Судағы сақтық немесе ескертпелерді неге ескермейміз?
Күн сайын 112-ден «Белгіленбеген орындарда шомылуға тыйым салынады», «Су айдындарында балаларды ересектердің қарауынсыз қалдырмаңыздар» деген мәтінмен хабарлама сізге де келіп жүрген болар. Дегенмен ескертпелерді ескермей жатқанымыз тағы бар. «Тыңқ» еткен хабарлама дауысына шотыма ақша түсті екен деп ойлап, қарағанда хабарлама 112-ден болса, «осылар-ақ шаршамайды екен» деп сөйлеп қалатынымыз да жасырын емес. Әйтсе де судан да сақтану керегін жеріне жеткізіп айтып жатыр. Сонда да суға батып көз жұмғандардың саны неге азаймай тұр? Елде, өңірде, аудандағы жай қалай? Сараптап көрдік.
«Құлыным-ау» деп зар жылаған дауыстан шошып ояндық. Үлкендер түс қайта балаларды қаз-қатар тізіп, ұйықтатып тастаушы еді ғой. Солай тәтті ұйқыда жатқанда ащы дауыс есімізді жиғызды. Ол кезде баламыз ғой. Екі үйдің арасы жабылмаған. Ары-бері жүгіріп, азан-қазан болған көрші Қарлыға апаның үйінде сол күні қаралы күн болды. Қызының да қаладан төркіндеп келгеніне көп болмаған. 3-сынып оқып жүрген ұлы осы әулеттегі алғашқы жиен еді. Барлығы түскі ұйқыға кеткенде аптап ыстыққа қарамай ауыл ішіндегі шағын су арнасына шомылмақшы болыпты. Солай батып кеткен екен. Алыстан көріп қалған көрші балалар көмек шақырғанымен, бәрі де кеш болды. Осы оқиға күні кеше болғандай әлі де көз алдымнан кетпейді. Әсіресе балалардың суға әуес екені белгілі ғой. Оны қойшы. Осыдан бірнеше жыл бұрын үлкендерден естуші едік. 1-2 жасар балақайлардың арыққа су келгенде соған батып, құбыр арасына қыстырылып көз жұмғаны қорқынышпен айтылатын. Ол кезде теледидар аз, смартфон мүлдем жоқ. Қазір ше? Шертіп қалсаң ақпарат айдыны, түртіп қалсаң төрткүл дүниені шарлайтын көк экраннан көз ашпаймыз ғой. Ендеше неге суға деген әуестік азаймай тұр?
СТАТИСТИКА БҮЙ ДЕЙДІ
Жаз басталса болды, көпшілік жағажайларға, өзен-көлдерге ағыла бастайды. Егер қауіпсіздік ережелерін сақтамаса қауіп-қатерге тап болуы мүмкін. Қауіпке қарсы қарекет етпегендер тек өзінің ғана емес, балалары мен жақындарының өміріне қауіп төндіріп жатқанын да біле бермейді. Өйткені шомылуға тыйым салынған жерлер Қазақстанда аз емес. Жалпы елде 85 мыңнан астам өзен мен 48 мың көл болса, оның ішінде шомылуға тыйым салынған 4 598 орын анықталған. 2022 жылы елде 242 адам суға батып көз жұмған. Оның ішінде 77 жасөспірім бар. Бұл деректерді 2021 жылмен салыстырсақ, ересектердің өлімі – 43, кәмелетке толмағандар арасында қауіпсіздік ережелерін сақтамағандар қатары 41 пайызға азайған. Ал былтыр шомылу маусымы кезінде 136 адам, оның ішінде 51 бала судан құтқарылған екен. Төтенше жағдайлар министр¬лігі мамандары «тұрғындармен жүргізіліп жатқан профилактикалық жұмыстарға қарамастан, жаздың үш айында 177 адам және олардың арасында 53 кәмелетке толмаған бала суға батып кетті» дейді.
