Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Ел аузындағы тарихи тұлғалар

Ел аузындағы тарихи тұлғалар

Біздің аудан маңында қаншама би-шешен, батыр, ишан-ахундар мен қасиетті тұлғалардың мекендегенін айғақтайтын дәлелдер жетерлік. Солардың ішінде бойына аңыз бүккен Орақ батыр мұнарасын айтуға болады. Ол қазақ даласында аз кездессе де, өзінің көркемдік стилімен көз тартатын көненің көзі ретінде ерекше ескерткіш қатарына баланады. Ол – Қазалы ауданына қарасты «Қожабақы» ауылынан 6 шақырым жердегі Орақ мұна­расы.

Мұнара 1918 жылы бұрынғы құлап қалған ескерткіштің орнынан Орақ батырдың есімін өшірмес үшін қайта тұрғызылған. Орақ кезінде халық бостандығы үшін Хиуа хандығымен көп соғысқан батыр. Ел арасындағы аңызда жауға соңғы аттанарда төбе басына бөркін қалдырып кеткен деген болжам бар. Орақ батыр дінге шын берілген адам болғанымен молдалықпен айналыспаған. Тақуалығы соншалықты жау келсе де намазын бұзбайды екен. Дұшпаны осы қасиетін біліп, намаз оқып отырған уақытында басын шауып алады. Батыр тірісінде бірнеше жерге мешіт салдырған Қожаназар ишанның атасы болған деседі. Орақ батырдан: Артықбай, Арланбай, Отбай, Артықбайдан: Қожаназар, Бекназар, Ақназар тарайды.
Күмбез әлдеқайда аумақты іргетасқа отырғызылған. Сондай-ақ мұнараның кірер есігі жоқ. Ел арасындағы аңыз бойынша, Сараманқоса, Бегім ана, Мортық және Орақ мұнараларының арасында байланыс бар. Бұл мұнаралар жау беталысынан от жағып, белгі хабар беру үшін де пайдаланған деген тұжырым бар.
Тағы бір тұжырым бойынша «Орақтың белгісі» атануы батырдың басы шабылған сәтте домалап кетіп, ешкім таба алмай қалады. Қыраттан домалаған бас бір жылдан кейін табылып, содан соң осы мұнара қойылған дегенде дерек бар. Дегенмен халыққа белгі беру мұнарасы емес, керісінше, батырдың мазары.
Республикалық маңызы бар тарихи-мәдени ескерткіш бар. Ол Х-ХІ ғасырда салынған. Ел аузында жүрген өзіндік аңызы бар орынның бірі – Кәукей ауылының тұсындағы 2 шақырым жерде орналасқан Сараман-Қоса мұнарасы. Қазіргі таңда ол ескерткіш республикалық санаттағы архитектуралық ескерткіш болып табылады. Сараман мұнарасы ХVI-ХVII ғасырларда салынған.
Ел аузындағы аңызда Сараман-Қоса Жент қаласын билеген ханның баласы Сараман мен жарлы жiгiт Қосай дос болыпты. Екi дос жер көрiп, ел тану үшiн ханнан рұқсат алып, Қуаң мен Сырдарияны артта қалдырып, арқаға өтеді. Бiр күнi Талдысай өзенiнiң жағасындағы ауылда үлкен қыз ұзату той үстінен шығады.

