Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Елдің атын шығарған ер

Елдің атын шығарған ер

Абырой биігінен көрінген №17 олимпиадалық резервтің мамандандырылған балалар-жасөспірімдер мектебі ұжымы бүгінгі күні даңқты додаларда топ жарып, көптеген чемпионды даярлауда. Бағындырар асулары да аз емес. Бұлардың қатарында спортты басты бағытқа алған өнегелі де талантты жаттықтырушылар көптеп кездеседі. Соның ішінде кеудені кере мақтана айтатындар да баршылық. Әсіресе салауатты өмір салтын ұстанып, спортты серік еткендермен қуанамыз.
Соның бірі – грек-рим күресінің жаттықтырушысы Самат Оспанов С.Сейффулин атындағы мектептің түлегі. Ол Болгария мемлекетінде ардагерлер арасындағы грек-рим күресінен өткен Әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды. Әлемді өзіне тамсандырған жігіт ағасы елдің тыныштығын тілеп, жастарға спортпен айналысуға мүмкіндік зор болса екен деген пайымын білдіруден жалыққан емес.
Болгария елінің Пловдив қаласында ардагерлер арасында грек-рим күресінен өткен әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Халықаралық дәрежедегі спорт шебері қазалылық Самат Оспанов есімі бүгінде көпке таныс.
«Жігітті кеткен күшімен сынама, еткен ісімен сына» дейді халқымыз. Білек пен білікті бір арнаға тоғыстырып, ел ішінен болар балаларды танытып жүрген бірегей маман өз қарымын түрлі жарыста шынықтырып жүр. Қырықтан асса да оның өз бабында тұрғандығын байқаудамыз.
2002 жылы Түркістан облысы, Шымкент қаласындағы М.Әуезов атындағы мемлекеттік университеттен дене тәрбиесі және спорт мамандығын меңгеріп шыққан Саматты оқу орны өздеріне алып қалады. Тәжірибесіздігіне қарамай, жас маманға арнайы күрес пәнінен дәріс беруді тапсырады. Еңбек жолы басталған бірінші жылдың өзінде С.Оспановтың алғашқы шәкірттері грек-рим күресінің техникаларын меңгеріп, спорт саласында жетістіктерге жетеді. Дей тұрса да «Ер туған жеріне» деген ұстанымды ту еткен азамат, арада көп уақыт өтпей, өзі туып-өскен жеріне оралады.
№17 Қазалы аудандық спорт мектебіне жаттықтырушы болып орналасады. Осы жиырма жылдан аса уақытта талапшыл маман жан-жақты шыңдалды. Шәкірттерін шыңға шығарды. Өз ісіне берілген маманның баулыған балуандары санатында Қазақстан Республикасы чемпионатында ересектер арасында бірнеше медальді қанжығалаған Айдос Сүлеймен, Түркия елінде, Грецияда өткен Халықаралық жарыста топ жарған Наурыз Әбибуллаев, Ернар Жолдас, ҚР біріншіліктерінің жүлдегері Раухан Серік, Әлихан Іздік, Ақтілек Жағал, Ербол Сахи, Абылай Демекбай, Арон Өмірзақтар бар.
Жыл сайын ауданда өтетін Халықаралық, республикалық Елеу Көшербаев атындағы турнирде үнемі баптаған балуандары топ жарып келеді. Бұған дейін турнирдің Халықаралық сынында үміт үдесінен көрінген Ернар Жолдас та республикалық сынында күміске күптесе, Шымкент қаласында өткен Мардан Сапарбаев атындағы Халықаралық жарыста Айдос Сүлейменов екінші орын биігінен көрінген. Айдос Бұғыбай Қостанай қаласында ұйымдастырылған Қазақстан ауыл спорты ойындарында алтыннан алқа тағып, аудан абыройын асқақтатқан.
Өз ісіне адалдық танытып, үнемі жан-жақты ізденіс үстінде жүретін Самат Қобландыұлының тәрбиесімен түлеген Олжас Сүлейменов, Ербол Сахи, Ербол Сүлейменов, Әлихан Іздік, Әзиз Жақсылық ұстазының жолын жалғап келеді. Олар да жас спортшыларды додаларға дайындап жүр.
«Әр баланың өзіндік бейімі, қабілеті болады. Соны танып, білуіміз керек. Өзіне үміт артып, ертеңіне жетерлік қабілетті бойына дарытып, өзіндегі талантын тәрбиелей алған кез келген өреннен жетістік, жеміс күтуге болады. Мәселен, Ернар есімді шәкіртімді 5 оқитын кезде Арал ауданы, Сексеуіл кентінен, ата-анасына өтініш айтып, алып келіп, күрес өнеріне баулыдым. Үйімде жатып, мектеп оқытып, жаттығуларын орындатып, бойындағы талантын шыңдауға атсалыстым. Нәтижесі жаман болған жоқ», – дейді спорт саңлағы.
Күні кеше талапшыл спортшы ардагерлер арасынан Грек рим күресінен Қазақстан чемпионатында 62 келі салмақта чемпион атанды.
– Алла қаласа, қазан айында өтетін әлем чемпионатына тыңғылықты жаттығуды бастаймын Қазақстанның көк туын әлемдік додада көтеруге барымды саламын. Бұл Хорватия мемлекетінде өткізілмек.
Болгарияда өткен әлем чемпионаты мен Ресейдегі жарыста күміске қол жеткіздім. Қырғызстанда ұйымдастырылған ашық чемпионатта жеңімпаз атандым. Былтыр грецияда әлем чемпионатының қола жүлдесін қанжығаладым. Бүгінде грек рим күресінен халықаралық спорт шеберімін, – дейді Самат Қобыландыұлы.
Өзінің еңбегімен елдің атын ер шығаратынындай, қашан да мемлекет мерейі даму көрсеткішімен бірге спортшылары арқылы мәртебелі болады. Қазақ елінің байрағын желбіреткен осындай озық оғландарды күрес өнеріне баулып жүрген бапкер Самат Оспановтың алар асуы әлі алда деген үмітті артып отыр қазалылықтар. Осындайда Д.Қонаевтың: «Нағыз спортсмен ауылдан шығады. Жол сілтеп демеп жіберсең болды. Тау қопарады» деп айтқаны ойға оралады.
Айнұр ҚАЗМАҒАМБЕТОВА
30 тамыз 2024 ж. 155 0

Руханият

Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын.

Мен өмірді қалаймын.

08 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

07 қараша 2024 ж.
Мен  өмірді қалаймын!

Мен өмірді қалаймын!

07 қараша 2024 ж.
Мен өмірді қалаймын

Мен өмірді қалаймын

04 қараша 2024 ж.

Жаңалықтар мұрағаты

«    Желтоқсан 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
3031