Бұл мәселе биыл да ушығып тұр. Шомылу маусымы басталғанына екі айға жуық уақыт болғанымен осы аралықта республика бойынша 87 адам батып кеткен. Оның 35-і – бала. Төтенше жағдай мамандары су айдындарына рейд шараларын күшейткен. Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, қайғылы жағдайлардың басым бөлігі шомылуға тыйым салынған орындарда болған. Бүгінде қауіпсіздік үшін су айдындарында 399 объектілік құтқару бекеті бар, онда 3 800 құтқарушы жұмыс істейді. Олар 160 адамды, оның ішінде 44 баланы құтқарған.
АУДАНДАҒЫ ЖАЙ ҚАЛАЙ?
Мәселенің мән-жайын нақтылау үшін Қазалы аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің мамандарымен байланыстық. Олардың айтуынша, суда қаза табудың негізгі себептері – өз күшін асыра бағалау, мас күйінде шомылу және жүзе алмау көрінеді. Сондай-ақ ересектердің қарауынсыз қалған балалар көп жағдайда қайғылы жағдайға душар болады екен. Сондықтан мамандар жағажай демалысын құп көретіндерге міндетті түрде суға жүзуді үйренуге кеңес береді. Егер нашар жүзетін болсаңыз үрмелі матрастар мен шеңберлерге сенудің қажеті жоқ дейді олар.
– Осы судағы сақтық шараларын жасап, алдын алу үшін күнделікті сағат 11.00-22.00 аралығында рейдке шығамыз. Биылдың өзінде 3 адам суға кетті. Оның 2-еуі балабақша тәрбиеленушілері, арыққа батып қайғылы оқиғаға тап болды. Ал 1-еуі ересек адам. Бассейн мен Қашқынсудан бөлек, белгіленбеген Қараарық, Ақарық, Алтай секілді су айдындарында шомылып жатады. Егер белгіленбеген жерде суға түссе айыппұл арқалайтынын ескерген де жөн. Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 412-бабы бойынша 19 922 теңге көлемінде айыппұл төлеуге міндеттеледі. Суға шомылудың қауіпсіздік шаралары мен ережелерін сақтамаған жағдайда демалыс сәті қас-қағымда қайғылы жағдайға айналып шыға келуі мүмкін. Сондықтан шомылуды ашық, желсіз күні бастаңыз. Ауа температурасы 20-25, 17-19 градустан кем болмағаны дұрыс. Қоршалмаған ашық жерде тұруға және ойнауға болмайды. Суда жүзуді білмеген жағдайда су жағасынан алысырақ тұру керек. Судың түбінде қауіпті заттар болуы мүмкін, сол себепті таныс емес жерлерде сүңгуге, белгіленген жерден қашыққа жүзуге болмайды. Бастауыш мектептің оқушыларына ата-анасының рұқсатынсыз не болмаса үлкендердің бақылауынсыз су қоймаларына баруға болмайды, – дейді аудандық төтенше жағдайлар бөлімінің инженері, азаматтық қорғау аға лейтенанты Сұлтанай Серікқалиұлы.
Сонымен қатар мамандардың айтуынша, балалар үрленген матрастармен және камералардың көмегімен жүзгенді ұнатады. Қолдан жасалған жүзу құралдарын пайдаланады. Бұл – өте қауіпті. Қолдан жасалған жүзу құралдары аударылып кетуі мүмкін, ал үрген матрастар мен камераларды жел алысқа алып кетуі мүмкін. Қайықтың ішінде ойнауға, қайықты шайқауға, тұрып орын ауыстыруға, ернеуден төмен жылжуға болмайды. Су қоймаларында адамдардың су асты ойындарына шек қойылады, себебі тұншығып қалулары мүмкін.
