«AMANAT» Қытай Коммунистік партиясымен стратегиялық серіктестікті нығайтуда
Партияның Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек бастаған «AMANAT» партиясының делегациясы Бейжің қаласына сапарға барды. Сапар аясында ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчаомен кездесу өтті.
Тараптар Қазақстан мен Қытай арасындағы серіктестік жаңа деңгейге көтерілгенін және партияаралық дипломатия мемлекетаралық қатынастарды нығайтуда маңызды рөл атқаратынын атап өтті.
«AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек қытайлық әріптестеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың ел дамуының институционалдық тұрақтылығын нығайтуға бағытталған ауқымды реформалары туралы хабардар етті.
- Қазақстан мен Қытай көшбасшылары мемлекетаралық қатынастардың жаңа кезеңін ашты. «AMANAT» партиясы мен ҚКП арасындағы ынтымақтастық туралы Меморандум Си Цзиньпиннің таяуда Қазақстанға жасаған мемлекеттік сапары барысында қол қойылған 32 құжаттың қатарында болуының символдық мәні бар, – деді Дәулет Кәрібек.
ҚКП ОК Халықаралық байланыстар бөлімінің меңгерушісі Лю Цзяньчао партияаралық алмасулар қытай-қазақстан қатынастарының маңызды бөлігі саналатынын атап өтті. Ол Қытай Коммунистік партиясы «AMANAT» партиясымен достық байланыстарды кеңейтуге, партиялық құрылыста және өзге де салаларда алмасу мен өзара оқыту жұмысын нығайтуға, сондай-ақ Қытай-Қазақстан қатынастарын дамыту ісіне атсалысуға дайын екенін атап өтті.
Сапар аясында ҚКП ОК ұйымдастыру бөлімінің және Орталық партия мектебінің басшылығымен, қытайдағы сарапшылар қоғамдастығының және ҚКП бастауыш партия ұйымының өкілдерімен бірқатар кездесу өтті.
Тараптар партияаралық ынтымақтастықты одан әрі нығайтуға және тереңдетуге уағдаласты.