Ғаламдық жылынудың салдарынан қауіпті су тасқындары жиілеуі мүмкін
Фото: Джордж Калин/REUTERS.
Қазіргі кезде ауа массалары индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда 15-20% көбірек су буын сіңіре алады. Соңғы апталарда Орталық Еуропада болған қауіпті су тасқындары ғаламдық жылыну үдей түскен сайын жиілеуі мүмкін, деп хабарлайды Azattyq Rýhy Euronews-ке сілтеме жасап.
Аустрияның климаттық зерттеулер бойынша жетекші мамандарының пікірінше, бұрын жүз жылда бір рет болатын мұндай құбылыстар енді 80-90 жылда қайталанып отыруы ықтимал.
«Қазіргі кезде біз – яғни Жер планетасы жалпы алғанда – секундына шамамен Хиросимаға тасталған 14 атомдық бомбаның қуатындай жылдамдықпен жылынудамыз. Бұл – адамдардың жер жүйесіне қосып жатқан артық энергиясы, соның салдарынан Жер қызуда. Бұл дегеніміз, ауада көбірек су буы болуы мүмкін, ал нөсер жаңбырлар одан да қатты бола түседі», - деп түсіндіреді Geosphere Austria-ның климаттық зерттеулер бөлімінің басшысы Марк Олефс.
Орталық Еуропада «Борис» дауылы тудырған су тасқындары бірнеше адамның өмірін қиып, үйлер мен инфрақұрылым нысандарын қиратты. Өткен демалыс күндері Төменгі Аустрияның Санкт-Пёльтен аймағында бірнеше күн ішінде бір шаршы метрге 430 литрге дейін жауын-шашын түскен – бұл әдетте алты-тоғыз айда түсетін көлем.
«Қазірдің өзінде біз Орталық Еуропа аумағының, мұхиттар мен құрлықтардың, адамның араласуынан – яғни парниктік газдардың бөлінуі салдарынан, индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда екі-үш градусқа жылынғанын айта аламыз. Соның салдарынан тек жылы, ылғалды, Жерорта теңізінен келетін ауа массалары ғана емес, суық, полярлық ауа массалары да екі-үш градусқа жылынып, олар қаныққан кезде әр градус жылынуға 7% артық су буын сіңіре алады. Бұл дегеніміз, ауа массалары индустрияға дейінгі кезеңмен салыстырғанда қазір 15-20% көбірек су буын сіңіре алады», - дейді Марк Олефс.
Мамандардың бағалауы бойынша, Орталық Еуропадағы су тасқындары келтірген залалды жоюға бір миллиард еуродан астам қаржы қажет болады.