Қазақстандық мектеп түлектері бакалаврды «Болашақпен» шет елде оқи алады
Қазақстандық талапкерлер бакалавр деңгейінде «Болашақ» бағдарламасымен шет елде ала алады. Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек айтты, деп жазады Qazaqstan Media.
Шет елде бакалаврды оқу мүмкіндігін беру туралы шешім былтыр қабылданған.
Республикалық комиссияның сол шешімін іске асыру үшін білім туралы заңнамаға өзгеріс енгізу қажет көрінеді.
«Былтыр жыл аяғына қарай Парламентке тиісті заң жобасын енгізгенбіз. Депутаттар қолдап, өз түзетулерін қосып, біз келіскенбіз. Үкіметтің қорытындысы парламентте жатыр. Парламенттің жаңа сессиясы басталғаннан кейін бұл іске қайта кірісеміз. Биыл заң қабылдануы керек. Осылайша «Болашақ» бағдарламасына «бакалавриат» санатын қайта қосамыз», — деді Саясат Нұрбек.
Бірақ «Болашақтан» үміткер бакалавр талапкері халықаралық олимпиадаларда жүлде алған, ғылыми конкурстарда жеңімпаз атанған болуы шарт. Ондай сайыстардың тізімін республикалық комиссия бекітеді. Сондай-ақ, өз күшімен әлемнің жетекші оқу орындарынан шақырту алған мектеп оқушылары да «Болашақ» бағдарламасына қатыса алады.