Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » TikTok-ты шектеу сананы да шектей ме?

TikTok-ты шектеу сананы да шектей ме?

Қолы босай қалса қалтафонға қарап, түнімен көз ілмей әр видеоны санап, оны біріне-бірі жіберіп отыратындар аз емес. Бұрынғыдай «көк жәшікке» телміретін отбасы, дала-кезіп ойнайтын бала, есік алдында қауқылдасып әңгіме айтатын қариялар сиреген. «Кірпіш телефонның» кезінде ішіндегі «құрт» ойынды бір ойнауға таласып өскен біз қазіргілерді түсіне қоймайтынымыз рас. Әжелердің әлемжеліде билеп, ақ жаулықты апалардың, ақсақалдардың тікелей эфирде сөйлеп, бір-бірімен қауқылдасқанын құптамайтынымыз жасырын емес. Оқушылардың әрнәрсені жүктеп, үлкендерді боқтап, бірімен-бірі алысатынын қайтерсіз. Қош. TikTok-ты елде бұғаттауы мүмкін. Біздің қалайтынымыз осы. Телміргендердің ше?

Hip Hop, К-pop, Q-pop – жастарды еліктіріп әкеткен жанрлардың бірі. Өзге мәдениетке төселіп, бой түзегені былай тұрсын көзі бояулы, құлағы сырғалы жігіттерді көріп жағамызды ұстадық. Уақытымен көз үйренсе де күн сайын жаңа дүниелер індеттей жайылуда. Мәселен, соңғы кездері «хайп» қуып айып болған жастар көбейсе, тренд іздеп, өзінің брендін паш еткісі келетіндер артты. Қазаққа керегі өзгенің қаңсығы ма еді?
Айтпағымыз, жасы, үлкені, есері мен естісі де мәні жоқ дүниеге қызығып, еліктеп бара жатқаны. Осындайда «осы жұрттың басқа тірлігі жоқ па?» деген ойға қаласың. Әрине, құмарту әркімде бар. Бірақ жөнсіз желпілдеу қазаққа жат. Тау көтерген Толағайдай сәт санап, жұртшылыққа кең тараған TikTok – әлеуметтік желілердің бірі. Онда түрлі қысқа форматта қалаған видеоны түсіре аласыз. Оның несі әбестік деп отырған боларсыз? Ен деше мына қызықты қараңыз.
Жақында таныс жігіттің осы TikTok-ка ессіз есі кеткенін аңғардым. Күнде 2-3 видео жүтемесе құдды зомбидай көзі бақырайып, шашы тік тұра видеоға түсетін жер іздеп сабылып кететіні бар. Сондайда «Айналайын ау, не істеп жүрсің?» десем «TikTok-қой, бүгін видео жүтемесем «охватым» төмендеп кетеді» деп жауап қатады. Бірде сүйкімсіз қылығына куә болғаным тағы бар. Кезекті видеосын трендтен қалмай түсіріп жатса керек. Қалтафонды ыңғайына қарай қойып, аузын жыбырлатып, түрін қозғалта денесін бұлғаңдатады. Сырттай қарасаң есінен адасқан ба дерсіз. Солай біраз уақыты видеоны түсірумен, одан қалды оны монтаждаумен өтті. «Міне, дайын» деп көрсете бергені сол еді еріксіз күлкі қысқанын қайтерсіз...
Білімділер заманында жалындайтұғын жастардың бұл қылығы еріккендік демей немене? Осыдан-ақ, қисынсыз, жат, жаман әдеттің адам бойына тез сіңсуі рас екен дерсіз. Жоқ емес, әрине, жастайынан кәсіп ашып, білімділер бәйгесінде топ жарған жастарымыз бар. Олардың осылай ша көлеңкеде қалып қоюына әлеуметтік желідегі есерсоқ дүниелер кінәлі. Бірақ солай екен деп кінәні өзгеге арта салуға тағы болмайды.

