Келешегі кемел оқу ордасы
Бүгінгі таңда еліміз – тарихы бай, келешегі жарқын тәуелсіз мемлекет. Мемлекеттілігіміз өте ежелден бастау алғанымен, стратегиялық даму мақсаттары жолында бірлікті қажет етеді. Елдің азаматтық қоғамының қуаты, ұлттық қауіпсіздік пен қоғамдық-саяси тұрақтылықтың іргетасы қашанда жастарға негізделген. Қазақ халқының ғасырлар бойғы даналығы мен жастардың озық танымы мемлекеттіліктің қалыптасуының қиын кезеңдерінде ілескен түрлі қиыншылықты еңсеруге көмектесті.
Өткенге көз жүгіртсек, ең қасиетті ұғымдар – тәуелсіздік, бірлік және даму. Ел жастары – мемлекет дамуына барынша үлес қосу үшін білімге, тәжірибеге, технологияға қолжетімділігі жоғары ұрпақ. Кемел тәуелсіздік пен гүлденген Қазақстанның болашағы – өскелең ұрпақты жан-жақты білімді, білікті, ұшқыр ойлы азамат етіп тәрбиелеп, дамытуда ұстаздардың үлесі зор.
Осыдан отыз үш жыл бұрын қиын-қыстау кездері халық депутаттары Қазалы аудандық Кеңесі атқару комитетінің қаулысы бойынша Әділбек Сарабеков басқарған МПМК-06 мекемесі Қазалы қаласындағы №95 орта мектеп құрылысын жүргізді. Ол 1991 жылдың 1 қыркүйегінде пайдалануға берілген. Білім ордасы қазалылық әдебиет сыншысы, аудармашы Қалжан Нұрмахановтың есімімен аталды. Мектеп 864 оқушыға арналған. Тоғыз жыл мектепті ҚР Білім беру ісінің үздігі Оңталап Романов басқарды.
1997 жылы мектеп бойынша Қалжан Нұрмаханов жылы болып жарияланып, мектеп ішінен мұражай бөлмесі ашылды. Оңталап Райханұлынан кейін жеті жыл қатарынан ҚР Білім беру ісінің үздігі Нұрлыбек Есбосынов мектеп директоры болды. Оның ізінше, ҚР Білім Министрлігінің Құрмет грамотасының иегері Ғабит Сағидуллаев директорлық қызметке тағайындалды. Ал 2008 жылдың қаңтар айынан бастап, мектепті білікті ұстаз Маханбетов Оңталап Төлегенұлы қолға алды.
Мектепте алғашқы жылдары шағын орталық ашылып, балабақша жұмыс істеген. Кейін оңтайландыру кезінде қаржы жетіспеуіне байланысты жабылып қалған. 2009 жылы мектеп жанынан «Еркетай» шағын орталығы қайта ашылып, қазір 75 бала тәрбиеленуде.
Қазалы аудандық білім бөлімінің №95 орта мектебі коммуналдық мемлекеттік мекемесінде мұғалімдер саны – 55, оның ішінде педагог-зерттеуші – 7, педагог- сарапшы – 17, педагог-модератор – 18, педагог – 13. Жалпы 328 оқушы 19 сынып комплектісінде білім алуда. Мектепте техникалық қызметкерлер – 37 адамды құрайды.
Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Жанат Нұрекешова, география пәнінің мұғалімі, 2022 жылдан бастап бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы қызметін атқарып келеді. Мектеп ұстаздары мен техникалық қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайы толық қамтамасыз етілген. Жаратылыстану пәнінің мұғалімі Ж.Нурекешова өзі жетекшілік ететін «Қазалы географиясы» үйірмесіне қатысатын оқушылармен бірге Метерологиялық станцияға саяхат жасады. Онда мекеме басшысы Сәуле Оспановамен бірге метеостанция алаңына барып, құраладарымен танысты. Ауа, топырақтың температурасын өлшейтін термаметрлар, күннің түсуі мен ұзақтығын, қысымды өлшеуге арналған түрлі құралмен танысты. Желбағар арқылы желдің соғу бағытын тамашалады. Балалар метеостанцияның жұмыс істеу ережелерін біліп, танысып қайтты.
Мектепте спорт саласындағы «Бес асық» үйірмесіне қатысатын қыз балалар ойынның ережесін жақсы меңгерген. Үйірме жетекшісі Жұбатқан Есенболат үйірмеге қатысушыларды үздіксіз дайындап келеді. Осындай дайындықтың арқасында 23 қараша күні Қазалы ауданының 95 жылдығына орай мектеп оқушылары арасында өткізілген аудандық ұлттық ойындарының VІІ спартакиада бағдарламасы бойынша «Бес асықтан» өткізілген сайыста 9 сынып оқушысы Ақерке Қылышбай қатысып, үшінші орын алып арнайы Дипломмен марапатталды.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА