Қазақстанда күріш қауызынан кремний көміртекті нанокомпозит өндіріледі
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі Ғылым қорының қолдауымен күріш қауызынан кремний көміртекті нанокомпозит өндіру жолға қойылғанын мәлім етті.
Ғылым қоры басқарма төрағасының орынбасары Сұлтанбек Аймақов күріш қабығынан кремний көміртекті нанокомпозит өндірісінің І кезегін іске қосуға қатысты. Өндіріс қуаты – жылына 1500 тонна полифункционалды кремний көміртегі материалы. Жобаны Ғылым қорының қолдауымен «Қазақстан Республикасының минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу жөніндегі ұлттық орталығы» РМК іске асырып жатыр. Жоба жетекшісінің айтуынша, күріш қауызы – күріш өндірісінің қалдығы.
Фото: Ғылым және жоғары білім министрлігі
«Күріш қауызы күріш салмағының 20 пайызына тең, ол құрамында маңызды элементтер – көміртегі мен кремний болғандықтан жаңартылатын шикізат саналады. Осы материалдың табиғи артықшылықтарын пайдалана отырып, біз нәтижесінде полифункционалды кремний көміртекті нанокомпозит алатын өңдеу технологиясын әзірледік. Материал резеңке техникалық бұйымдар мен фрикциялық материалдарды толтырғыш, кремний мен ферроқорытпа алуға арналған шикізат ретінде жұмыс істейді. Оны ауыл шаруашылығында да пайдалануға болады», - деді ол.
Сондай-ақ Сұлтанбек Аймақов «Инновациялар және минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу – экономиканы әртараптандырудың өзекті құрамдас бөліктері» атты халықаралық ғылыми-практикалық конференция жұмысына қатысып, қордың технологияларды коммерцияландыру бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары туралы хабардар етті.
Ғалымдардың пікірінше, кремний мен көміртектің нанокомпозиті литий-ионды батареяларға қолдануға болады. Мысалы, Джорджия технологиялық институтының мамандары литий-ионды батареялардың анодын жасау үшін кремний мен көміртектің нанокомпозитін қолдануды ұсынды. Олардың пікірінше, бұл электронды құрылғылардың кең спектрінде қолданылатын батареялардың көрсеткішін едәуір жақсартады.