Шаруасы шалқыған шаруашылық
Ауданда асыл тұқымды мал шаруашылығын дамытуды, мал шаруашылығының өнімділігін және өнім сапасын арттыруды көздеген кәсіпкерлер саны жылдан жылға артып келеді.
Атап айтар болсақ, Ғ.Мұратбаев ауылдық округінің тұрғыны Ербол Әбілтаев осы күні мүйізді ірі қараны бордақылаумен айналысады. Ол бала шағынан әкесіне еріп, маңдай термен еңбектеніп, қалай кәсіп жасау жолдарын үйренген. Әкелі-балалы халықтан союға мал алып, жіліктелген етін әжептәуір қаржыға өткізіп ақша табатын. Ер жете келе бар береке төрт түлікте екенін түсінген Ербол кейін жиылған қаражатқа 5-6 бас сиыр алып, өзі мал бағуды қолға алады.
Ербол орта мектеп қабырғасында жүргенінде үздік шәкірттер сапынан көрінген. Қабілет-қарымы, елгезектігімен ұнаған бірқатар ұстазы оған жоғары оқу орнына түсіп, білімін толықтыруға кеңес берді. Себебі одан түбі жақсы маман шығатынына мол сенім артты. Алайда үлкен өмірге қадам басқан тұста тағдыр таланы басқа арнаға ойысты.
– Балам сабақты өте жақсы оқыды. Дегенмен оқу орнына түсіп, қалаған мамандық иесі болуына тілектестігімді білдіргенімде кәсіпкер боламын деп шешім қабылдады. Оның бұл таңдауына қарсылық білдірмедім. Содан бері өз еңбегімен табыс тауып жүргеніне жиырма жылға жуықтапты. Алғашында шамалы қаражатпен балық сатумен айналысты. Бұдан соң лақ пен тоқты алып, бордақылады. Кейін сиыр мен жылқыны баптауға көшті.
Қазір шүкір күнделікті 3-4 бас ірі қараны сойып, тұрақты тұтынушыларына өткізеді. Жылқыны 3-4 ай баптаса, сиырды жарты жыл бордақылайды. Малдарға барлық жағдай жасалады. Еті дәмді, әрі сапалы болсын деген мақсатта қораға арнайы мұздатқыш пен желдеткіш орнатылған. Ірі қараларды арнайы қасапшылар сояды, – дейді Ерболдың әкесі Бағдат.
Кеңес Одағы билік құрған жылдары аудандағы Құмжиек, Қазақстанның 40 жылдығы атындағы совхоздарында ақтылы қой өргізген әкесі Бағдат 1996 жылы Ғ.Мұратбаев ауылына қоныстанады. Оның тіршілік қамымен шопан таяғын, мал өнімдерін дайындаушылыққа ауыстыруына тура келді. Сонда Ербол әкесіне қолқанат болып, қолынан келетін көмегін берді.
«Көре-көре көсем боласың» демекші алымды жас қолға алған тірліктің бүге-шүгесін санаға мықтап тоқыды. Ынта-ықыласының нәтижесінде 2014 жылы ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында 2,5 миллион теңгенің несиесіне қол жеткізді. Алынған қаржыға тоқты сатып әкеліп, қой бордақылауға кірісті. Еңбек түбі – береке демейме, тынымсыз еңбектің арқасында мемлекеттің берген ақшасын мерзімінен бұрын төлеп құтылды.
2015 жылы аталған бағдарлама бойынша ірі қара малын көбейту үшін тағы да 3 миллион теңге алып, алғашында 12 бас бұқаны бағымға алды. Жыл санап күтімін жетілдіріп, мал санын көбейтуге күш салды.
Бүгіндері Ғ.Мұратбаев ауылында тұратын жеке кәсіпкер, әке жолын қуған Ербол Бақытұлы Әбілтаев қорасындағы 150-ден аса ірі қара мен жылқының бағымын келістіре жүргізіп отыр.
Ерболдың айтуынша, бордақы малдарына арнаулы құрал арқылы бидай, арпа, сұлы мен күнжара және жүгері тартылып, жемге айналдырылса, жоңышқа мен пішен туралып беріледі. Осындағы күні бойы толастамайтын қат-қабат шаруаларды Ғабит Шегебай, Айбек Өтегенов пен Нұрсұлтан есімді көмекшілері және Асылжан атты жүргізуші атқарады. Бұлар өздеріне жүктелген міндеттерге мұқият қарап дер кезінде орындауға дағдыланған.
Кәсіпкердің айтуынша, қайсыбір істі қолға алғанда ерекше құштарлықпен қарау керек.
– Жанұяда жалғыз болғандықтан да шығар, еңбекке ерте араластым. Әкемнің ізіне еріп, мал союды үйрендім. Оны базар, дүкендерге өткізіп кәсіпті дөңгелету қыр-сырына қанықтым. Мен үшін кәсібім ерекше құмарлық сезімімді оятады. Өйткені өзгелердей жәй ет өткізгім келмейді. Керісінше, әрбір ірі қараның салмағын екі есе көбейтуді көздеймін. Сонда ғана нағыз еңбегімнің жемісін татып, одан ләззат аламын.
Бір өкініштісі, ауыл тұрғындарындағы мал тұқымы азып кеткен. Асылтұқымды бұқа жоқ, болса бірлі-жарымында ғана бар. Сол себепті де аудан төңірегінен алған ірі қара малы аса салмақ қоса бермейді. Сондықтан жеке көлігіммен апта сайын Қостанай мен Шымкент жақтан бір рейс бағытымда 18-20 бас мал әкелемін. Бұл әрине, аз шығын емес. Бірақ барға қанағат етемін.
Осылайша сиыр мен жылқыны бордақылау арқылы аудан тұрғындарын ауыл шаруашылығы өнімдерімен қамтамасыз етеміз. Әйтеке би кентіндегі екі дүкенмен келісім-шартқа отырдық. Сиырдың әрбірі 300-320 келі таза ет береді. Шүкір, алға қойған жоспарларымыз жүзеге асып келеді, – дейді жеке кәсіпкер Ербол Әбілтаев.
Соңғы кездері ауыл шаруашылығы өнімдерінің сапасы мен экологиялық тазалығын сақтауға ерекше мән беріліп келеді. Алдағы уақыттары да тиісті орындар агроөнеркәсіп саласының өркендеуіне белсене атсалысып жүрген азаматқа барынша қолдау көрсетеді деген сенім бар.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА