Көз торы мен саусақ ізі: Қазақстан әуежайларында биометрия енгізіледі
Фото: Midjourney нейрожелісі
Көлік вице-министрі Мақсат Қалиақпаров келесі жылдан бастап еліміздің әуежайларында биометриялық тексеріс орнатылатынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
"Келесі жылдан бастап Азаматтық авиация саласында биометрия енгізуді жоспарлап отырмыз. Қажетті жабдықтар қазірдің өзінде сатып алынған, олардың іске қосылуы және реттелуі жүріп жатыр. Кейін біз оны eGov бағдарламасымен біріктіретін боламыз. Биометрия арқылы, яғни саусақ іздері мен көз торын пайдаланып, тексеру аймағынан өтеміз. Біз бұл жүйені 2024 жылдың соңына дейін енгізуді жоспарлаған едік, бірақ жабдықтарды жеткізу кешігуіне байланысты 2025 жылдың алғашқы жартысына ауыстырып отырмыз. Бұл жүйе жолаушылар үшін жасалған. Егер сіз рейске онлайн тіркелген болсаңыз, содан кейін тексеруді құжат арқылы ма әлде биометрия арқылы ма - өзіңіз таңдайсыз. Арнайы құрылғыға жақындап, көз торыңызды немесе саусағыңызды сканерлейсіз, ол сіздің жеке басыңызды растап, тексеруден өтесіз", - деп түсіндірді Қалиақпаров Digital Transport Day шарасында.
Вице-министр биометрия рәсімі ұшу алдында жеке куәлікті көрсетудің баламасы болатынын жеткізді. Сонымен қатар, жеке мәліметтерге қолжетімділік тек Egov-арқылы жүзеге асады деді.
"Бұл банкке барғандағы сияқты, жеке деректерді өңдеуге сіздің келісіміңіз қажет. Мұнда да солай", - деп қосты Қалиақпаров.
Еске салайық, Қазақстанның Көлік министрлігі биыл сәуір айында елдегі барлық әуежайларда жолаушылардың биометриясын тексеруді енгізу жоспарын хабарлаған болатын. 2023 жылы биометрия пилоттық жоба ретінде Астана әуежайында енгізілді. Егер бұл тәжірибе сәтті өтсе, жоба Қазақстанның барлық әуежайларында жалғасады деген еді.