Жүзушіге суда демала білуді үйрену – өте маңызды. Бұл әдісті тайыз жерден бастаған дұрыс. Бірінші әдіс – аяқ пен қолды жазып, көзді жұмып, басын суға салып, арқамен жату керек. Осы қалыпта баяу қимылдау қажет. Терең дем алып, өкпедегі ауаны ұстай білген жөн. Екінші әдіс – «қалтқы» сияқты денені жинап, ауаны ішке жұтып, бетін суға салып, екі тізені құшақтап қысып дем шығаруды тоқтату (күшке салмау). Кейін суда баяу дем шығару, сонан соң су бетінде тез дем алу және тағы да «қалтқы» болу соңғы әдісті үйренуге әсерін тигізеді. Әр бала суда жүзуді үлкендердің көмегімен үйренуі қажет. Әрбір адамға осы жоғарыда айтылғандардың бәрін біліп жүрген артық етпейді, судағы қауіпсіздік ережелерін сақтап жүргенде ғана келеңсіз жағдайлардың орын алмасы анық.
95% ӨЛІМ ТЫЙЫМ САЛЫНҒАН ОРЫНДА ТІРКЕЛЕДІ
Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов таяудағы Үкімет отырысында елде шомылу маусымы басталғалы бері қанша адам суға батып кеткенін айтып есеп берген еді. ТЖМ басшысының айтуынша, халық қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында еліміздің су айдындарында Төтенше жағдайлар министрлігінің 42 құтқару бекеті жұмыс істейді. 2025 жылы Шалқар, Имантау көлдерінде және Қосшы қаласында үш модульдік стансаның құрылысы аяқталады. Ірі су қоймаларына тағы 15 станса қажет. Жазғы кезеңде қосымша мобильді бекеттер құрылады. Онда судағы кезекшілік және патрульдеу жұмыстары жүргізіледі. Жыл басынан бері 76 адам, маусым айының басынан бері 24 адам құтқарылды.
– 2020 жылдан бері судағы адам өлімінің саны 437-ден 227-ге дейін азайды. Қазір заманауи катерлер, жүзу құралдарын және дрондарды жоспарлы түрде сатып алып жатырмыз. Сонымен қатар Маңғыстау облысында Каспий теңізінің жағалауында Ұлттық теңіз жасағын құру жұмыстары жүргізілуде. Әкімдіктермен бірлесіп шомылу мен демалуға рұқсат етілген орындарды жылдан жылға ұлғайтып жатырмыз. Олардың саны бүгінде 708-ге жетті және барлығы 2GIS платформасында көрсетілген, – деп хабарлады Әрінов.
Оның айтуынша, балалардың қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді. Құтқарушылар балаларға жүзуді, құтқару және алғашқы көмек көрсету дағдыларын үйретеді. Сондай-ақ балалар лагерлерінің тәрбиешілерімен және ата-аналармен түсіндірме жұмыстары жүргізіледі. Су айдындарының жанында орналасқан 30-дан астам балалар лагерінің тек 19-ында ғана балаларға арналып жабдықталған суға шомылу орындары бар. Жыл басынан бері 26 мыңнан аса рейд жүргізілген. Мас күйінде шомылғаны үшін 3 мыңға жуық тәртіп бұзушыға, 1 маусымнан бастап 49 адамға айыппұл салынған.
ӘЛЕМДІ ДЕ ӘБІГЕРГЕ САЛУДА
Бір қызығы, әлемде жыл сайын орта есеппен 320 мың адам шомылу маусымы кезінде суға кетіп, қайтыс болады екен. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, бұл әлемде күтпеген оқыс оқиғалардан болатын өлім-жітімнің үшінші себебі саналады. Әсіресе дамушы елдерде қауіп жоғары. Дамыған АҚШ-тың өзінде тәулігіне ондаған адам суға кетіп, қаза табады екен. Әлемдік статистика көңіл көншітпейді. Қайғылы оқиғалардың жиілеуіне не себеп?
