Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап не өзгереді?

Қазақстанда 1 қыркүйектен бастап студенттердің шәкіртақысы өсіп, медициналық қызметкерлерге маска тағу режимі енгізіледі. Stan.kz  күздің алғашқы айында болатын өзгерістерді түгелдеп көрді.

Фото-коллаж: Stan.kz
Студенттердің шәкіртақысы өседі
Үкімет басшысы Олжас Бектенов 2024 жылдың 1 қыркүйегінен бастап колледждер мен жоғары оқу орындарының студенттеріне арналған шәкіртақыны өсіру туралы қаулыға қол қойды. Жаңа нормаларға сәйкес колледж студенттеріне арналған шәкіртақы 50% артып, сұраныстағы кәсіптер үшін 43 574 теңге және орта буын мамандары үшін 41 896 теңге болады.
Бакалавриат студенттерінің шәкіртақысы 20% көбейіп, 47 135 теңгеге жетеді. Ал педагогикалық және медициналық бағыттағы студенттер 75 600 теңгеге дейін алады. Интернатура студенттері 85 376 теңге, ал резиденттер 123 122 теңге көлемінде шәкіртақыға ие болады.
Магистранттар мен докторанттардың да шәкіртақылары тиісінше 15% өспек. Олар 107 061 теңге мен 240 000 теңге аралығында болмақ. 2025 жылдың 1 қыркүйегінен бастап бакалавриат студенттерінің стипендиялары 20%, ал магистранттар мен докторанттардың шәкіртақысы 15% көбейеді.
Фото: pexels.com
Алматыда коммуналдық төлемдер қымбаттайды
Алматыда коммуналдық төлем құны қымбаттайды. Суық су бағасы 66 теңгеге жетсе, жылу құны 6% өседі. Бұл туралы сала мамандары өткізген басқосуда белгілі болды. 
Тариф құнының өсуі қаладағы жылу желілерінің – 57,9, су желісінің – 54,3 кәріз желісінің – 57%-ға тозуымен байланысты туындап отыр. Мамандар баға көтерілсе, су мен жылу желілерінің тозуын 3%-ға, қалған инженерлік желілердің тозу деңгейін 1,2%-ға төмендетуге болатынын айтты. 
Алматы әкімдігі жаңартылған тарифтердің қандай болатынын мәлімдеді:
  • Электрмен жабдықтау ("Алатау Жарық Компаниясы" АҚ): +2,53 теңге (ҚҚС-сыз 11,4 теңге/кВтсағ);
  • Сумен жабдықтау: Халық үшін: +11,78 теңге (ҚҚС-сыз 66,00 теңге/м³), басқа тұтынушылар үшін: +57,22 теңге (ҚҚС-сыз 339,28 теңге/м³);
  • Су бұру: Халық үшін: +12 теңге (ҚҚС-сыз 40,95 теңге/м³);
  • Жылу энергиясы: ҚҚС-сыз +8% 10 484,38 теңге/Гкалға дейін.
Ал шаһардың жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Бауыржан Жаубасов коммуналдық қызметтердің өсуіне байланысты 2023 жылдан бері әлеуметтік осал топтың қатарындағы адамдарға өтемақы беріліп келгенін атап өтті. 0,8 айлық есептік көрсеткіш мөлшеріндегі әлеуметтік төлемді 140 мыңнан астам азамат алған.
"Өтемақыны алып жатқан азаматтарға құжат өткізу қажет емес. Ал жаңадан қосылған алматылықтар аудан әкімдіктеріне барып, қосымша алгоритм бойынша құжаттарын тапсырады, өтінім береді", – деді Бауыржан Жаубасов.
Фото: Pixabay.com
Несие аларда жұбайының келісімі қажет
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі жеке тұлғаға банктік қарыз немесе микрокредит беруге жұбайының (зайыбының) келісімін алу қағидаларын бекітті.
Биыл 19 маусымда президент Қасым-Жомарт Тоқаев қарыз алушылардың құқықтарын қорғау және кредиттеу кезінде тәуекелдерді азайту туралы заңға қол қойған еді. Қаулымен жұбайының (зайыбының) келісімі қажет банктік қарыздың немесе микрокредиттің ең төменгі мөлшері 1000 АЕК (2024 жылы 3 692 000 теңге) мөлшерінде бекітілді. 
Банктік қарыз немесе микрокредит шартына қол қоймас бұрын банк немесе микроқаржы ұйымы (МҚҰ) клиенттің тіркелген некеде тұрғанын әділет министрлігі жүйесі арқылы тексеруге тиіс. Егер клиент некеде болса және ол алғысы келетін несие сомасы 1000 АЕК-тен асса, оның жұбайы келісім беруі керек. Келісім еркін жазбаша нысанда банктің бөлімшелерінде немесе МҚҰ филиалында қағаз жеткізгіште не электронды нысанда рәсімделеді.
Сонымен қатар клиенттің жұбайына (зайыбына) сол банкте қызмет көрсетілсе, онда келісімді банктің мобильді қосымшасы арқылы ресімдеуге болады. Егер жоқ болса, онда электронды үкіметтің веб-порталын пайдалана алады. 
