«Халық қатысатын бюджет» бағдарламасы бойынша өтінімдерді қабылдау аяқталды

«Халық қатысатын бюджет» қалалық бағдарламасына өтінімдерді қабылдау 9 қыркүйекте басталып, 25 қыркүйекке дейін жалғасты, деп хабарлайды BAQ.KZ.
Барлығы budget.open-almaty.kz сайтына мегаполис тұрғындарынан 6 118 жоба келіп түсті.
Ұсыныстардың саны Наурызбай ауданы көш бастады – тұрғындар 1370 жобаны қарауға жолдады. Екінші орында Жетісу ауданы – 1199 өтінім берілген.
Алматылықтар өтініш берген негізгі бағыт – қоғамдық орындарда самалжайларды, орындықтарды, қоқыс жәшіктерін, балалардың ойнауы мен ересектердің демалуына арналған құрылымдарды орнату және жөндеу болды. Сайтта 1500-ден астам ұқсас жобалар бар.
Бағдарламаның келесі кезеңі – Алматы қаласының әр аудан әкімдігі жанынан құрылған сараптамалық кеңестердің өтініштерді қарауы. 8 қазанға дейін әрбір ұсыныс комиссияда қаралады.
Қандай жобалар қарауға қабылданбайды?
• құрылыс-монтаждау жұмыстарын жүргізбей, тек ЖСҚ (жобалық-сметалық құжаттаманы) әзірлеуге арналған
• фрагменттелген (болашақта қосымша элементтерді енгізуді талап ететін)
• Алматы қаласын дамыту бағдарламасына және Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтін
• коммерциялық сипаттағы және т.б.

Қараудан кейін әрбір өтінім үш мәртебенің бірін алады: «Дауыс беруге жіберілді», «Пысықтау үшін қайтарылды» немесе «Қабылданбады».
«Халық қатысатын бюджеттің» барлық ережелеріне сәйкес рәсімделген өтінімдер мақұлданады және дауыс беру кезеңіне жіберіледі.
Пысықтау үшін қайтарылған ұсыныстардың авторлары ағымдағы жылдың 9-14 қазан аралығында өз жобаларын түзетіп, өтінімдерді қайта қарауға жіберу мүмкіндігіне ие болады. Авторлар budget.open-almaty.kz интернет-порталына тіркелу кезінде көрсеткен электрондық пошта мекен-жайына өтінімді пысықтау қажеттілігі туралы хабарлама алады.

Дауыс беруге жіберілген жобалар budget.open-almaty.kz интернет-порталында жарияланады.
«Халық қатысатын бюджет» бойынша кеңесті немесе ақпаратты Алматы қаласының аудандық әкімдіктерінен, сондай-ақ Алматы қаласы әкімдігінің «Open Almaty» қоғамдық қабылдауынан 224 39 29 (ішкі 203) телефоны арқылы алуға болады.