Бесiкте айттырған байдың баласына ұзатылатын қыз Сараманмен оңашада тiлдесiп, қашуға бел буады. Сараман мен Қосай аттары болдырғанша шауып, алты күн дегенде Сырға құлайды. Ертеңiне іздеріне түскен қуғыншыларды көредi. Сараман: «Бұлардың қанын басқаларға жүктегенше, алдын бөгейiн. Қосай қызды алып, Қызылқұмды бетке алыңдар. Тiрi қалсам, сендердi табармын», – дейдi. Сонда Қосай: «Екеуiңнiң садағаң кетпесем, менiң достығым қайда?! Жол менiкi, кiдiрмеңдер», – дейдi. Бiрақ Сараман көнбейдi.
Қыздың алты ағасы жиырма жiгiтiмен күшi басым болды. Жетi адам мұның жолын тұсап, ақыры Сараман қолға түседi. Қыз бен Қосай ұзай алмайды. Төбенiң басына шығып қараған Қосай қызға: «Осы бетiңмен қаша бер. Тiрi болсаң ұмытпағайсың. Жаңағы шайқас болған төбенiң басында Жент деген қала бар. Сараманның елi сол», – дегенді жеткізеді. Қыз: «Өзiм қара жамылдым, елiне не бетiммен барамын?» – деп ойлайды. Қуғыншыларға Қосай қарсы шабады. Күшi басым қарсыластар оның да, қыздың да басын қанжығаға байлайды. Хан жарлығымен әрқайсысын өзiнiң өлген жерiне жерлейдi, мұнара салады.
Аңызбен өрілген мұнараны халық кейiн Сараман-Қоса деп атап кеткен. Сараманның арғы жағында Қоса өлген жерде де мола салынып, ел жайлаған. Ол Сараманнан 3-4 шақырымдай әрi қашықтықта орналасқан.
Осындай тарихи ескерткіштің бірі – Толыбай батыр кесенесі Бекарыстан би ауылының солтүстігінде бес шақырым жерде орналасқан. ХІХ ғасырда салынған архитектуралық ескерткішті Қаз­проек­трес­таврация институты 1986 жылы есепке алып, құжаттарын дайындаған. Жергілікті маңызы бар кесене мемлекет қорғауына 2003 жылы алынған. Толыбай батыр ел қорғаған жаужүрек, қайсар батыр халықтың жау алдында бетке ұстар айбаты болған. Оның қаһармандыққа толы жорықтары жайында ел ішінде сақталған аңыз әңгіме көп.
Нақты деректер бойынша, Жақайым­ның Бердіңғұлы Игіліктің бес баласының бірі Құттыбайдан шаңыраққа ие болып жалғыз Мыңбай қалған деседі. Ұрпақ жалғастығын ойлаған Мыңбай Сары және Алтынай атты екі әйел алады. Сөйтіп некелі әйелдерінен 10 ер бала дүниеге келеді. Алтынайдан өрбіген алты ұлдың ең кенжесі Толыбай екен. Толыбай батыр да әке жолынан айнымай бес әйел алған. Олардан 13 ұл көреді. Бәйбішесі Жора қарулы кісі болған деген халық арасында аңыз бар. Ерлердің күш-қайратынан кем түспейтін ананың құдыққа түскен атанды жалғыз өзі тартып шығарғаны жиі айтылады. Соған қарағанда оның сүйегі ірі, денелі жан болғанға ұқсайды. Осы батыр анадан туған төрт ұлдың ішінде Бекет пен Медет аймаққа белгілі көріпкел, әулие атанған. Ал Шалбура мен Күшік жауына жалғыз шапқан ержүрек, қайратты батыр ретінде ел жадында сақталған. Үшінші әйелі Аймекеннен Көтібар мен Хангелді туады. Осы аталған Көтібар батырдың екінші әйелінен Арал ауданының төңірегіне белгілі Жарбол әулие дүниеге келген. Келесі жары Ақтумадан Қаратабан мен Есет туады.
Толыбай батыр Ақшатау алқабын жайлаған. Бір жорық үстінде қатты жарақат алған батыр “Қотанкөлде” көз жұмған. Қариялардың айтуынша, Толыбай Жанқожа батырдың замандасы. Қос батыр бірге иық тіресе жауға қарсы шауып, дұшпанын жаншыған тұлға ретінде мадақталады.
Өркендеу ауылдық округінің маңы аты аңызға айналған тұлғалардың естелігіне тұнып тұр. Соның қатарында Құттыбай Ақболұлының мазарын ерекше атауға болады. Құттыбай кесенесi ХIХ ғасырдың аяғында салынған. Қазалы қаласынан 25 шақырым қашықтықта Жанкент ауылында орналасқан республикалық санаттағы архитектуралық ескерткiш.
Құттыбай Ақболұлы шамамен 1807 жылы туылып, 1900 жылы дүние­ден өткен. Кесенені әкесi Ақбол бидiң құрметiне өздерiнiң атақонысы, ежелгi Жанкент қорғанының iргесiнен оңтүстiк батысқа қарай 5-6 шақырым қашықтықта күмбездi етіп тұрғызған. Оны салдырған кезде жергілікті кірпіш зауытына 70 биенi байлап, сүтiн сауып қолданған. Сол заманда құрылыс заттарын төзімді етіп дайындау әдістері ерекше болған. Қазір оны қайталау мүмкін емес. Ел аузындағы әңгіме бойынша саз топырақты биенiң сүтiне илеп, сексеуiлдiң шоғына күйдiрген. Содан 23 түрлi үлгiде қыш кiрпiш дайындалған. Кесененiң көлемді салынғаны соншалық iшiнде 7 адамның мүрдесі қойылған. Бейіттi бітіргеннен кейiн үш жыл өткен соң, Құттыбай 93 жасында қайтыс болады. Кейiн архитектуралық ескерткішті халық “Құттыбайдың кесенесi” деп атап кеткен.
Құттыбай Ақболұлы сері, өте бай, батыр болған. Өзінің ұзақ ғұмырында үш рет Қыдыр көріп, көріпкел атанған. Билігімен қоса оған төрт түлік малдың да жиналып, зор байлықтың иесі атануы да осыны растаса керек. Малының көптігі соншалық жылқы саны 15 мыңдай болған деседі. Бір күні Құттыбай жорықта жүргенінде аты қатты кісінейді. Қараса, тұлпарының бауырында үлкен қара құман тұрады. Оның шідерін шешейін деп оқталса, құман алды-артына жылжиды. Көрген жайтқа түсінбеген батыр шідерді шешіп, атқа мінеді де, құманды бір шабады. Сол сәтте есінен танып құлайды. Бұдан кейін ол басына ақ сәлде орап, қолына күміс таяқ ұстап, әулиелік жолға түседі деген аңыз бар.
Оның ел билігіне араласқан шағы Сыр бойына қоқандықтар мен хиуалықтардың өктемдік саясатын жүргізіп тұрған кезеңіне сәйкес келеді. Олардың қазақтарды бағындыру және елден алым-салық, зекет жинау кезіндегі асыра сілтеушілігіне қарсы өз кесімін тайсалмай айтып отырған. Басқыншылардың үстемдігіне қарамастан әділ төрелік жасаған Құттыбайды жергілікті қазақтар “Хан Құттыбай” деп те атаған. Ол 1848-1856 жылғы Жанқожа Нұрмұхаммедұлы бастаған отаршылдыққа қарсы күреске белсене араласқан билердің бірі. Батыр бабаның өзі Құттыбай бидің әділдігіне бас иген. Сондықтан да оны бітпейтін дау мен шағымдарды шешуге жіберіп отырған. Ел арасында да Құттыбайдың қара қылды қақ жарған өткірлігі мен әділдігін құрметтегендер “аузы дуалы би” деп дәріптеген. Ол талай дауды шешіп, әділ төрелігімен үш адамға құн төлеткен. Екі кісінің пайдасына мал айдатып берген. Шағымдарға осындай тура бітім қабылдап отырған. Айналасына қамқорлығы мен шапағатын мол тигізгені үшін ел оны ерекше қадір тұтқан.

Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
25 қазан 2024 ж. 144 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930