Қазалыдағы жұмыс қарқыны қуантады
Биыл Қазалы ауданында жағымды жаңалықтар көп. Соның бірі – көптен бері тұралап қалған Қазалы қаласы – Әйтеке би кенті аралығында жол жұмысының қайта жандануы. Одан бөлек кент ішінде аса маңызы бар орталық, басты көшелер де қайта жаңғырту мен жаңадан асфальт төсеп, күрделі жөндеу жұмыстарынан өтіп жатыр. Осы және өзге ауданішілік жол салу жұмыстарымен толыққанды таныспақ болып аудан әкімдігіне барған едік, жасалып жатқан жұмыстар легі көз қуантты.
Соңғы жылдары ауданда ауыл арасындағы жолдар мен елді мекенішілік көшелердің жағдайы жақсарып келеді. Жалпы ауданның коммуналдық меншігінде 406,2 шақырым аудандық маңыздағы автомобиль жолдары бар. Соның ішінде 261,8 шақырым асфальтты, 96,4 шақырым қиыршық тасты және 48 шақырым топырақты жол. Бірнеше жылдан бері жалғасып келе жатқан жол салу, асфальт төсеу сынды жұмыстар нәтижесінде бүгінде жолдың жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы үлесі 88,2 пайызға жетті.
Биылда жемісін берер жұмыстар жалғасын тауып, ағымдағы жылы облыстық бюджеттен бөлінген 120 миллион теңгеге «Бозкөл-Тасарық», «Бекарыстан би – Шөмішкөл» бағытындағы барлығы 20,4 шақырым автомобиль жолдарын қайта жаңғырту жұмыстары жалғастырылуда. Жолды пайдалануға беруге республикалық бюджеттен 164 миллион теңге қажеттігіне қарамастан мердігер мекеме «Қазалы жолшы» ЖШС өз қаражаты есебінен жобаны аяқтауға жұмыс жатыр.
Тағы Әйтеке би кентіндегі Жанқожа батыр және Әйтеке би сынды көшелердің қайта жаңғырту жобасына 2024 жылға ұлттық қордан 691,8 млн теңге қаржы бөлініп, жол құрылыс жұмыстары жүргізілуде.
– «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында Әйтеке би кентіндегі орталық көшелер – Жанқожа батыр және Әйтеке би көшелерін қайта жаңғырту жобасына биыл қаржы бөлініп, жол құрылысы жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Қазіргі таңда Жанқожа батыр көшесінің жол жиегін бекіту, бордюлерді салу, аялдамаларды орнату, Жанқожа көшесінің Қ.Пірімов пен Т.Бөріқұлақов көшелерімен қиылыстарына жол айрықтарын салу жұмыстары жүргізіліп, асфальт қабаты төселді. Ал Әйтеке би көшесіне асфальт қабатын төсеу жұмыстары жүргізілуде. Айта кетейік, екі көшеніңде қайта жаңғырту жұмыстарымен «Строймодуль Астана» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі мекемесі айналысуда, – деп аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет қуанышты хабармен өз парақшасында бөлісті.
Ауданда осы салаға қатысты бірнеше бағдарлама аясында жұмыстар жасалуда. Дәлірек айтсақ, «Шағын және моноқалаларда бюджеттік инвестициялық жобаларды жүзеге асыру» бағдарламасымен Қазалы қаласының Ерлепесов, Мергенбаев, Уалиханов, Рахашұлы, Әйтеке би, Жалаңтөс батыр, Хегай Гер Сек, Бәкішев, Ж.Жабаев, Жақаев сынды он көшесін қайта жаңғырту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жол жұмысының сапалы әрі тыянақты етіп жасалуын мердігер мекеме «Болашақ» ЖШС алған. Жобаның жалпы құны 718,966 миллион теңге, оның ішінде ағымдағы жылы құрылыс жұмыстарын бастауға 69 млн теңге қаржы бөлінген.
Сонымен қатар жаңа жолдың игілігін қазалылықтар «Жаңа ауыл» атап кеткен аймақтың тұрғындары да көруде. Яғни, Әйтеке би кенті бойынша «Нұрас и К» ЖШС тарапынан Әйтеке би кентіндегі Бегім ана, Сырым батыр көшелеріне күрделі жөндеу және С.Сейфуллин көшесін орташа жөндеу жұмыстары сәтті тәмамдалды.
Одан бөлек «Қазалы жолшы» ЖШС тарапынан Әйтеке би кентінің – Жаңқожа 3 км, М.Өтемісұлы тұйығы, Ұялы, Ақан Сері, 2 квартал, Қасым Аманжолов сынды көшелері де назардан тыс қалмай, орташа жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
Ендігі біршама уақыттан бері тұралап қалған, аудан тұрғындарының ашуын туғызып, созбалаңға салынған Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы 7 шақырымды құрайтын жол құрылысы жайы да қайта қаралып, жұмыстар қайта жанданды.
Екі аралықтағы жолды жөндеу жұмыстары 2020 жылы басталған болатын. Алайда жауапты мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің жауапсыздығы салдарынан жол құрылысы тұралап қалған.
Бүгінгі таңда Әйтеке би мен Қазалы қаласы аралығындағы төрт жолақты автомобиль жолын аяқтау жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын қайта жариялау жұмыстары жүргізіліп, мердігер мекеме «Нұрлы-Тау» ЖШС болып анықталды. Жол құрылысын аяқтау үшін биыл бюджеттен 862 миллион теңге бөлінді. Сәтін салса, төрт жолақты жол құрылысы биыл тамыз, қыркүйек айында аяқталады деп жоспарланып отыр.
– Қазалы ауданының орталығы – Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы автомобиль жолын кеңейту жұмыстары 2020 жылы басталып, мердігер мекеме «Стандарт Ойл КЗО» ЖШС-нің жауапсыздығы салдарынан жол құрылысы тұралап қалған болатын. Алайда биыл аймақ басшысының қолдауымен бұл мәселе шешімін тауып, төрт жолақты автомобиль жолын аяқтау жобасы бойынша мемлекеттік сатып алу жұмыстарын қайта жариялау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде мердігер мекеме «Нұрлы-Тау» ЖШС болып анықталды. Биыл жол құрылысын аяқтау үшін бюджеттен қаржы бөлініп, қазіргі таңда мердігер мекеме тарапынан жол жөндеу жұмыстары басталып кетті. Әйтеке би кенті мен Қазалы қаласының аралығындағы 7 шақырым автомобиль жолын кеңейту жұмыстары қазан айына дейін аяқталады деп жоспарлануда, – деді М.Зинабдинұлы.
Серік ӘЛИҰЛЫ