Бағыты дұрыс адамға бағынбайтын белес жоқ
Соңғы жиырма жылда Қазақстанда жұмыссыздық деңгейі төмендеген. Бұл бағытта бизнес бастап, өз ісін ілгерілеткен нәзікжандардың үлес-салмағы басым. Олар қол қусырып, үйде отырмайды, отбасылық бюджетті бақылап, қазынаны қомақтандыруға атсалысып келеді. Сондай жанның бірінің өнімдеріне өзі тұратын шағын аудан ғана емес, республиканың түкпір-түкпірінен тұрақты тапсырыс берушілер табылған. Тіпті елдің дәмі деп шет елдегі туыстарына да сыбаға ретінде жолдайтындар бар көрінеді.
Қазалылық Айжан Әлімова – жоғары білімді есепші экономист маман. Сұранысқа ие мамандықты меңгерген қыздың өмірлік таңдауы өзгеше болды. Оқу орнынада алған теориялық білімі кейін бизнес бастауда көп көмегін тигізді. Талғампаздар талғамынан шығып жүрген тәттілер өндіруші таңдауына ешқашан өкінген емес. Көп балалы ана, керісінше, өндірісін өрістету, өсіру жолында үздіксіз ізденісін арттырып келеді.
Соңғы жылдары сауда қатарларында көздің жауын алатын тәттілердің түр-түрі нарықты жаулаған. Өткен ғасырдың соңындағы қатқан пірәндік, шыққан жағы белгісіз дәмділерді қазір жергілікті өнім өндірушілер ауыстырған.
Қызылорда қаласының тумасының бизнеске келуі де қызықты. Күнкөріс қамы емес, қызығушылық тудырған қадам.
– Үлкен шаңыраққа келін болып түстім. Анамыз оқу-тәрбие саласында тер төгіп, талай жыл басшылық еткен жан. Жолдасымның да жақсы жұмысы бар. Үнемі үйден қонақ арылмайды. Жас келін болағыныма қарамай, баспанамызға бас сұққан жандарды қолдан жасалған тағамдармен қуантқым келетін. Вахталық әдіспен жұмыс істейтін күйеуім демалысқа келгенде де қолдан піскен тамақтармен күтіп алуды үрдіске айналдырдым. Дастарқаннан дәм татқандар қолымнан шыққан пісірмелерімді кондитердің жасағанынан кем емес деп мақтайтын, – дейді Айжан Оразбайқызы.
Отбасында анадан алған тәлімі тынымсыз келіншекті табыс табуға жетелетеді.
Бірде үй тірлігінен босай саласымен, бәліш пісіріп, жақын жердегі балабақшаға апарып сатып көреді. Бәрі таласа алды. Күнде келіп тұруын сұрайды. Тағы бірде хот-дог пісіріп, базарға саудалайды. Алғаш ұяң қыз ұялып, бұл әрекетін жасырын істейді. Берекелі бастаманы білгенінде енесі қолдаса, жұбайы қарсылық танытады. Алғашында ағайын-туыс, дос-жарандардан кейде ақылы, кейде ақысыз тапсырыстар алып жүреді. Санасындағы үлкен мақсаты өз қажеттілігін анықтап, кәсіпкерлік саласына кірісуге ұмтылады. 2019 жылы Ақтөбе қаласына барып, торт пісірушілердің шеберлік класына қатысады.
«Тәттілерді пісіру бизнес бастауға аздық етеді. Шығаратын өніміңнің құрамын зерттеу, қаржылық сауаттылық, маркетинг, сөйлеу шеберлігі, кіріс-шығысты есептеп, серіктестік байланысты құру, кәсіпкерлік саласын реттейтін нормативтік-құқықтық актілермен, заңдармен таныс болу қажеттілігі туындайды. Құқығын білмегенге, құрық көп», – дейді кейіпкеріміз.
Кәсіпкер 2020 жылы қайтарымсыз грантқа құжат тапсырады. Сол жылы «Атамекен» кәсіпкерлерді қолдау палатасынан біліктілігін арттырып, сертификат алады. Сол кездегі карантин уақытына байланысты қиындықтар туындап, 2021 жылы кезегі келіп, 583 мың теңге көлемінде қайтарымсыз қаржыға қол жеткізеді. Мемлекет берген мүмкіндік Айжанның арманындағы алғашқы кәсіби миксер мен торттың бетіне сурет салатын принтер алуына септеседі.
2021-2022 жылдар ол үшін табысты жылдар болады. 2023 жылы 2,5 процентпен берілетін «Ауыл аманаты» атты несиеге бизнес жоспары лайықты деп танылған А.Әлиева отбасындағы қайғылы жағдайға байланысты қорғауға бара алмай қалады. Қиындыққа қаймықпаған қыз сол жылы шұжықтар жасауды үйрену курсына, сондай-ақ «Шеф про» атты ауқымды шеберлік дәрісіне қатысады.
Бүгінде Айжанның өнімдері қатарында торт, пирогтар, бәліш, самса, прәндік, тәтті корждар, табиғи шұжықтың бірнеше түрі бар. Тұраты тапсырысшылар, іздеп жүріп, алатындардан бөлек үнемі келушілерін осы цехтың өнімдерімен қуантатын сауда орындарымен келісім жолға қойылған.
Өзіміз куә болған аз уақыт жергілікті өнім өндірушінің тауарларының шебер қолдан шыққан көрікті, дәмді, балғын және бағасы да тұрғындар үшін қолайлы екендігіне көз жеткіздірді.
«Ұн өнімдері нарықта үлкен сұранысқа ие. Дәл осы бағытта шағын және орташа бизнестің мүмкіндігі ауқымды. Онда бір бағытта тұрақтап қалуға болмайды. Үнемі жаңалыққа ілесуің қажет. Тіпті бір жыл бұрын «хит» болған тәтті келер жылы сұраныстан шығып қалуы мүмкін. Бағыты дұрыс адамға бағынбайтын белес жоқ. Қалғаны сылтау ғана. Алда кәсіпкерлік көкжиегін дамытып, өзім сияқты қыздарды осы мамандыққа баулып, жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне көмектескім келеді», – дейді.
Алтын МЕЙІРХАНОВА