“ҚАУІПКЕ” қарсы қам қандай?
Коронавирус – қоғамды құрсауға салып, төрткүл дүниені тентіреткен індет. 2020-2022 жылдар арасында кеңінен етек жайған кесел кесірінен жаһан жұртының мазасы қашты. Жуырда әлеуметтік желіде «коронавирус қайта белең алды» деген жаңалық тарап, жұртты дүрліктірді. Аталған хабардың анық-қанығына жетіп, мән-жайды білмек болып, зерттеу жасадық.
1965 жылы пайда болған...
Тарихқа көз жүгіртсек, адамзатты қынадай қырған індеттің түрі көп. Мәселен, құс тұмауы, шоқа тұмауы, оба ауруы, тіпті африкалықтар таратқан эбола ауруы болды. Соның бірі – ковид-19. Алғашқы коронавирус 1965 жылы жедел риниті бар адамдардан бөлініп алынды. Бұдан кейінгі ондаған жылдар бойы вирус медицинаның сөздігінен жоғалып, тек 2002 жылы ғана Қытайда «SARS-Co» терминімен эпидемия ретінде пайда болды. Ақ халаттыларды күтпеген тосын сыйымен таңғалдырған коронавирус көрші елдерге жылдам тарап кетті. Нәтижесінде 8000-нан астам науқас тіркеліп, 775 адам қайтыс болды. Індет еңсерілгеннен кейін 2015 жылы Таяу Шығыстағы Оңтүстік Кореяда респираторлық синдромның дамуына себеп болатын қытайлық MERS-CoV коронавирусының белгілері қайта толқу алып, әлемді тағы бір мәрте үрейлендірді. Тәжді вирус 183 адамға әсер етіп, 33 науқас өлімімен аяқталды.
Мұнан соң араға төрт жыл салып, 2019 жылдың желтоқсан айының соңында Қытай билігі Уханьда белгісіз туберкулездің басталғанын хабарлады. Содан бері бүкіл әлемде кеңінен етек жайған covid-19 түрлі омикрон, кентавр және соңғы эрис сынды штамымен бүгінге дейін тарап келеді.
Бүгінге оралайық
Араға бірнеше жыл салып, енді ұмыт бола бастаған «ковид қайта өршиді» деген қауесет желіде желдей есіп жүр. Тіпті «Еліміздің бірнеше аймағында жұқпалы ауру бөлімінде қызу дайындық басталып, 15 қыркүйектен бастап карантин енгізіледі» деген де ақпараттар тарады. Желідегі жазбаларға кәміл сеніп, жарға жығылмас үшін зерттеп көрдік.
Ең алдымен елді дүрліктірмей, жүрек тыныштығы үшін жоғарыдағы сауалға жауап берелік. Елді елең еткізген хабардың жалған не шын екендігін тексермек болып Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің парақшасын ақтарып, байланысқа шықтық. Онда бақылау комитеті«15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіледі» деген ақпарат жалған екенін мәлімдеді.
– Әлеуметтік желілерде 15 қыркүйектен бастап карантиндік шектеулер енгізіліп, барлығына маска кию режимі енгізілетіні туралы таралып жүрген ақпарат шындыққа жанаспайды. Бас мемлекеттік санитариялық дәрігерінің міндетін атқарушының эпидемиялық маусым кезеңінде профилактикалық және эпидемияға қарсы іс-шараларды жүргізуді көздейтін қаулысына сәйкес ағымдағы жылғы 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы вакцинация жүргізу басталады. Маска кию режимі тек медициналық ұйымдардың қызметкерлері үшін енгізіледі, – делінген хабарламада.
Мамандар коронавирус инфекциясының жағдайы бақылауда екенін айтып қана қоймай, жалған ақпарат таратқан азаматтардың жазаланатынын да тілге тиек етті.
– Шындыққа жанаспайтын ақпаратты тарататын адамдардың іс-әрекеттеріне құқықтық баға беру үшін материалдар құқық қорғау органдарына берілді. Азаматтарды ресми ақпарат көздеріндегі сенімді ақпаратқа сенуге шақырамыз, – делінген хабарламада.
Ал денсаулық министрінің пікіріне құлақ ассақ, әзірге дабыл қағатындай жағдай емес екенін, десек те министрлік шара қабылдап жатқанын айтты.
– Коронавирус инфекциясымен байланысты бүгінгі ахуал туралы айтсақ, тоғыз адам коронавирус инфекциясымен ауруханаға жатқызылды. Жыл басынан бері қайғылы жайтпен аяқталған жағдай тіркелген жоқ, – деді министр.
Бірақ коронавирус жұқтырғандар тіркеліп жатқанын жасырмады.
– Иә, ауырғандар тіркеліп жатыр. Бірақ жалпы жағдай қалыпты шекте. Бірақ дайындықсыз отыра алмаймыз. Сондықтан денсаулық сақтау министрлігі, бас санитар дәрігер тиісті шаралар қабылдады. Біз медицина ұйымдарының қызметкерлерінің арасында күшейтілген маска режимін енгіздік. Өйткені бірінші кезекте медициналық қызметкерлердің өзін қорғауымыз керек, – деді Ақмарал Әлназарова.
Ауданда ахуал қалай?
Әлемді шалған аты жаман дерт қасиет қонған Қазалы ауданын да айналып өтпеді. Мұнда да жұқпалы аурулар бөлімінде аталған вирус белгілері табылып, тиісті емін қабылдағандар саны көп болды. Алайда аурудан ажал құшқандары да жоқ емес. Кейін елмен қатар ем алып, ауру саны азайып, тәжвирусы құрықталды. Сонан бері бірнеше жыл өтті. Соңғы деректерге сәйкес, аудандағы ахуалды білмек болып, аурухана дәрігері Пазылбек Махмудбекұлына қоңырау шалдық.
