Қазалы Qazaly.kz ақпараттық агенттігі
» » Білім грантын тағайындау: 104 мыңнан астам талапкер өтініш білдірді

Білім грантын тағайындау: 104 мыңнан астам талапкер өтініш білдірді

104 мыңнан астам талапкер білім гранттарын тағайындау конкурсына қатысуға өтініш берді. Ең көп таңдалған қала – Алматы, деп жазады azattyq-ruhy.kz.
Ғылым және жоғары білім министрлігінің хабарлауынша, өткен жылы 94 мыңнан астам өтініш қабылданған. «Биыл бакалавриатқа түсу үшін 79 мыңға жуық грант бөлініп отыр. Оның басым бөлігі инженерлік және техникалық бағыттарға бөлінген. Биыл алғаш рет ішінара оқу ақысы бар сараланған гранттар енгізілді. «Педагогикалық ғылымдар» және «Әлеуметтік ғылымдар, журналистика және ақпарат» бағыттары бойынша 150 сараланған гранттан бөлінген. Сондай-ақ, «Серпін» бағдарламасы арқылы түсушілерге 3 903 грант бөлінген. Гранттар тізімінде 5 000 халық тығыз қоныстанған және батыс өңірлердің жастарын жетекші жоғары оқу орындарында оқыту үшін мақсатты білім беру гранты бар», - деп хабарлады министрлік. Ең көп таңдалған қала – Алматы, 42 мың талапкер өтініш берген. Елорданың оқу орындарында оқу үшін 22 мың өтініш, Шымкенттегі университеттерде оқуға 6,5 мың адам ниет білдірген. «Бірнеше жыл қатарынан талапкерлер ең көп сұранысқа ие оқыту бағыттары бойынша таңдауды өзгеріссіз жасап жатыр. Өтініштердің көпшілігі «Педагогикалық ғылымдар», «Инженерлік, өңдеу және құрылыс салалары» және «Ақпараттық-коммуникациялық технологиялар» сияқты бағыттарға берілді. Қабылдау науқанының нәтижесіне сәйкес болашақ тіс дәрігерлері, дипломаттар, мұғалімдер және психологтар арасында бір гранттық орынға ең үлкен конкурс күтілуде», - делінген ақпаратта. Гранттар тағайындау жөніндегі шешімді Республикалық конкурстық комиссия қабылдайды. Оның құрамына ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың және қоғамдық ұйымдардың өкілдері кіреді. Грант иегерлерінің тізімі ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің сайтында және @gylym_jogary_bilim телеграм-арнасында, www.testcenter.kz сайты (ҰТО-ның ресми сайты) және TESTCENTERKZ телеграм-арнасында 10 тамызға дейін жарияланады. Ал жоғары оқу орындарына қабылдау, әдеттегідей, 25 тамызда аяқталады.

29 шілде 2024 ж. 145 0

Жаңалықтар мұрағаты

«    Қыркүйек 2024    »
ДсСсСрБсЖмСбЖс
 1
2345678
9101112131415
16171819202122
23242526272829
30