БӘЛЕНІҢ БӘРІ ЖЕЛІДЕ

Расымен, бәленің бәрі әлеуметтік желіден келіп тұр. Ұрыс-керіс те, тағылған айып пен жабылған жала да осыннан. Тату-тәтті отбасының шырқын бұзған да, отбасындағы құпия ақтарылған да жер – осы. Бірі жұмысынан айырылса, енді бірі ар мен намыстың отына күюде. Жалпы елде әлеуметтік желілерді бұғаттауға болмас па?
Әлемде интернет желісін бұғаттау жағынан Солтүстік Корея бірінші орында тұр. Бұл елде ғаламтор желісіне толықтай тыйым салынған. КХДР-да интернет желісін тек ұлттық қауіпсіздік қызметі, ғалымдар және жоғары лауазымды шенеуніктер ғана пайдаланады. Ал қалған қарапайым халық толықтай сүзгіден өткен «Кванмен» желісін тұтынады екен. Бұл желіге тиісті ведомство арнайы тексерістен өткен ақпараттарды ғана жариялайды. Бір сөзбен айтқанда қазіргі уақытта Солтүстік Корея халқы сыртқы әлеммен байланысын үзген. Олардан кейін өзінің жеке интернет әлемін қалыптастырған Қытай. Мұнда ел билігі ғаламторға арналған «Алтын қалқан» жобасын іске қосқан. Жобаны 2 миллионға жуық арнайы қызметкер бақылауда ұстауда. Бұдан бөлек Қытайда Google, Facebook, Twitter, YouTube, Instagram сияқты әлеуметтік желілер толығымен бұғатталған. Олардың орнын қытайлық әлеуметтік желілер басқан. Аталмыш әлеуметтік желілерге жеке куәлігің арқылы ғана тіркеле аласың. Иран Ислам Республикасында да интернет шектелген. Ресми Тегеран республика бойынша Facebook, Twitter, YouTube, Whatsapp, Viber, ВКонтакте және Яндекс желілерін бұғаттаған. ТМД елдері арасында әлеуметтік желілерді бұғаттау жағынан Түркіменстан алдына жан салмай тұр. Мұнда тек бір ғана «Түркіментелеком» мемлекеттік сервер жұмыс істейді. Оған балама бір де бір сервер жоқ. Ғаламторға шектеу қоятын елдердің келесі легін Түркия, Пәкістан, Вьетнам және Венесуэла жалғастыруда. Сарапшылар аталмыш елдерді әлеуметтік желілерге уақытша шектеу қоятын мемлекеттердің қатарына жатқызады. Жоғарыда аталған төрт мемлекеттің төртеуі де әлеуметтік желілерге елдегі саяси жағдайға байланысты шектеу қояды. Мемлекеттік қызметкерлерге TikTok жүктеуге тыйым салған елдер де бар. Мәселен, Тайвань, бірқатар Еуроодақ елдері, Ұлыбритания, Канада, Австралия және Америкадағы штаттардың көпшілігі осындай қадамға барған. Оған себеп – TikTok қолданушылардың конфиденциалды деректерін үшінші тараппен бөлісуі мүмкін деген күдік. Расында, платформа жасанды интеллект арқылы қолданушылардың қызығушылығына анализ жасап, соған сай лента ұсынады. Бірақ бұл деректердің басқа мүдделер үшін қолданылмайтынына толық кепілдік жоқ дейді. Тура сол секілді, 170 миллион қолданушысы бар АҚШ та қытайлық қосымшаға шектеу қою туралы заң жобасын талқылады. Сәуірде Байден тиісті құжатқа қол қойып, қытайлық компанияға TikTok-ты сат деген талап айтылды. Енді ByteDance бір жыл ішінде нақты тоқтамға келіп, сервисін сатпаса, желі АҚШ территориясында бұғатталады. TikTok бұл шешіммен келіспейтінін және сотқа жүгінетінін мәлімдеді. Олар деректерге қатысты күдіктерді бұрыннан жоққа шығарып келеді. Сондықтан өз сервистерін бұғаттау сөз, ой бостандығын шектеу деп есептейді. Мұндай пікірді көпшілік әр сөзіне мән беріп отыратын Илон Маск та айтты. Ол Х әлеуметтік желісіндегі парақшасында: «АҚШ-та ТикТокқа шектеу қоюдың қажеті жоқ, бұл сөз еркіндігіне қайшы» деп жазды. Арнайы зерттеу орталықтары, тағы сол секілді институттар мен сарапшылар, қалың аудитория да сөз бостандығы үшін алаңдайтындарын байқатып жатыр.

