Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Second hand сигменті немесе ескі киімнің екінші өмірі

Second hand сигменті немесе ескі киімнің екінші өмірі

Бұрын аға-әпкесінің киімін киіп өскендер көп еді. Қазір заман басқа. Бірінің кигенін екіншісі мүлдем кигісі жоқ. «Не кием?» деп баста ауыртпайды. Киім стильдері де өзгерген. Жыл сайын сән әлемінде өзгерістер үздіксіз жаңаланып жатыр. Оған ергендер әпкесінің киген киімін қайтсін? Дегенмен ескі киімге деген сұраныс ерекше екенін кейбірі біле бермес. Туысының емес, танымайтын жат адамның брендтік киімін арзан бағаға сатып алудан ешкім арланбайды. Шетелде бұл үрдісті Second hand сегменті деп атайды. Естіп па едіңіз?

Ауылдан қалаға арман қуып келген кез. Студент болған соң оңды-солды ақша шашу деген жоқ. Бір айға есептеп берген соманы түгел жеткізуің керек. Жас болған соң түрлі-түрлі киім киіп, сән-салтанат құрғың келеді. Бірде сол қалада тұратын құрбым киімдер дүкеніне апарды. Аздап иісі біртүрлі демесеңіз, қаз-қатар жиналған әйелдер көйлегі, жейде, не керек, бәрі бар. Әлгі құрбым керегін тарсылдатып таңдап алды да салмағын өлшетіп, келісіне есептеп төледі. Өте арзан бағада алған киімін кешкі серуенге киіп келді. Тіпті бөлек, сапасы да жақсы. Қызыққан соң жинаған ақшама мен де әлгі дүкенге бардым. Сол кезде барып «Секонд хэнд» деген атауды алғаш естіп едім. Дүкенге кірген бойда қалаған дүниеңді асықпай қарай аласың. Түрлі стильде, түрлі сәнмен тігілген киімдер. Өлшемі келсе болды, киесің де кете бересің. Бірнеше көйлек пен жейде алған мен арзан бағаға түскеніне мәзбін. Одан бері бірнеше жыл өтті ғой. Сол дүкеннен алынған киімдер әлі күнге дейін бар. Кеңейіп, не тарылып, бір бұрышы да сөгілмепті. Соған қарап, шетелден келген бұл киімдердің сапасы жақсы екенін аңғарасың. Қош. Бұл өзі қандай дүкен? «Екінші қол» аталған секондхэнд бізге қайдан келді?
Second hand 1943 жылы ең алғаш Англияда пайда болған. Қолданысқа енуінің бірнеше факторын атап өтуге болады. Алдымен, еуропалықтардың экономикалық жағдайы әлдеқайда жоғары. Сондықтан олар әр маусым сайын гардеробын жаңартады, тіпті киімдер көнеріп үлгермейді. Ал жаңа кейпін сақтап тұрған киім немесе басқа да мүлікті екінші қолға сату тиімді. Одан бөлек, жоғары сапалы мүлікті дүкеннен жаңа күйінше аса қымбат бағада алуға көпшіліктің жағдайы келе бермейді, ал оларға қолдан алған арзанырақ. Second hand – ағылшын тілінен аударғанда екінші қол дегенді білдіреді. Яғни, әр түрлі мүліктің екінші қолданушысына апаратын жол десек болады.
Әлемжелідегі түрлі жарнама сайттарында Қазақстанның әрбір қаласындағы әрбір нүктеде аталған үлгідегі сатылымдар жарияланған. Жарнамасы жер жаратын шетелдік қолданылған киімдердің бір қапшығының бағасы 10 мың теңге көлемінде тұрады. Бұл сірә, қалтаға жеңіл түсері анық. Мәселен, қазіргі таңда базарда тұрған сапасы төмен кеудешенің өзі кем дегенде 6-7 мың теңгеден басталады. Ал өлшенген кезде мұндайдың сапалысын небәрі 1500 теңге шамасында қолға түсіреді екенсіз.
