Жеке инвестициялық ұйымдар зейнетақы активтерінің табысы бойынша Ұлттық банкті басып озды
2024 жылдың 1 тамызындағы жағдай бойынша жеке инвестициялық ұйымдардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің табысы Ұлттық банк салымдарына қарағанда көбірек болған. Соның ішінде "Сентрас Секьюритиз" АҚ табыс көлемі 9,05%-ға тең болған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Инвестициялық табыс кестесі, Stan.kz
Елдегі барлық зейнетақы жинағының көлемі 20 триллион теңгеден асады. Оның ішінде сенімгерлік басқарудағы актив көлемі 57,78 миллиард теңге. Ұлттық банктің сенімгерлік басқаруында 20 триллион теңгеден аса зейнетақы қаржысы бар. Ал түскен инвестициялық табыс жыл басынан бері 1,41 триллион теңгеге жеткен. Осылайша Ұлттық банктің басқаруындағы Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қоры активтерінің жыл басынан бергі кірісі 7,51% болды.
БЖЗҚ-ның операторы ретінде зейнетақы активтерін басқаратын Ұлттық банк қаржының басым бөлігін қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (44,04%), квазимемлекеттік компаниялардың және екінші деңгейлі банктердің облигацияларына салған.
Сенімгерлік басқарудағы зейнетақы активтерінің табыстылығы бойынша "Сентрас Секьюритиз" АҚ көш басында. Сентрас Секьюритизтің басқаруындағы актив көлемі – 1,3 миллиард теңге. Ал түскен инвестициялық табыс 111,43 миллион теңге. Осылайша 2024 жылдың басынан бері табыс мөлшері 9,05% болды.
Ұйым қаржы қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік компаниялардың облигацияларына, ҚР эмитенттерінің акциялары мен депозитарлық қолхаттарына, АҚШ мемлекеттік облигацияларына ақшаның негізгі бөлігін салған.
Табыс көлемі бойынша алдыңғы қатарда "Jusan Invest" АҚ да бар. БЖЗҚ есебіне сәйкес 9,31 миллиард теңге "Jusan Invest"-тің басқаруына берілген. Жыл басынан бері зейнетақы активтерінің инвестициялық табысы 743,19 миллион теңге немесе 8,91% болды.
Компанияның негізгі инвестициялары: қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына – 32,35%, Exchange Traded Funds (ETF) пайлары – 28,14%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары - 8,69% және т.б.
Инвестициялық табыс мөлшері бойынша BCC Invest алғашқы үштікте. Есеп бойынша қазақстандықтардың зейнет жинақтарының 4,9 миллиард теңгесі дәл осы ұйымның басқаруына берілген. 2024 жылдың басынан бері инвестициялық табыс 377,10 миллион теңгеге жеткен. Пайыздық көрсеткіште бұл 8,25% екен.
Инвестицияның негізгі бағыттары квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары (33,86%), екінші деңгейлі банктердің облигациялары (13,31%), қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздары (12,32%) және т.б.
"Halyk Finance" АҚ-ның сенімгерлік басқаруында 35 миллиард теңге бар. БЖЗҚ есебі бойынша жыл басынан бергі инвестициялық табыс 7,91% немесе 2,3 миллиард теңге болған.
Сенімгерлік басқарудағы қаржы негізінен қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына (18,33%), квазимемлекеттік ұйымдардың облигацияларына (12,46%), Exchange Traded Funds (ETF) пайларына (11,77%) бағытталған.
Ал "Halyk Global Markets" АҚ-ның инвестициялық табысы 7,66%-ға жетті. Ұйымның сенімгерлік басқаруындағы зейнетақы активтері 4,24 миллиард теңге. Жыл басынан инвестициядан түскен табыс мөлшері 310,25 миллион теңге болған.
Инвестицияның негізгі бағыттары: "кері РЕПО" (күнтізбелік 90 күннен аспайтын) – 20,02%, шетелдік эмитенттердің корпоративтік облигациялары – 16,61%, ҚР квазимемлекеттік ұйымдарының облигациялары – 13,92% және т.б.