Айта кетейік, егер банк клиенттен жұбайының (зайыбының) келісімін алуға міндетті болса, бірақ олай етпесе, ол несиені есептен шығаруы керек. Норма 1 қыркүйектен бастап қолданысқа енгізіледі.
Қазақстандықтардың заңсыз берілген несиелері бойынша қарыздары жойылады
1 қыркүйектен бастап қазақстандықтар заңсыз берілген несиелерін есептен шығаруды бастайды. Әңгіме алаяқтардың eGov жүйесінде орнатылған тыйымды айналып өтіп, өз мойнына алған қарыздары туралы болып отыр.
Мемлекет енді азаматтарын алаяқтық операциялардан қорғауға тырысады.
Қылмыскерлер қандай да бір жолмен несие алып үлгерсе, несие бергендер жауапқа тартылады.
Айта кетейік, ақпан айынан бастап қазақстандықтар несие алудан өз еркімен бас тарта алады. Лимитті электронды үкімет порталында және eGov мобильді қосымшасында орнатуға болады. Жеті айдың ішінде 400 мыңнан астам азаматқа банктер мен микроқаржы ұйымдарынан несие алуға тыйым салынды.
Енді банк немесе микроқаржы ұйымы шектеу белгісін көріп, автоматты түрде клиентке несие бермеу туралы шешім қабылдайды, ал 1 қыркүйектен бастап олар заңсыз берілген несиелер бойынша берешекті есептен шығаруға міндетті болады. Алайда шектеу ломбардтар мен клиенттерінің несие тарихын бағаламайтын басқа да ұйымдарға қолданылмайды.
Фото: Pixabay.com
Кредитті есептен шығарудың жаңа нормасы іске қосылады
Елімізде несиеден өз еркімен бас тарту құқығы 2024 жылы ақпанда енгізілді. 
"Енді заңға сәйкес, 1 қыркүйектен бастап азаматтар кредит алудан ерікті түрде бас тартуды белгілеп, бірақ банк несие рәсімдеген болса борышты есептен шығару міндетті", – делінген хабарламада.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәлімдеуінше, несие аляқтық жолмен рәсімделген болса азамат банк омбудсменіне барып арыз жазып, несиенің алаяқтық жолмен алынғанын дәлелдеуі керек. Егер ол несиені алаяқтар алғанын дәлелдеген жағдайда сот шешімі шыққанша кредиттің өсімі мен төлемі уақытша тоқтайды. Сот шешімінен кейін кімнің кінәлі екені белгілі болады. 
Қазақстанда несие алу кезінде жұбайының келісімін алу ережесі бекітілді. Егер азамат ерікті түрде несиеден бас тартып, ал банк соған қарамастан несиені рәсімдеп қойса бұл банктің кінәсі болмақ.
Ал биыл 20 тамыздан бастап биометриялық идентификациядан өтпеген клиентке электронды банк кредиті мен онлайн микрокредит беруге тыйым салынды. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мәліметінше, 461 мың азамат несие алудан өз еркімен бас тартқан.
Медициналық қызметкерлерге маска тағу міндеттелді
Қазақстанда бас санитар дәрігердің міндетін атқарушы Нұрқан Сәдуақасов ауруханалардағы медицина қызметкерлеріне маска кию режимін қайтару туралы қаулы шығарды. Құжатқа сәйкес денсаулық сақтау басқармаларының басшылары 1 қыркүйектен бастап медициналық ұйымдарды тұмауға қарсы екпеге дайындау керек. 
Медицина қызметкерлеріне мынадай міндеттер жүктелді:
  • Белгіленген мерзімде вакцинациялауға құқығы бар адамдардың тізімін жасау;
  • Вакцинаны сақтау және тасымалдау нормаларын ұстану;
  • Егу кабинеттері мен бригадаларын екпеге дайындау және асқынған кезде шұғыл көмек көрсету.
Сондай-ақ 15 қыркүйектен бастап тұмауға қарсы екпе басталған соң дәрігерлер маска киіп жүруге міндетті. Олар мекемелерде эпидемиялық маусым (тұмау, ЖРВИ және COVID-19) кезінде науқастарын қабылдауға дайын болу керек.
Фото: Pixabay.com
11 жастағы қыздарға папиллома вирусына қарсы екпе салынады 
Биыл қыркүйекте 11 жастағы қыздарға адам папиллома вирусына қарсы вакцина салу басталады.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация үшін адам папиллома вирусының ең онкогенді түрлерінен қорғайтын АҚШ-тың 4 валентті "Гардасил" вакцинасы қолданылады.
Адам папиллома вирусына қарсы вакцинация онкологиялық аурулардың, соның ішінде жатыр мойны обырының ауыртпалығын азайтады және жалпы халықтың денсаулық көрсеткіштерін жақсартуға, онкологиялық аурулардан болатын сырқаттанушылық пен өлім-жітімді төмендетуге ықпал етеді.
