Демократиялық дамудың маңызды қадамы
3 қазанда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының II республикалық форумында сөз сөйледі. Президент өз сөзінде мәслихаттың мемлекеттік биліктің өте маңызды тармағы екенін атап өтіп, 2022 жылы референдум арқылы Конституцияға маңызды өзгерістер енгізілгеніне, соның нәтижесінде Парламенттің рөлі айтарлықтай күшейгеніне, жалпы билік институттарының жұмысын жетілдіру үшін нақты шаралар қабылданғанына назар аударды.
Сонымен қатар барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының екінші республикалық форумында депутаттар азаматтармен тікелей араласып, қоғамды өз жұмыстары туралы жан-жақты хабардар ете алуы керегін айтты. Президенттің сөзінше, реформаның арқасында еліміздегі әкімдер институты айтарлықтай өзгерді.
– Ауыл әкімін тікелей сайлау тәсіліне біржола көштік. Аз уақыттың ішінде ауыл әкімдерінің 90 пайызына жуығы жаңарды. Сондай-ақ аудан және облыстық маңызы бар қала әкімдерін сайлау жүйесін пилоттық жоба ретінде сынап көрдік. Биылғы Жолдауда айттым, олардың бәрі жаңа жылдан бастап сайланатын болады. Осылайша, басты билік тармақтары түгел сайлау жүйесіне көшті. Қазақстан тарихында ешқашан ондай тәжірибе болмаған. Тіпті мұндай ауқымды реформа осы аймақта біздің елде ғана жасалып жатыр деуге толық негіз бар. Мұның бәрі – демократиялық даму жолындағы айрықша маңызды қадамдар, – деді ол.
Елде халықтың жартысына жуығы ауылда, ауданда тұрады. Сондықтан азаматтардың көпшілігі үшін тікелей сайлау үйреншікті, қалыпты нәрсеге айналды, деп атап өтті Мемлекет басшысы. Қазақстан Президенті жергілікті өзін-өзі басқарудың негізгі институты ретінде мәслихаттардың тиімділігі олардың депутаттарының кәсібилігіне тікелей байланысты екенін атап өтті.
Айнұр ӘЛИ