БҰЛ ЖЕЛІ БІЗДЕ БҰҒАТТАЛА МА?

Енді елде TikTok әлеуметтік желісіне шектеу қойылуы мүмкін. Бұл идеяны алғашқылардың бірі болып мәжілісмендер айтты. Сәуірде Ерлан Сайыров премьер-министрге депутаттық сауал жолдап, ұсыныс айтқан. Соңғы екі жылда TikTok-қа 14,1 миллион қазақстандық тіркеліпті, оның дені балалар. Аталған платформада жасөспірімдерді жаман әдеттер мен әрекеттерге үндейтін, әртүрлі ойындар мен онлайн казиноларды жарнамалайтын, порнография мен суицидке шақыру элементтері кезігетін, жала жабу, жалған ақпарат тарату сынды бейнематериалдар көп дейді ол. Сонымен қоса, діни уағыздардың оңды-солды таралуы, буллинг, тыйым салынған заттардың жарнамасы да айтылып жүр. Сондықтан заңға қайшы контенттерді бұғаттап, кәмелетке толмағандарға шектеу енгізіп, Қытайдағы секілді TikTok -тың балаларға арналған нұсқасын енгізу керек деді депутат. Ал ақпарат және мәдениет министрі Аида Балаева TikTok толық бұғатталуы мүмкін екенін, бұл сұрақтың қарастырылып жатқанын хабарлады.
Күні кеше көршілес Қырғыз Республикасы TikTok желісін бұғаттады. Қазақстанда бұл мәселе күн тәртібінде тұрмағанымен, TikTok бұғатталуының әсері қандай болуы мүмкін?
Жақында Мәжіліс депутаты Ерлан Саиров балалар TikTok арқылы тәрбиеленіп жатқанын айтып, алаңдаушылық білдіргенін жоғарыда айтып өттік. Сөзінше, әлеуметтік желіде пайдалы контент те, теріс қылықтарға бастайтын материалдар да жеткілікті.
«Түрлі ойындарды жарнамалау, онлайн казино, стримдер арқылы әдепсіз әрекеттер көрсету, тіпті порнография, суицидке шақыру, былапыт сөздер мен бейәдеп көріністерге толы рилстар да осы TikTok арқылы таралып жатыр. Оларды балалар тек қарап қана қоймай, зорлық-зомбылықтың құрбаны да болып, ойынқұмарлық дертіне ұшырауда. «Хайп» қуып, «пранк» деген желеумен ар-ұяттан аттау әдетке айналды», деп атап өтті депутат.

ӨКІЛДІК ЖАУАП БЕРДІ

Қазақстандағы TikTok өкілдігі елде әлеуметтік желіні жабу туралы ұсынысқа пікір білдірді. Олар жергілікті халықтың қауіпсіздігін сақтау әлеуметтік желінің ең басты мақсаты екенін атап өтті.
– Ең алдымен TikTok платформасында жеккөрушілік негізінде әрекет етуге және жеккөрушілік идеологияларын насихаттауға, сондай-ақ зорлық-зомбылық пен жеккөрушілікті насихаттайтын адамдардың немесе ұйымдардың болуына жол бермейді. Біз мұндай контентті өшіріп тастаймыз», дейді компания өкілдері.
Сонымен қатар, компания өкілдері TikTok 13 жасқа жетпеген балаларға кіруге тыйым салынғанын жеткізді.
«Кішкентай балалар әлеуметтік желіні қолданбауы үшін бізде толық туған күнін көрсету талап етіледі. Парақша 13 жасқа толмаған балаға тиесілі екенін автоматты түрде анықтайтын модерация технологиясы бар. Егер парақша кішкентай балаға тиесілі екенін анықтасам, ол автоматты түрде бұғатталады», делінген хабарламада.
2024 жылдың қаңтары мен ақпаны аралығында TikTok осындай 1,2 парақшаны өшіріп тастаған. Компания өкілдері баланың қауіпсіздігін сақтауда ата-ананың рөлі де орасан зор екенін айтады.
«Отбасылық орнатудың» арқасында ата-ана өзінің парақшасын баласының парақшасымен байланыстырып, оның не көріп отырғанын бақылай алады. Ата-аналарға осы мүмкіндікті пайдаланып, баласының онлайн өмірдегі қауіпсіздігін сақтауға шақырамыз», делінген компания мәлімдемесінде.
Естеріңізде болса, 3 қазанда депутат Геннадий Шиповских балаларды қорғау және ұлттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында бірнеше ұсыныс жасаған болатын. Алдымен TikTok платформасында экстремизм, радикализм, сепаратизм және моральдық құндылықтарға қайшы контенттерді анықтау және шектеу бойынша нақты алгоритм енгізу. Одан соң TikTok-тың YouTube Kids секілді балаларға арналған арнайы платформасын жасау ұсынылды. Бұл 13 жасқа дейінгі балаларды қауіпті контенттен қорғау үшін маңызды. 13 жасқа толмаған балалардың ата-анасының телефонынан TikTok-қа кіргенде Face ID технологиясы арқылы шектеу механизмі енгізілуі керек.
Сенатор бұл шаралар жастар арасындағы қауіпті әдеттердің алдын алуға, сондай-ақ ел азаматтарының денсаулығы мен моральдық құндылықтарын қорғауға бағытталған маңызды қадамдар екенін айтты.