Бастапқыда Ұлыбритания монархиялық әулеті киіп тастаған киімдерін «үшінші сортты» елдерге өткізу мақсатында бір орталыққа жинап, экспорттапты. Содан бастап дамушы мемлекеттер мен үшінші деңгейдегі елдерге Еуропа мен Америка тұрғындарының ескі киімдерін жіберу белең алып, Second hand ауқымды сауда саласына айналған. Айталық, The Boston Consulting Group (BCG) компаниясының 2021 жылы жүргізген зерттеуі бойынша Second hand сегменті сән индустриясының айналымын 24,8 миллиард долларға байытыпты. Көптеген брендтер мен сатушылар соңғы жылдарға дейін нарықтың бұл сегментіне назар аудармады. Қазір ескі киімге деген сұраныстың артуына байланысты жағдай күрт өзгерген. Сарапшылардың айтуынша, Second hand-тің жылдам таралуына интернет сауданың артуы мен тұтынушылардың құндылығының өзгергені әсер еткен. BCG жүргізген сауалнама бұрын пайдаланылған сәнді заттарды инвестициялау қауіпсіз, әрі олардың өз құнын тез жоғалтпайтынын дәлелдеген. Bain & Co консалтингтік компаниясының қызметкері Ирина Куликованың айтуынша, Еуропа мен Американың сән индустриясы Азия елдерінен әлдеқайда алда.
Сәнді брендтер мен бөлшек саудагерлер екінші нарықты әртүрлі тәсілдермен жаулап алуға мүмкіндіктердің туып отырғанын айтып отыр. Оңтайлы стратегияны табу үшін BCG талдаушылары компанияның ұзақ мерзімді мақсаттарын анықтауды ұсынады. Кейбір брендтер өздерінің имиджін қалай нығайтуға болатынын ойластырады. Басқалары пайданы көбейту немесе жаңа клиенттерді тарту туралы алаңдайды. Бұрын нарықтың бұл сегменті елеусіз, тіпті кейбіреулер үшін жиіркенішті болатын. Еуропа мен АҚШ-та сән-салтанат сатылымы ежелден келе жатыр. Пайдаланылған киімдердің көп бөлігі бутиктерден және дүкендерден сатып алынады, бірақ онлайн сатылымдар да қарқын алуда. Сарапшылардың пікірінше, сәнді және қолданылған заттарды сатуға арналған онлайн-канал жастарға қатты ұнайды екен.
Елде Second hand дүкендері кең таралған. Оның ішінде Қызылордада да әлі күнге дейін жұмыс істеп тұр. «2Гис» картадан қала ішіндегі дүкендерді іздестіріп едік. Орталықта орналасқан 3 дүкен тіркеліп тұр екен. Әлеуметтік желілерде де «Одежда на вес» деген атаумен парақшалар жұмысын жүргізіп отыр.
Бірде осы дүкеннен киінген қыздың басынан өткерген оқиғасын естіп едік. Ол бұрын-соңды мұндай тауарды тұтынған екен. Алайда бір оқиғадан соң мүлдем әлгі дүкенге жоламаған.
– Студент шақта сапалы киім алу үшін секондхэндке баратынбыз. Әлі күнге сол кезде алған киімдер тұр. Көнерген жоқ. Материалы төзімді. Бірде өзім ертіп апарған әпкем көздің жауын алар көйлек алды. Содан түрлі отырыстарға киіп баратын болды. Бірде түнде ол түс көріпті. Түсіне әлгі көйлектің иесі кіріп, мазалайды екен. Сөйтсе, әлгі қыз сол көйлекпен қайтыс болыпты. Осы оқиғадан соң мен де секондхендке бармайтын болдым, – дейді ол.
Әрине, сапасына сөз жоқ. Бірақ ойда бұған дейін мына киімді кім киді деген сауал туындайтыны заңдылық. Оның үстіне, оның денсаулығы қалай болды, жұқпалысы жоқ па еді? Мұндай дүкеннен киім алып, қалтасынан тауып алған лотореядан миллионер атанған шетелдік қыз туралы да естідік. Тіпті кейбірі киілген киімнің қалталарынан доллар тапқан кездері де болған. Ал дүкен иелерінің айтуынша, дүкенде әр киім ілініп, штрих кодпен нөмірленіп тұрады. Кейбір адамдар киілген киімде біреудің энергиясы бар деп ойлайды. Бірақ жуып, тазаласаңыз ол киімде энергия болмайды дейді. Расымен солай ма?
