойынша қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп, 2023-2024 жылдары «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бойын­ша суармалы каналдардың 20,26 шақы­рымына механикалық тазалау жұмыстары, екі гидротехникалық құрылысқа ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазалы ауданы бойынша 2024 жылға 618.00 миллион текше метр, оның ішінде ауылшаруашылық дақылдарын суаруға 334.00 миллион текше метр, экологиялық қажеттілікке 284.00 миллион текше метр су лимиті бөлінген. «Қазалысушар» өндірістік учаскесі бойынша 2024 жылы 17017 гектар жерге ауылшарушылық дақылдары егілді. Оның ішінде 6200 гектар күріш дақылы.
Айта кету керек, 2024 жылы Су ресурстарын басқару жүйесін дамытудың 2030 жылға дейінгі тұжырымдамасы бекітілді. Тұжырымдамада еліміздің су қауіпсіздігін қамтамасыз ету және су тапшылығын азайту мақсатында 20 су қоймасын салу, 15 су қоймасын және 14 мың шақырымнан астам ирригациялық каналды реконструкциялау және гидро­техникалық құрылыстарды жаңғыр­ту бойынша бірқатар шұғыл шаралар қарастырылған, сонымен қатар 3,5 мың шақырымнан астам каналды цифрландыру және суару жүйелерінің су есебін автоматтандыру жоспарланған. Сондай-ақ су ресурстарын ұтымды пайдалану үшін суармалы жерлердің мелиорациялық жай-күйін жақсарту көзделген.
Аталған мақсаттардың көп ұзамай орындалары айқын. Өйткені біз тақырып­қа арқау еткен мекемеде саланың сан қырлы ерекшелігін мінсіз меңгеріп, мамандығына берілген майталмандар баршылық.

Арайлым ҚУАНТҚАНҚЫЗЫ

14 желтоқсан 2024 ж. 387 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031