– “Коронавирус қайта өршіп жатыр” деген ақпарат жалған. Оған белгілі орынның ресми парақшасындағы ақпараттар дәлел болса керек. Алдағы уақытта да осы секілді жалған ақпараттың жетегінде кетпесі үшін тұрғындарға ресми парақшалардағы ақпараттарға ғана сенулеріңізді сұраймыз, – деп желідегі ақпарат жайында өз пікірін білдірді.
Мұнан соң аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесінің кез келген ауруға дайын екенін айтып өтті.
– Аудандық жұқпалы аурулар бөлімшесі кез келген ауруға жүз пайыз дайын. Яғни, 20 төсектік орын, оның ішінде бесеуі реанимациялық постқа арналған. Ал қазіргі мезгілдік, тұмау секілді аурулар жайы да қалыпты. Сонымен қатар өкпе ауруы, пневмания және ковид секілді аурумен түскендер жоқ. Жалпы ауданда ахуал қалыпты, – деді бөлімнің бас дәрігері Пазылбек Жәлімбетов.
Өзгеріс барма?
Денсаулық сақтау ұйымдары мәлімдегендей тәжвирус мутациялық өзгеріске түсетін, қақырық жинап, өкпе жұмысын нашарлату арқылы байқалатын ауру. Былайша айтқанда, қарапайым тұмаудың алғашқы белгілерін көрсетеді. Бірақ бауыр мен бүйрек жұмысының тоқтауына әкеліп соғатын қауқары бар. Адам организміне түскеннен кейін бір апта ішінде инкубациялық даму үстінде болады. Ол тек тыныс алу жолдарымен ғана емес, есік тұтқасы, ақша валютасы, адам қолы көп тиетін лифттің батырмасынан да жұғады. Вирус денесін дендеуші орташа есеппен екі-үш адамға таратады.
Жұқпалы ауруларға қарсы әлемдік қауымдастық өзінен вирус белгілері байқалған адамдардың көпшілік арасына қосылмауын сұрады. Ондай жандар өзін үйде оқшаулап, жедел-жәрдем көмегін күтуі тиіс.
– Вируспен бірнеше мәрте ұшырасқан ғалымдар оның адам ағзасына нендей өзгеріс енгізетінін зерттеуге мүмкіндік алды. Алайда ол пайда болған сайын өзін және сырқаттың салдарын өзгертіп отыратындықтан лезде емін табу оңайға түспеді. Себебі коронавирустар жасушаға еніп, цитоплазмада көбейеді (жасушаның жартылай сұйық құрамында). Олар иммунокомпетентті жасушаларға жайғасып алып, оны көлік құралы ретінде пайдаланады. Осылайша денеге тез тарала алады. Бұрын кездеспеген кедергіні еңсеруге бар күшін жұмсап, әлсіреген иммундық жүйе инфекцияны тануды және онымен күресуді тоқтатады. Алайда бұл вирустар 56 градус температурада жойылатыны белгілі. Коронавирус тыныс алу жүйесіне айтарлықтай зақым келтіреді. Оның әсерінен пайда болатын SARS әдетте бірнеше күнге созылып, толық қалпына келуімен бітеді Алайда кейбір жағдайда ол SARS немесе ауыр жедел респираторлық синдром (SARS) түрінде дамуы мүмкін. Бұл патология өлімнің жоғары деңгейімен сипатталады (38%). Ауру асқынғанда науқас ауа жетпегендіктен жан тапсырады, – дейді дәрігер мамандар.
Ауырмаудың жолы қайсы?
Адам ағзасында аталған вирусқа қарсы тұра алатын имунитет жоқ. Вирусолог ғалымдардың айтуынша, вирус адамнан адамға тыныс алу жолдары арқылы ғана жұғатын көрінеді. Сол себепті одан қорғану жолында адам тек өзіне өзі көмектесе алады. Ол үшін С витамині бар антиоксиданттар қабылдаған жөн. Бұл иммунитетті көтереді. Сондай-ақ ет, жұмыртқа, балық өнімдерінің балғындығы мен сенімділігіне көз жеткізбей тұрып қолданбау әркімнің есінде болуы тиіс. Бөлмені желдетіп, қолды сусабынмен жиі жуып тұрған артық болмайды. Бұлардан бөлек, аталмыш ауруға қарсы тұруға қауқарлы вакцинаны да дер кезінде алған жөн.
– Жеке бас гигиенасын сақтау, қол мен бетті таза ұстау – коронавирустан қорғанудың ең дұрыс жолы. Әр жарты сағат сайын қолды 20 секунд жылы сумен жуып, антисептик қолдану керек. Қол астыңызда арнайы тазарту құралы болмаса кез келген дәріханадағы кәдімгі спирт те жарамды. Егер оған аллергияңыз болса санитайзер қолданыңыз. Адамдар көп жиналатын жерлерге бармауға кеңес береміз. Бұдан бөлек, смартфоныңызды және үнемі қолданыста ұстайтын заттарыңызды күн сайын ылғал матамен сүртіп, таза ұстаңыз. Жалпы бұл ауру үшін осал жандар бар. Олар егде жастағы азаматтар мен балалар. Сол үшін суық тиюден сақтану керек, – дейді мамандар.
Серік АҚМЫРЗА