Ұлыбританиядағы Биллингсхерст тұрғыны ескі туфли киемін деп, сепсис ауруын жұқтырған. 23 жастағы модель Джемма Дауни жергілікті Second hand дүкенінің бірінен туфли алған. Оны бірнеше рет киіпті. Бірақ бір күні бойжеткен аяғына шыққан жараны байқаған. Ол аяғын ауыртып, шыдатпай қойған. Ақыры ауруханаға барып тексерілген. Алайда, қыздың аяғы ауруын тоқтатпаған соң, басқа емханаға баруды жөн көріпті. Ол жердегі дәрігер қыздың қан қысымы төмендеп, дене температурасы жоғарылап кеткенін айтқан. Сөйтіп тексеруден кейін оның сепсис ауруын жұқтырғаны белгілі болған. Джемма дәрігерлерге қайта дер кезінде келген. Егер жүре берсе, ауруы асқынып, аяғын кесуге тура келеді екен. Екі күн ауруханада жатып емделгеннен кейін бойжеткенді үйіне жіберген. Қазіргі уақытта Джемма тек ыңғайлы жайтабан аяқ киімдер киетін болған. Ал биік өкшелі туфли тек арман болып қалыпты. Медицина ғылымының кандидаты Жұпар Нақанованың пікірінше, Second hand киімдері саудаға түспес бұрын химиялық өңдеуден өткізілсе де, материалдың арасына енген кейбір бактериялар өлмеген күйі тіршілігін жалғастыра береді екен. Соның салдарынан біреу киген киімді пайдаланған адам биттеп, қышыма, астма, теміреткі сияқты ауру жұқтыруы мүмкін.
– Second hand қазаққа керек емес, жат үрдіс. Шетелде киілген киімді арзанға сатып, ақша табу бұрыннан бар. Осыны кейбір кәсіпкерлер Қазақстанға әкеліп алды. Оны жағдайы жоқ, ақшалары аз азаматтар амалсыздан алып киеді. Бірақ дәрігер ретінде киілген киімді сатып алуға қарсымын. Себебі бөтен адамның денесіндегі жаралар, қолтығындағы иісі келесі адамға киім арқылы жұғады. Ал аяқ киімдер арқылы иіс, бас киімдер арқылы қайызғақ жұқтыруы мүмкін. Сондықтан мұндай киімдерді алуға мүлдем болмайды, – дейді ол.
Ал бәрінен сұмдығы сол, шет елден әкелінген, біреудің киіп тастаған киімін үстіне ілген адам қатерлі ісіктің бірнеше түріне ұшырайды. Өйткені Second hand өңдеуде пайдаланылатын формальдегид – қатерлі ісікті тудыратын қауіпті канцерогендік зат екен. Жалпы киімнің қандай түрі болса да, мейлі ол жүннен тоқылған жемпір, мейлі жұқа блузка немесе көйлек болсын, алғаш киген адамның бактерияларын «сіңіріп», келесі пайдаланған кісіге тасымалдайтыны айтпаса да түсінікті.
Еуропада көбіне қайырымдылық көмек ретінде берілген киім-кешек секондхэндке өткізіледі. Өйткені қайырымдылық қабылдайтын орталықтарға көп жағдайда қаржылай көмек қажет болады. Қайырымдылықтан түсетін заттарды өткізуде алдыңғы кезекте Африка елдері тұр. Бұрындары бір үйдің балалары мектепке бару үшін екі ауысымда оқып, біреуі сабаққа бару үшін екіншісі біріншісін күтуге мәжбүр еді. Өйткені заман қос бүйірден қысқанда, етік алуға қаражат жетпеді. Тауқымет тартқан жылдары бір үйдің балалары осылай киінді. Ал қазір құдды бір тұтас әлем бір үйдің баласындай ма деп қаласың. Өйткені бірі киген киімді, екіншісі алып кие береді. Қызық, иә?

Айнұр АЙДАРҚЫЗЫ
24 қыркүйек 2024 ж. 116 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031