Жер иелеріне тексеру туралы ескерту SMS арқылы жолдануы мүмкін
Фото: Pixabay
Жер иелеріне мемлекеттік тексерулер туралы хабарлама енді хат арқылы емес, SMS арқылы хабарлануы мүмкін. Мәжілісте осындай ұсыныс айтылып, жауапты органдардың өкілдері қолдау білдірді.
- Кәсіпкерлік кодекстің талаптары бойынша, жер телімінің игерілуін тексерердің алдында иесіне пошта арқылы хат жолдап, жазбаша ескертеді. Бірақ жерді заңсыз алғандар, дұрыс игермей жатқан бизнесмендер, соның ішінде алаяқтар, олигархтар поштаның хатын алудан қашады. Соның кесірінен жер ресурсын басқару органының инспекторлары тексеруді бастай алмай жатады. Қазір салық органдары мен полицияда SMS хабарлама тетігі бар. Осы жерді тексеру тәжірибесінде телім иелеріне пошта хатының орнына SMS хабарлама жіберу тәсілін неге қолданбасқа? Онда қазіргідей қиындыққа ұшырамайтын едік, - деді депутат Бақытжан Базарбек.
Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Асхат Оразбек ұсынысты қолдайтынын, алайда басқа министрлікпен ақылдасып қана нақты шешім қабылдауға болатынын айтты.
Ал «Қазпошта» акционерлік қоғамының басқарма төрайымы Әсел Жанасова биыл «Қазпошта» арқылы жолданған хаттан жалтарудың екі оқиғасы тіркелгенін айтты.
- Биыл осындай екі кейс болды. Біз ол фактілерді құқық қорғау органдарына жолдадық. Бізде негізі SMS хабарлама жіберу, оның жеткен-жетпегенін анықтайтын сервистер бар. Цифрлық даму министрлігімен бірге жасап, келесі жылы оны тиянақтаймыз, - деді «Қазпошта» басшысы.