Түйін: Datareportal сараптамалық платформасының деректеріне сүйенсек, 2024 жылдың қаңтары бойынша Қазақстан халқының 92 пайызы (18,19 млн адам) интернет қолданады. Әлеуметтік желілерді пайдаланушылар саны – 14,10 млн адам. Соңғы жылы TikTok аудиториясы 3,7 млн адамға өскен. Instagram аудиториясы – 15,8 пайызға, Facebook қолданушыларының саны 18,2 пайызға артты. Жақсы, пайдалысын алып, қажет емесін тізімнен сыза білу керек емес пе?
Бірде жасы үлкен қарт кісі немересімен үй ал дында ырсылдап жатқан екі итке қарап отырады. Иттердің біреуі ақ, екіншісі қара екен. 12 жасар немере есін білгелі осы иттер үнемі атасының үйі алдында алпарысып жататын көрінеді. Осы кез ге дейін атасы көзін алмай қарайтын ірі иттер еді бұлар. Осындай сәтте немересі атасына:
– Ата, иттеріңіз соншалықты үлкен. Үйді қорғауға біреуі де жетер еді ғой. Неге екеуін ұстайсыз? Ал неге біреуінің түсі ақ, екіншісі қара? – деп сұрайды.
Жасы 70-ке жеткен атасы күлімдейді де:
– Бұл иттерім мен үшін екі таңба, балам, – деп жауап береді.
– Ненің таңбасы? – деген немересі тағы да сұрағын қояды.
– Жақсылық пен жамандықтың. Тура осы иттер ұқсап, ішіміздегі жақсылық пен жамандық үнемі күресіп жатады. Иттерге қараған сайын соны ойлаймын. Сол үшін оларды қасымда ұстаймын, – дейді атасы.
Мұндай жауапқа таңырқай қараған немересі:
– Қалай ойлайсыз, екеуінің күресінде қайсысы жеңіп шығады екен? – дейді.
Сонда атасы:
– Қайсысы дейсің бе, балам? Мен қайсысына көп тамақ берсем, сол жеңеді, – деген екен.
Бұл мысалдан біз не түйдік? Әрине алдымен бойдағы қажетсіз қасиетімізді жеңу үшін жақсылықтың орнын толтыруымыз қажет. Біз қозғаған мәселедегі жақсылық – жақсы дүниелердің, жақсы қасиеттердің бейнесі. Қазаққа кім керегін ескерсек, шектен шықпаған өнерлі, бос жатпаған білімді керек. Ендеше «ақылға бірлік керегін» санаға сіңіргеніміз қажет-ақ.

Айнұр ӘЛИ
08 қазан 2024 ж. 124 0

Ротация туралы не білеміз?

03 желтоқсан 2024 ж. 53

Ерекше жандар ескерілді

03 желтоқсан 2024 ж. 81

Тәуелсіздікті ту етемін

02 желтоқсан 2024 ж. 82

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031