Суға кетудің басты факторы – қауіпсіздік ережелерін сақтамау. Яғни, тыйым салынған жерлерде шомылу, мас күйде суға түсу сияқты әрекеттердің соңы қайғылы жағдайға әкеп жатады. Әлемде суға кету деректері көбейді Әлемдегі өлім-жітімнің 7%-ін суға кету деректері құрайды. Әсіресе су құрбандарының ең жоғары көрсеткіші 5 жасқа дейінгі балалардың үлесінде. Мұнан кейін 15 пен 29 жас аралығындағы жеткіншектер мен жастар көп. Сондай-ақ әйелдерге қарағанда ер адамдардың суға кетуі екі есе жиі болады. Қайғылы жағдайға қауіпсіздікті сақтамау, таза суға қолжетімділіктің болмауы, жүзу ережелерін білмеу сияқты факторлар әсер етеді. Дерекке сүйенсек, қара құрлықта өмір сүру деңгейі төмен Нигерия мен Эфиопияда, Азияда Үндістан, Бангладеш, Пәкістан, ал Латын Америкасында Бразилия мен Мексикада суға кету қаупі жоғары. Жан-жағы мұхит-теңізбен қоршалған Индонезия, Малайзия, Жапония сынды аралды елдерде де қайғылы оқиғалар жиі тіркеледі. Климаты тым ыстық Мысыр, Таиланд және Мароккода да шомылу кезінде суға кету деректері көптеп кездеседі. Балалардың суға кету дерегі азаймай тұр. АҚШ-та жыл сайын 4 мыңға жуық адам суға кетіп көз жұмады. Әсіресе 1 мен 4 жастағы балалар арасында жиі тіркеледі. Көбіне нәрестелер үйде бассейн мен ваннада шомылу кезінде тұншығып, өліп кетеді. Ал 5 пен 17 жас аралығындағы жеткіншектер өзен-көлдерде суға кетеді екен. Былтыр бұл елде 10 мың адам шомылу кезінде ажал құшқан. Тағы бір зерттеу америкалықтардың суға кетуіне олардың тұрмыс жағдайы да әсер ететінін көрсетіп отыр. Мысалы, отбасы табысы төмен жанұялардағы балалар жүзіп үйренуге мүмкіндігі болмай, зардап шегетін көрінеді. Сондықтан елде мәселені шешу үшін балаларды туғаннан бастап жүзуді үйрететін түрлі мемлекеттік бағдарламалар қабылданған.
Ал Латын Америкасындағы Мексикада да мазаны қашырған аптап ыстықта тұрғындар су айдындарынан пана табады. Мұнда шомылу маусымы мамырдан қазан айына дейін жалғасады. Алайда елде жағажайлар суға түсу үшін дұрыс жабдықталмауынан қайғылы жағдайлар жиі тіркеледі.
Пәкістанда халықтың жартысынан көбі жүзу білмейді екен. Өйткені оны үйрететін спорттық кешендер аз. Жүзуді меңгеруге қарапайым адамдардың қалтасы да көтере бермейді. Оның үстіне қыз-келіншектерге суда жүзу ерсі саналады. Бірақ осыған қарамастан халық ыстықта өзен-көлді жағалап, суға көп шомылады. Салдарынан жыл сайын жүздеген адам ажал құшады. Тұрғындар болса шыжыған ыстықтан тек шомылып қана амалдайтынын айтады.
Түйін: Жалпы республика бойынша суда жаппай демалуға рұқсат етілген 612 орын бар екен. 4 598 орын суға түсуге қауіпті деп танылып, суға түсуге тыйым салынған орындар тізіміне енгізілген. Судағы қауіпсіздік ережелерін сақтамаған азаматтар Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 364, 412 және 440-баптары бойынша жауапкершілікке тартылады. Қош. Қазақстанда соңғы 10 жылда 2 мыңнан аса адам суға батып, қайтыс болған. Оның мыңға жуығы – бала. Соған қармастан, шомылу маусымы кезінде құтқарушылардың ескертуін елемейтіндер азаймай тұр. Не істемек керек?
Айнұр ӘЛИ