Жаңа Салық кодексін 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылды
Фото: pixabay
Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров Жаңа Салық кодексі 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енетінін айтты.
Құжатты 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылған.
Салық заңнамасын жетілдіру шеңберінде жоспарлы салықтық тексерулер мен тиімсіз салықтық жеңілдіктердің бір бөлігін алып тастау жоспарлануда. Фискалдық саясат та пысықталатын болады. Жаңа Жаңа Салық кодексін 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізе отырып, 2025 жылғы шілдеге дейін қабылдау ұсынылады. Бұл белсенді бұқаралық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге, заңға тәуелді актілерді әзірлеуге және Мемлекеттік кірістер комитетінің ақпараттық жүйелерін дайындауға мүмкіндік береді, деді ол.
Айта кетейік, бұған дейін президент Тоқаев халыққа жолдауында ақша-несие саясаты мен фискалды саясаттың арасындағы үйлесімсіздікті жою қажеттігін айтқан болатын.
Бүкіл салық саясатын жиі өзгеріп жатқан фискалды ахуалға бейімдеу керек, соның ішінде салық мөлшерлемесін де қайта қараған жөн. Жеке табыс салығының мөлшерлемесін азаматтардың кірісіне қарай дифференциациялау қажеттігі туындап отыр. Салықтық әкімшілендіру ісінде жазалау тәсілінен де бас тартқан абзал. Мәжбүрлеу шараларын қолданбай-ақ, хабарлама жіберу арқылы өндірілетін салық берешегінің жоғарғы шегін көтеруге болады деп ойлаймын. Ал салық берешегі осы шектен асып кетсе, қарыз сомасы аясында ғана шектеу қойылуға тиіс. Яғни, борышкердің банктегі есепшоты толық бұғатталмайды. Берешек сомасы тым көп болған жағдайда, кепілге мүлік қоюды талап етпей, қарызды бөліп төлеуге мүмкіндік берген жөн, деді Тоқаев.