Қазақстанда бизнесті қолдаудың жаңа механизмі іске қосылады
Фото: pixabay
Қазақстанда ішкі сауда саласындағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі іске қосылады.
Жоғары аудиорлық палата мәліметінше, Сауда және интеграция министрлігінің және оның ведомстволық бағынысты ұйымдарының қызметіне жүргізілген мемлекеттік аудит барысында республикада сауда инфрақұрылымының одан әрі дамуын тежейтін себептердің бірі бизнестің осы бағытта инвестициялау мүмкіндіктерінің шектеулігі екені анықталды. Осыған байланысты сауда және интеграция министрлігіне кәсіпкерлік субъектілерінің қаржылық әлеуетін арттырудың нақты механизмдерін айқындау тапсырылды.
Нәтижесінде министрдің биыл 21 маусымдағы бұйрығымен Ішкі сауда субъектілеріне жеке кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шараларын көрсету қағидалары бекітілді, олар қазіргі заманғы сауда инфрақұрылымын қалыптастыру бойынша іс-шараларды ынталандыруға бағытталған, делінген хабарламада.
Бірінші кезеңде мемлекет бұл бағытқа 4 млрд теңге бөлді. «Даму» қорынан қаржыландыруды осы жылдың қазан айында бастау жоспарлануда.
Сондай-ақ ережеде мемлекеттік қолдау алушылар үшін отандық өндірістің азық-түлік және азық-түлік емес тауарларын сауда орындарына орналастыру бойынша қарсы міндеттемелер көзделген.
Қазақстанда ішкі сауда саласындағы бизнесті мемлекеттік қолдаудың жаңа механизмі іске қосылады.