Бүгінде адам папиллома вирусын жұқтырмаудың және жатыр мойны обырының алдын алудың жалғыз әдісі – вакцинация. 135 ел адам папиллома вирусына қарсы вакцинацияның тиімділігін ескере отырып, бұл вакцинаны ұлттық иммундау бағдарламаларына енгізді. Соның ішінде Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан мемлекеттері бар.
Электромобильдер салық пен утильалым төлемейді
Қазақстанда электромобильдерді қуаттау станциялары жетіспейді, ал оларды бокста немесе паркингте өз бетінше зарядтауға тыйым салынады. Электр көлігі иелерінің осы және басқа да мәселелерін қабылданған заң шешті. Жаңа ережелерде олар 2024 жылдың 18 қыркүйегінен бастап күшіне енеді.
Мемлекет басшысы 18 шілдеде көлік және электр көліктеріне арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының Заңына қол қойды. Жаңа Заңға сәйкес "гибридті автомобиль" және "электромобиль" ұғымдары енгізіледі. Электромобильдер автотұрақ пен паркингтерде арнайы орындармен қамтамасыз етіледі, ал олардың иелері автотұрақ ақысын төлеуден босатылады.
Сонымен қатар электрокар иелері салық пен утильалым төлемейді. Бүгінгі таңда әлемде электромобильдерге деген сұраныс артып отыр.
Фото: wroom.ru
Жаңа оқу жылында жаңа сабақ түрі енеді
Еліміздің барлық балабақшалары, мектептері және колледждерінде 1 қыркүйектен бастап балаларға қорғану негіздері бойынша оқыту сабақтары ұйымдастырылады. Осыған орай ҚР Оқу-ағарту министрлігі "Жеке бас қауіпсіздігі" тақырыбында 130 сабақ әзірледі.
Мақсаты – балалардың бойында жеке қауіпсіздігі пен басқаларды қорғауға қатысты саналы және жауапты қарым-қатынас қалыптастыру, сондай-ақ төтенше жағдайларда әрекет етуге дайындау.
Балалардың құқықтарын қорғау комитеті төрағасының айтуынша, балалардың жас ерекшеліктері мен даму деңгейін ескере отырып, сабақта балаларды ынталандыратын жайлы жағдай жасалады.
Оқушылар мектепте тегін және жеңілдікпен тамақтанады
Биыл 1 қыркүйектен бастап еліміздің барлық өңірінде "Әлеуметтік әмиян" шеңберінде оқушылар тегін және жеңілдікпен тамақтандырылмақ. 
Үкімет хабарламасында елімізде азаматтардың жекелеген санаттарын дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтандыру 2023 жылдың соңынан бері пилоттық режимде іске асырылып жатқаны жазылған.
Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету бойынша 43 ұйым қосылып, 30 мың рецепт іске асырылған. Мектептерде тегін және жеңілдікпен тамақтандыруға 93 ұйымға 27 мың түскі ас таратылды. "Әлеуметтік әмиянды" әзірлеушілер аталған пилоттық жобаның сәтті тәжірибесін таратуға ниетті.
Жоба шеңберінде сонымен қатар бірнеше шара бойынша пилоттық жобаны іске қосу қосымша пысықталып жатыр. Оларға:
  • ақшалай қаражатты монетизациялау;
  • ерекше қажеті бар адамдарға техникалық оңалту құралдарын сатып алу;
  • халықтың әлеуметтік осал топтарына ӘМАТ тізбесінен азық-түлік сатып алуда атаулы көмек көрсету;
  • әлеуметтік осал санаттағы тұтынушылар үшін тауарлы газға ваучерлер мен ЖЖМ бағасының өсуін өтеу үшін ваучерлер ұсыну жатады.
Apple компаниясы жаңа iPhone-ды көрсетеді
Тұсаукесер 9 қыркүйекте (дүйсенбі) Астана уақытымен сағат 22:00-де өтеді. Компания iPhone 16 смартфондарын көрсетеді деген болжам бар. Компания Apple Watch Series 10 және AirPods құлаққаптарының жұбын ұсына алады.
Алдын ала мәліметтер бойынша, iPhone 16 және 16 Plus тік камера блогына ие болады. Сондай-ақ жаңа модельдер үлкенірек дисплейлер мен әрекет түймешігін ала алады (бұрын ол тек серияның жоғарғы үлгісінде болған).
Сонымен қатар iPhone 16 желісінің үлгілері Apple Intelligence жасанды интеллект платформасына қол жеткізе алады.
Фото: Devices.ru
31 тамыз 2024 ж. 116 0

Ісі ілгерілеген өндіріс

23 қараша 2024 ж. 62

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қараша 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 123
45678910
11121314151617
18192021222324
252627282930